ШЫМКЕНТТЕГІ КЕШЕНДІ ШАРАЛАР: ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ПЕН МАНИПУЛЯЦИЯҒА ҚАРСЫ ТОСҚАУЫЛ – МАҢЫЗДЫ ШАРУА!

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Жалпы, биылғы 2025 жылдың көлемінде ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздік мәселесі әлемдік деңгейде ең негізгі назарға алынғаны белгілі. Бұл процес біздің Қазақстанға да, оның ішінде әрине қалалық мәдениет қалыпасып қарқынды дамып келе жатқан мегаполисіміз Шымкент қаласына да тікелей қатысты екені түсінікті. Ақпараттық манипуляция, жалған деректер мен фейк жаңалықтардың таралуы қоғамда сенімсіздік туғызу, әлеуметтік араздық тудыру, тіпті мемлекеттік қауіпсіздікке де қауіп келтіруі мүмкін. Осыған байланысты, Шымкент қаласында жалған ақпаратпен күресу және ақпараттық иммунитетті қалыптастыру бағытында бірқатар нақты әрі нәтижелі жұмыстар қолға алынып отыр. Бұл туралы кеңінен тарқатып айтар болсақ.

Биылғы 2025 жылы Шымкент қаласының әкімдігі, БАҚ өкілдері, құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары және үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп, «Шынайы ақпарат – сенімді қоғам» деп аталған кең ауқымды жобаны іске қосты. Бұл жоба ақпаратты тексеру мәдениетін қалыптастыру, азаматтарды дереккөздермен жұмыс істеуге үйрету және фейк контенттің алдын алу, бағамдау мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Әсіресе, оқу орындарында, оның ішінде мектептер мен университеттерде ақпараттық гигиена, медиа-сауаттылық және критикалық ойлау сабақтары енгізіліп отыр. Жастарға жалған жаңалықтарды ажырату, тану, білу, манипуляциялық тақырыптардан сақтану, әлеуметтік желілерде жауапкершілікті түсіну, жауапты әрекет ету сияқты маңызды дағдылар үйретіліп отыр екен. Бұл жұмысқа өңірлік танымал журналистер мен медиа саласындағы сарапшылар да тартылып отыр.

Бұған қоса, осы салдағы белді жоба ретінде Шымкент шаһарында арнайы құрылған «Fact-checking орталығы» 2025 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс істеп келетінін тілге тиек ете кету керек. Бұл орталықтың қызметі – әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таралған даулы немесе жалған ақпараттарды бағамдау, сараптау, талдау, тарқату және ресми түрде жоққа шығаруды мақсат етеді. Fact-checking материалдары қалалық сайттарда, телеграм арналары мен мектеп парақшаларында тұрақты жарияланып отырады. Бұл шара қала тұрғындары арасында сенімді әрі шынайы ақпарат көздерін қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Осы жоба аясында біршама шаруалар қолға ланыпы, қалалық полиция департаменті мен прокуратура жалған ақпарат тарату фактілеріне жедел әрекет ету тетіктерін күшейткен. Биылғы 2025 жылдың алғашқы тоқсанында құқық қорғау органдарына тек Шымкент қаласы бойынша ғана жетпіске жуық жалған ақпарат тарату дерегі тіркеліп, олардың бірқатары бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қабылданғаны белгілі.

Биыл медиа-сауаттылықты арттыру бағытында қалада «Тексер, сосын бөліс!», «Ақпарат – жауапкершілік», «Фейкке жол жоқ» атты челлендждер, пікірталас клубтары, онлайн марафондар мен тренингтер, басқа да шаралар ұдайы өткізіліп келеді. Бұл бастамаларға мектеп оқушылары, студенттер, ата-аналар мен мұғалімдер де белсенді қатысып жатыр.

Биылғы 2025 жылдың тағы бір жаңалығы ретінде Шымкент қаласының қоғамдық көлік, мемлекеттік мекемелер мен халық көп жиналатын орындарында жалған ақпараттың жеткізетін салдары мен оны анықтау жолдары туралы цифрлық бейнероликтер мен инфографикалар орнатылуын айтуға болады. Бұл жұмыстар тұрғындардың күнделікті өмірінде ақпараттық иммунитетті арттыруға бағытталған нақты шаралардың бірі болып саналады.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласы еліміздің оңтүстік өңірінде ғана емес, бүкіл республика көлемінде деп айтайық, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен медиа-мәдениетті қалыптастыруда үлгі боларлық тәжірибеге ие болып отыр. Жалған ақпарат пен манипуляцияға қарсы тосқауыл тек мемлекеттік органның міндеті емес, әрбір азаматтың, әрбір ата-ананың, әрбір баланың ортақ жауапкершілігі екенін ұғындыру – бұл бағыттағы жұмыстың басты қағидаты, ұстанымына айналуы тиіс. Ақпараттың еркіндігі мен шынайылығы – қоғам тұрақтылығының кепілі. Ал, Шымкент шаһары болса, сол тұрақтылықты сақтауда нақты ісімен үлгі болып отырғаны сөзсіз.