Мамандардың топшылауына қарағанда, Шымкент қаласы еліміздегі ең көне қалалардың бірі саналады. Оның тарихы 2200 жыл алдыңғы тереңнен басталады екен. Бұлайша қала мәдениетінің тамырын тереңнен тарту – Орта Азиядағы ең көне қала Афрасиабтан (Самарқан) кем түспейтін хронологияны қамтуы тиіс. Шымкент тарихын ғасырлар қойнауына сүңгітетін жәдігерлер – көне цитадель аумағы мен қала аумағындағы оба-қорғандар айналасынан табылған заттармен айғақталады. Бұлар – археологиялық ескерткіштер.
Ал, қала өркениетін көрер көзге ап-анық көрсететін сәулет ескерткіштері жоқтың қасы. Шымкенттегі көне сәулет ескерткіші дегенде, Ескі қаладағы ХІХ ғасырдың жарқын өкілі – «Жәми мешітті» ғана еске аламыз. Өзге көз сүрінер нысан жоқ. Бар болса, оның өзі берідегі ХХ ғасырға жатады. Дегенмен, сол ХХ ғасыр ескерткіштерін де алдағы уақытта жеке-жеке тоқталып, түгендейтін боламыз. Қолда бар дүниені көрсете алу да үлкен ізденісті талап етеді.
ЕСКІ ЗАМАНДА «ЖӘМИ» ДЕГЕН АТАУДЫ КЕЗ-КЕЛГЕН МЕШІТ ИЕЛЕНЕ БЕРМЕГЕН
Шымкенттің ең көне сәулет ескерткіші – Жәми мешіт дедік. Тұрғындар арасында «Ескі мешіт», «Қошқар ата мешіті», кейінгі кездері «Шыңғысбай Дәуітұлы мешіті» аталып жүрген мешіт қаланың сәулет ескерткіштері тізімінде осылай аталады. Сондықтан, мақаламызда осы дәстүрден жаңылмай, шартты түрде сол атаумен атай бергенді дұрыс санадық. Жалпы, «Жәми мешіт» деген атау не мағына береді десеңіз, мұндай атаумен ортағасырлардағы Орта Азияның үлкен қалаларында жұма намазы мен айт намаздары ұдайы өткізіліп тұратын, діни рәсімдерде үлкен жамағат жиналатын, дін ғұламалары тұрақты ұстап отыратын ірі діни орталықтарды атаған. «Жәми» деген – «жамағат» деген сөз ғой. Мұндай атауды кез-келген мешіт иелене бермегенін ескерсек, Шымкенттегі бұл мешіт өз заманында осы аймақтағы ең ірі діни орталық қызметін атқарғанын аңғаруға болады.
Жәми мешіттің ескі фотосы мен бастапқы жобасы
Мешіт Шымкенттің «Ескі қала» деп аталатын бөлігіндегі Амангелді көшесінің бойында, Қарасу өзені (Қошқар ата өзенінің көне арнасы) жағасында орналасқан. Мешіттің құрылыс формасы ортаазиялық Тәшкен-Ферғана сәулет стиліне жатқызылады. Ә.Дербісәлінің 2009 жылы жарық көрген «Қазақстан мешіттері мен медреселері. Рухани шамшырақтар (ІХ-ХХ ғ.ғ.)» деп аталатын еңбегінің дерегінше, бұл мешіттің құрылысы 1881 жылы басталыпты (1). Құрылымы жағынан қызметтік және діни рәсімдер өткізу ескеріліп салынған ауласы кең. Ауланың өзі мешітте адам саны көбейетін сәт туа қалса, діни салт-жоралғыларды атқара беруге бейімделген. Ертеректе аула ортасында көлеңкелі жүзімдік аспалары, құдық пен кішірек мұнара болса, қазір одан тек мұнара ғана қалған. Мешіт осы ауланың батыс жағында «Г» формасында күйдірілген кірпіштен салынған. Қапталдағы 2 қабатты ағаштан жасалған жабық террасалы айвандар кейіннен тұрғызылған. Сәулетші мамандардың «Тәшкен-Ферғана сәулет стилі айқын көрінеді» дейтін оюлы-ағашты құрылыстар осылар. Мешіттің ішкі көріністерінен