ШЫМКЕНТТЕ АБАЙДЫҢ ҰРПАҒЫ ТҰРАДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының қақ ортасында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы атымен аталатын саябақ барын білерсіз. Сол саябақта орналасқан Шымкент қалалық музейлер бірлестігіне қарасты «Хакім Абай» музейі бөлімінің қызметкерлері Абай Құнанбайұлының ұрпағы Дүтбаева Айгүл Мүштарқызымен жүздесті.   

Айгүл апамыз Абайдың қандай ұрпағы екенін айтып өтетін болсақ, Абайдың бірінші әйелі Ділдәдан Күлбадан есімді қыз дүниеге келген. Күлбаданды атақты бай Дүтбай деген болыс өзінің інісіне айттырып әперген екен. Інісі қайтыс болғаннан кейін әмеңгерлік жолмен Күлбаданға Дүтбайдың өзі үйленген. Күлбадан Дүтбайдан екі ұл, екі қыз сүйген. Олар – Мұхтар, Мүштар, Хадиша, Мәрия. Мүштардан Айгүл және Мақсат туылған.

Музей қызметкерлі жүздескен Айгүл апамыз 1937 жылы дүние келген.  Кәмпеске кезінде Мүштар Семейден Қытайға өтіп кетпекші болған, алайда шекарадан өте алмаған. Содан, қуғын-сүргінге ұшыраған Мүштар отбасымен Шымкентке бас сауғалап келеді. Мұнда да тыңшылар тыныштық бермей, 1937 жылы үйінен «халық жауы» деп ұстап алып кеткен. Сол кезде қызы Айгүл 3 айлық болған екен. Қазіргі таңда Айгүл апамыз шырайлы Шымқаламызда тұрып жатыр. Атасы Абай 180 жасқа келсе, шөбересі Айгүл апамыз бүгінде 88 жасқа шығып отыр. осылайша, ұлы ақын ұрпағымен жүздесіп, әңгімесін тыңдау бақыты бұйырды.

 

Н.Төлеева

«Хәкім Абай» музейінің ғылыми қызметкері