де осы стилдің ерекшеліктерін айқын көруге болады. Мешіт – қасбетті композициялық мешіт-айван типіне жатады. Мешіттің ертеректегі құрылымы қысқы зал мен 2 қапталдағы жазғы айваннан тұрған екен. Басты фасады ортасында жеңіл ғана шығарылған 3 доғалы композициялық портал түрінде шешімін тапқан және бұрыштарында күмбез жабынды 2 кіші мұнарасымен айқындалған. Шатырдың ортасында биіктеу етіп жабылған күмбезі онша үлкен емес барабанның үстіне орналасқан. Мешіт интерьерінде жабынның ұстынды-күмбезді жүйесі (арочно-купольная система), ал айванында жалпақ арқалық түрі пайдаланылған. Қысқы залдың батыс тұсындағы қабырғасының ортасында орналасқан михрабының жиегі әдемі оюлармен бедерленіп, боялған. Қабырғалары мен ұстындар жақтауында өсімдік текті өрнектер мен араб қарпінде көркем жазылған жазулар болған (2).
Осындай жарқын сәулет ескерткішін салып, бүгінге қалдырған кім болды екен? Ол туралы интернет былай тұрсын, жазба әдебиеттің өзінде дерек жоққа тән. Тіпті, біз сөз етіп отырған Жәми мешіт туралы да бірді-екілі энциклопедиялық еңбектер ғана сараң мәлімет береді. Сол ақпараттарды бір ортаға жинап, жоғын ауызша деректермен толықтырып, бір ортаға жинақтауды ойладық. Осы ойдың жетегінде аталған мешіттің жауапты қызметкерлерінен сөз сұрасақ деп арнайы бұрылдық. Өзін Талғат Әлі деп таныстырған мешіт қызметкері сәулет ескерткіші туралы бар білгенімен бөлісті. Оның айтуынша, мешіт құрылысын Шығысбай қажы Дәуітұлы деген кісі 1881 жылы бастап, 1889 жылы ерте көктемде аяқтаған. Мешіттің сәулетшілері мен ұсталарын Тәшкен шаһарынан алдырып, құрылыстың басы-қасында өзі қадағалап отырыпты. Шыңғысбай қажы 1889 жылы мешіт құрылысын аяқтаған соң сол жылдың мамыр айында қажылыққа аттанып, қазан айында елге оралады. Қажылықтан келгесін 1890 жылы 78 жасында қайтыс болған екен. Қажы қайтыс болғанмен, мешіттің қалыптасуы мен дамуы тоқтамаған секілді. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, одан кейінгі кезеңде ойылған ағаш құрастырмалармен екі қабатты медіресенің құрылысы жүргізілген. Мешіт жамағаты мешітті ұстап тұру үшін қосымша шығындар шығындаған. Мешіт (айналасындағы құрылыстармен қоса) ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Кеңес өкіметі Шымкент қаласына орныққаннан кейінгі тәркілеу заманында үкімет меншігіне тартып алынып, 2-ші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін әскери казарма, комиссариат, милиция ғимараты қызметтерін атқарған. Тек соғыс аяқталып, жылымық жылдар орнағаннан соң ғана 1947 жылы тұрғындарға қайтарылып, мұнда діни рәсімдер өткізуге рұқсат етіліпті. Мешітті қазір де қаланың мұсылман жамағаты құрылымдық кешенімен қоса пайдаланып келеді. 2014 жылы мешіт ауласының оң жақ қапталындағы кейінгі замандарға тиесілі ағаш құрылымды медіресе ғимараты өртеніп кетіп, оның орнына заманауи ғимарат орын тепкен. Қазіргі кезде бұл нысанда мешіт базасында жұмыс істейтін медіресе мен тәліптердің жатын орны орналасқан.
ХІХ ҒАСЫРДА ҚАЖЫЛЫҚҚА АТТАНАТЫН КІСІ АЛДЫМЕН МЕШІТ САЛДЫРАТЫН ДӘСТҮР БОЛҒАН
Ескі қаладағы мешіттің қызметкерінен осы мешітті салдырған Шыңғысбай қажы деген кісінің тұлғалық қасиеті туралы сұрағанымызда, қажының шөбересі болып келетін Сейдахан дейтін қария кісіден толық мәлімет ала алатынымызды айтып, жөн сілтеді. Сейдахан ақсақал қазіргі уақытта Төле би ауданындағы Кемеқалған ауыл округінің орталығы Абай ауылында тұрса да, осы мешітке әр жұма сайын жұма намазына келіп тұрады екен. Ал біз жұманы күтпей ақсақалдың әңгімесін тыңдайық, әрі Шыңғысбай қажының жерленген жерін көзбен көріп, басына зиярат етейік деп Төле би ауданының Кемеқалған ауыл округіне жол тарттық.
Арнайы ат басын бұрып, Абай ауылына барғанымызда Сейдахан атай есігінің алдындағы жүзімнің қою көлеңкесінде дем алып отыр екен. Астана қаласында қызмет атқаратын баласы отбасымен ауылына келіп, немерелерінің ортасында улап-шулап жатқан үстінен түстік. Өзі бөтенді жатырқамайтын, әңгімешіл кісі екен. Көлеңкеге біз де жайғасып, әңгімесіне құлақ түрдік.
ХІХ ғасырда Шымкент уезіне қарасты аймақта дулаттың шегір руынан тарайтын Аманта аталығынан шыққан, көпке танымал Дәуітбай деген бақуатты кісінің Шыңғысбай, Байымбет, Қасым дейтін үш ұлы болыпты. Шыңғысбай қажы соның үлкені екен. Дәуітбай соншалық ірі дәулетті кісі болмаса да, одан тарайтын ұлдары шеттерінен бай-дәулетті болған. Мәселен, Шыңғысбайдың інісі Қасым бай туралы көптеген аңызға бермес әңгімелер айтылады. Солардың бірінде Қазығұрт тауының теріскейінен бастау алатын Текесу өзені бойын жайлаған ел Қасым байдың жылқысы суатқа түсер алдын ауыз суларын алып қалуға өзенге жүгіреді екен. Өйткені, байдың жылқысы суатқа құлаған сәтте, Текесу өзені суалып қалады деседі. Жылқысының көптігі туралы бұдан асқан суреттеу бола қоймас. Осыдан-ақ Дәуітбай әулетінің өз заманында дәуірлегенін білуге болатындай. Шыңғысбай қажы 1822 жылы осындай әулетте дүниеге келген. Жастайынан шаруашылық жүргізу мен білім алуға ден қойыпты. Діннен хабары терең болып, мешіт ұстап, имамдық істеген ілім-білім қонған кісі екен. Шыңғысбайдан 6 бала: бәйбішесінен Өтен, Мәтқұл, Мәулен, Маннан деген 4 ұл тараса, тоқалынан Мамыт пен Мадияр тарайды. Мамыттан Ермаханбет, Түймаханбет, Әбдімомын тармақталса, Түймеден Сейдахан атайдың шаңырағы екен. Сонда бұл кісі – Шыңғысбайдың төртінші ұрпағы, шөбересі болып шығады. «Өтен атамыздың моласы Шымкенттегі ескі автовокзал маңында, қазір «Жамалбек қажы» сауда орталығының орнында еді. Сырып алып тастағанда Қасқадағы мұсылман моласына қайта жерлегенбіз» деп ақсақал Шыңғысбайдың Шымкенттегі балаларының соңғы қоныс-ізін еске алды. Ақсақалдың айтуынша, бүгінде Шыңғысбай қажының ұрпағы өсіп-өніп, толықтай дерлік осы ауылда шоғырланған. Бір ауыл елге айналып, 100 түтінге жетіп отыр екен.
Шыңғысбай қажының дәуірінде қажылыққа барудың өз талап-қиындығы болған деседі. Мекке қаласының шайхысы арнайы жарлық шығарып, қажылыққа келетін кісілердің мұсылмандығы елдеріндегі мешіттің бар-жоқтығымен бағаланыпты. Ал қажылық рәсімі жасалатын Әл-Харам мешітіне мұсылман еместерді кіргізбейтіні белгілі. Көшпелі қазақтың жайлауында мешіті болмағандықтан, біздің елдің қажылықтан үміттілері өзбек пен сарттың қатарында барған деседі. ХІХ ғасырдың соңында қазақ даласынан қажылыққа аттанатын бай-сұлтандар бас қосып ақылдасады да, қазақты мұсылман жұрты санатына жататынын дәлелдемек боп, өз уездерінен мешіт құрылысын бастайды. Абайдың әкесі Құнанбай уезд орталығы болған Қарқаралыда мешіт салуды бастап береді де, барша қазақ даласының түкпір-түкпірінде сол құрылыптас мешіттердің тізбекті құрылыс шеруіне ұласады. Шымкенттегі Жәми мешіттің құрылысы да сол науқанның ықпалымен басталып кеткен. Мешіт құрылысын бітіре салысымен Шыңғысбай қажының Меккеге қажылыққа аттануы бұл сөзді растайтын секілді. Осыған қарағанда, Шымкенттің ортасындағы Жәми мешіт – тек діни рәсім өткізетін қатардағы мешіт қана емес, қазақтың мұсылман жұратына жататынын дәлелдеген символикалық мәні бар нышандардың қатарында болып тұр емес пе?
ЖӘМИ МЕШІТТІҢ КІРПІШТЕРІНЕ ШЫҢҒЫСБАЙ ҚАЖЫНЫҢ МӨРІ БАСЫЛҒАН
Сейдахан атай бастап, Шыңғысбай қажының жерленген жеріне барып, қажы әруағына зиярат еттік. Айналасы көне қорым екен. 1890 жылы қайтыс болғаннан кейін қазіргі Абай ауылынан оңтүстікке, Қазығұрт тауына қарай 2 шақырымдай қашықтағы жерге жерленіпті. Күнбатыс тұсындағы сайда Текесу (Қошқарата) өзені және тау жақ бетінде кішірек бұлақ ағып жатыр. Мола 2019 жылы жаңадан салынған кішірек суқойманың жоғары жағында тұр. Қажының ұрпақтары моланың айналасын қоршап қойыпты. Оған дейін қоршаусыз тұрған сәтінде мал жайылымына айналып, аяқасты таптаурын болған екен. Сейдахан атай Шыңғысбай қажының басына ертеректе қойылған Самарқанның көктасынан қалған жұрнақты көрсетті. Өзі кішкентай ғана жіңішкелеу тас. Бұрын ол ұзын болған екен. Мола қоршаусыз болған тұста көктас екіге бөлініп сынып қалған, кейіннен тастың жазуы бар жағы жоғалып кеткен. Сейдахан ата тас сынығы жоғалардың алдында әлгі тастағы жазуды дін мамандары мен облыстың имамдарына көрсеткенін айтты. Оқи алмапты. Ал қазіргі қалған кішкентай бөлігінде жазу сақталмаған. Атай осы арада бір қызық әңгіменің шетін шығарды. «Менің атам – Мамыт бір күні аяқасты болып жатқан көктасты сақтап қалу үшін үйге алып келіп қойыпты. Бір күні түнде ұйықтап жатқан сәтінде әкесі түсіне еніп, тасты орнына қоюды бұйырған. Ертесіне таң ата салысымен орнына апарып қойдым деп отыратын» деп ақсақал көктасты еске алды. Ал тас бетіндегі көне жазу бейнесі тіпті фотосуреттерде де сақталмаған екен.
Шыңғысбай қажының шөбересі Сейдахан атай мола басындағы көктастың сынығын ұстап тұр
Кеңес заманындағы кәмпескелеу мен қудалау нәубетінен Шыңғысбай қажы әулеті де шет қалмапты. Шыңғысбайдың інісі Қасым бай Кеңес өкіметі орнағанға дейін Шымкент уезіндегі ең бай қазақ болыпты деседі. Ел аузында ол кісі туралы аңыздар көп. Соның бірінде Сайрамдағы шайханада Шымкент уезінің бай-болыстары бас қосып қалады да, Қасым бай «осы уездегі 6 базардың барлығында тұрған малды нақты ақшаға сатып аламын» деп бәс тіккенде, байлардың ешқайсысы бәске шыдамапты деседі. Кәмпескелеу мен бай-құлақтарды қуғындау заманы келгенде Қасым бай бар малын ауылдағы туысқандарына таратып береді де, бір тайды құдайы атап сойып, сандығындағы қағаз ақшасын өртегенде тайдың еті пісіпті дейді аңыз. Ол дәуірде де инфляцияға шыдамды жалғыз қор – алтын болған. Бар алтын қазынасын бір түнде киіз бен кілемге орап, түйелеріне артып алады да, Түркіменстанның құмына ауып кетіпті. Араға бірнеше жыл уақыт салып Қасымбай туған жеріне оралған. Елді ашаршылық қысып жатқан кез екен, жалғыз өзі жалаңаяқ, тозған киімі жалбырап келеді де, өзінің ескі қазақы қоржынтамына кіріп құлайды. Туған-туысы жиналып, бастан кешкені, қайда барғаны, қазынасы туралы сұрағанда жақ ашпаған. Тек, сол оралғаннан көп ұзамай көз жұмарының алдында қайта сұрағанда, «Қаратас…» деп сөзін бастап келе жатқан сәтінде демі үзілген екен. Содан Қасымбайдың қазынасы қай жерде жасырылғанын ешкім білмейді. Осы оқиғадан кейін Шыңғысбайдың кіндігінен тарайтын тікелей ұрпақтары да үш әріптің «мешіт салған қажының ұрпағы» деп қуғындауынан қауіптеніп, бір түнде Шымкенттегі мешіт қабырғасында қажының аты-жөні жазылған тас тақтаны таспен ұрып өшіреді. Шыңғысбай қажының мешіт салдырғаны туралы деректің соңғы кезге дейін табылмауының сыры да сол қуғын-сүргін астарында жатыр. Сейдахан атаның айтуынша, ескі мешітті Шыңғысбай қажы салдырғанының дәлелі ретінде тек ұрпағының және тұрғындардың ауызша деректерінен бөлек, мешіт михрабына басылған қажы мөрінің табы болған екен. Ол мөр ізі өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін сырт көзден елеусіз тұрған, ол туралы тек бірді-екілі кісілер ғана өзара сыбырласып айтқан деседі. Сейдахан ақсақал тағы бір дәлел ретінде мешіттің бұрыштарындағы кіші мұнараларына қаланған кірпіштердің кейбіріне қажының сол мөрі қашалғаны туралы дерек барын айтты. Қазір мешітті зерттеп жүрген кісі болмағандықтан, қабырға кірпіштері аршылып, ол дерек нақтыланбаған. «Шыңғысбай қажының мөрі туралы деректі бір білсе, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары сол мешітте ең бірінші имам болған Ғалымжан деген жігіт біледі. Ол қазір Таразға ауысып, сол жақта имам қызметін атқарады екен. Реті келіп, сол жігітке жолықсам, біраз нәрсе ашылар еді» деп ақсақал ішкі тілегін жеткізді.
Мешітті Шыңғысбай қажы атына қайтару да оңайға соқпады дейді ақсақал. Сол мақсатта қажы ұрпақтары ауызбіршілік танытып, қажетті деректерді жинап, 5 жыл сабылып жүріп ат салысады. Кезінде «Қазақстан мұсылмандары» діни басқармасының мүфтиі болған Рәтбек қажы Нысанбайұлының ықпалымен мәселе шешімін табады да, 2000 жылдан бастап көне мешіт аты Шыңғысбай қажы атына қайта беріледі. Оған дейін мешітті сақтап келген, ұстап отырған шымкенттік өзбек бауырларға қажы ұрпақтарының айтар алғысы көп. «Алдағы уақытта мешіт алдынан үлкен тақтайша орнатып, Шыңғысбай қажы туралы мәліметтер жазып қоюды және бір бөлмесін тарихи музейге айналдыруды ойлап отырмыз» дейді ақсақал.
Қажы ұрпақтары 2018 жылы қаржы топтастырып, мешіттің тозып кеткен ішкі бөлігіне жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қаржыны жинау, ұйымдастыру мен жөндеу жұмыстарының басы-қасында Сейдахан ақсақалдың өзі жүріпті. Сылау, сырлау жұмыстары, тіпті едені мен кілемін де ауыстырған. Бір әттеген-айы, сәулет ескерткішін реставрациялау тәртібін білмеген болып шықты. ХІХ ғасырға тән бояулар жөндеу кезінде осы заманғы сырдың астында қалған. Көне жәдігерді сақтау, оларды жөндеу тәртібі туралы ешкім ескертпеген. Қаладағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру орталығы жөндеу жұмыстарынан хабарсыз болса керек. Мешіттің михрабы, жабыны, ағаш ұстындар мен имам мінберіндегі қайталанбас түрлі-түсті өсімдік текті өрнектер сонымен жойылған болып шықты. Қазір тек михрабының жиегіндегі бедерлі өрнектер ғана сақталып тұр. Дұрыс пайдаланбаса, жақсы ниеттің де тигізер кесірі болатынының бір көрінісі осы.
«Қызмет» газетінің алдыңғы нөмірлерінің бірінде Шымкент қаласындағы туризм саласына жауапты басқармасының басшысымен сұхбатымызда Ескі қаланың туристік потенциалына тоқталғанбыз. Егер, сол жоба жүзеге асар болса, Жәми мешіттің де екінші тынысы ашылып, туристік әлеуеті арта түседі деген сөз. Көне мешіт қайта салынатын Ескі қаланың нысандарымен қосылып, бірыңғай архитектуралық ансамбль құрайтын кешенге айналмақ. Бәлкім, сол кезде Жәми мешіт Шымкенттің тарихи туристік келбетін арттыратын магниттік ядроларының бірі болу мүмкіндігіне ие болатын шығар. Оны алда уақыт көрсетер. Дегенмен, Жәми мешіт ғимараты бүгінгі таңда Шымкент қаласының сәулет ескерткіштері көшін бастап тұрған көне нысан екені анық.
Дәурен Ташқараев, Ш.Дәуітұлы атындағы мешіт-медіресесінің ұстазы:
«ҚАЗІР БҰРЫНҒЫ ЕСКІ ҚАЛА ЖОҚ, ЖАҢАРҒАН. МЕШІТТІҢ АУЛАСЫ ДА, ҚҰРЫЛЫМЫ ДА ӨЗГЕРГЕН»
Жәми мешіттің тарихи-мәдени ескерткіш ретіндегі құндылығын нақтылай түсу мақсатымен қазіргі Шыңғысбай қажы мешітінің қызметкерлерін сөзге тарттық. Мүмкін, біз естімей қалған өзге де бір сырдың шеткі жіптігі табылып қала ма деген дәме ғой. Осылайша, өзін Дәурен Ташқараев деп таныстырған мешіт қызметкері, медіресе ұстазының сөзіне құлақ түрдік. Ол кісі былай деп көсілді:
– Мен осы мешіттің жанынан ашылған медіреседе 1990-1994 жылдар аралығында оқып, білім алғанмын. Қазір мұнда тұрақты келіп тұрамын, медіреседе балаларға сабақ беремін. Бұл мешіт – Шымкент қаласындағы ең ескі мешіт. 1960 жылдары бала кезімізден білеміз, алдындағы аулада жүзімдік, бау-бақша болатын. Мына тұста ағаштан жасалған тапшандар (беседка) болса, анау тұстағы мұнараның қатарында құдық болатын.
Ол кезде жұма намаз оқитын атамыздың есегіне мінгесіп, сонау Ақжардан апта сайын келетінбіз. Мешіттің жоғарғы жағындағы Қарасудың жағасында шайханалар болатын. Атамыз намаздан шыққасын ақсақалдармен қауқылдасып, сол шайханада шай ішіп, қымыз сапырып отыратын. Ал, біз ол кезде ойын баласымыз, ойын қуып, есек жарыстырып дегендей көшені шаңғытушы ек. Ол кезде мына Амангелді көшесі асфальт емес, май топырақ еді. Ескіде автовокзалдан түсетін көшеден оңға бұрылған жерде базар болатын. Ол төңеректі неліктен екенін білмеймін, «Балахана» деп атайтын. Базарға жетпей, мешітке жақын шайханадан әріректе бұлақ бар еді. Қазір де бар ғой, дүкендерден кейінгі көше бойында құбырдан ағып тұрады. Сол бұлақтан есек суаратынбыз, жанында ат пен есек байлайтын орын болушы еді. Қазір өзен жағасындағы шайханалар жоқ, олардың бірсыпырасы жеке тұрғын үй болса, кейбіреулері ұстахана болып тұр. Көбі өзгерді, жаңарды, бұрынғы Ескі қала жоқ қазір. Мешіттің ауласы да, құрылымы да өзгерді.
1990-шы жылдары біз оқыған кезде «Қошқар ата мешіті» деп аталатын. Кейіннен архивтерді ақтарып, 2000 жылдан бастап «Шыңғысбай қажы мешіті» деп атала бастады. Мешіттің сәулетшілері мен ұсталары кім болғаны туралы дерек жоқ. Құрылыс келбетіне қарағанда Тәшкеннің ұсталары салған сияқты. Алдыңғы жылы А.Мырзахметов мырзаның бастамасымен жаңа медіресе салынса, 2018 жылы мешіттің ішкі бөліктеріне де жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу жұмыстарын Шыңғысбай қажының ұрпақтары өз қаражаттарына жүргізген болатын. Үш қабатты жаңа медіресенің ішінде асханасы, жатахқанасы, оқу бөлмелері де бар. Демеушілер есебінен медіресеге көмектер жасалып тұрады,-деп осы мешітке атасының ешегіне міңгесіп келетін балалық шағы мен мешіт жанындағы медіреседе білім алған жастық шағын еске алды.
P.S.: Шым шаһардың көне заманнан жеткен сәулет ескерткіштерінің басын бастайтын Жәми мешіт ескерткіші туралы жиғанымыз осы болды. Бұған дейін тарихи-мәдени ескерткіштер туралы еңбектерде, интернет желілерінде бұл нысан туралы толыққанды дерек табылмайтын еді. Ендігі уақытта Шымкент қаласының тарихынан сыр шертетін мұнаралы сәулет ескерткіші туралы деректі материал оқырман назарына жол тартты. Алдағы уақытта осы тәртіппен, осы дәстүрмен шырайлы қаламыздың талай құпиялы мекендерінен мәзір тартылатын күнге де жетерміз. Сәттілік болғай!
Сілтемелер:
(1) Ә.Дербісәлі, «Қазақстан мешіттері мен медреселері. Рухани шамшырақтар (ІХ-ХХ ғ.ғ.)». – Алматы: «Аруна», 2009
(2) Свод памятников истории и культуры Казахстана. Том 1 Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1994, 59-бет.
|
Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ |
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы |