ШЫМКЕНТТЕ Б.МОМЫШҰЛЫНА АРНАЛҒАН ҮШ ЕСКЕРТКІШ БАР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Жалпы, әр елдің, әр қаланың өзінің жақсы көретін тарихи тұлғасы болады. Шымкент қаласының сүйікті тұлғасы – Бауыржан Момышұлы ма екен деп ойлап қаласың. Олай дейтін себебіміз, қалада Бауыржан атамыздың құрметіне қойылған естелік-ескерткіштер көп. Шаһар ортасындағы ең көрікті көшелердің бірі – Бауыржан Момышұлы атымен аталатынын еске алсақ, соның өзі неге тұрады? Одан басқа, үшінші мегаполис атанған қалада төрт ескерткіш: оның ішінде ҮШ ЕСКЕРТКІШ (толық мүсіні, бюстімен қоса), бір ескерткіш тақта орнатылған. Одан өзге де оның есімімен аталатын бірнеше нысандар бар. Енді осыларға рет-ретімен тоқталсақ.

ҚОЛЫНА ҚЫЛЫШ ҰСТАҒАН ЕСКЕРТКІШ

Кеңестер заманындағы Шымкент қаласында Косманавтар дағылы (проспект Космановтов) деп аталатын ірі көше болды. Бұл көше 1991 жылғы Тәуелсіздік алған жылдары көшелердің қайта атау беру науқанымен Бауыржан Момышұлының атына берілді. Қала көшелерін қайта атау туралы бастаманың басында сол кездегі «Қазақ тілі» қоғамының бюро мүшелері, тіл жанашырлары жүрді. Бұрынғы Космановтар даңғылының Б.Момышұлы атына берілуінің басты себебі, осы көшеге жақын тұста батыр өзі оқыған Қ.Сыпатаев атындағы №7 орта мектеп орналасқан болатын. Қазіргі таңда бұл даңғылдың жалпы ұзындығы – 4 шақырымнан асады, орталық Әл-Фараби алаңынан бастап, Т.Рысқұлов көшесін жалғап жатқан қаланың негізгі магистральді үлкен көшелерінің бірі саналады.

Б.Момышұлы даңғылының бойында бірнеше қоғамдық-мәдени нысандар орналасқан. Әл-Фараби ескерткішінен бастап, Б.Момышұлы ескерткіші, «Мирас» және М.Әуезов атындағы университеттердің оқу корпустары, «Қызғалдақ» субұрқағы, «Жастар» аллеясы, Абай кітапханасы, «Халық банк» бөлімі, «Абай» саябағы, Абай ескерткіші, Мемлекеттік кірістер басқармасы, «Шымкент» циркі, Ұлттық теннис орталығы секілді көпшілікке арналған орындар, ескерткіштер, демалыс орындары, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, басқа да қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар, қонақ үйлер, сауда үйлері, және басқа да мекемелер орын тепкен.

2004 жылы Б. Момышұлы мен Тәуке хан даңғылдарының қиылысындағы, қазіргі «Мирас» университетінің оқу корпусының (ол кезде А.С. Пушкин атындағы облыстық әмбебап кітапхана ғимараты) алдындағы ашықтау алаңқайға БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІ орнатылды. Бұл ескерткіш «Ұлы Отан» соғысының ардагері, жазушы, Кеңес Одағының Батыры және Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған. Ескерткіш қазақ халқының даңқты ұлына құрмет көрсетіп, оның ерлігі мен тұлғалық қасиеттерін насихаттауды мақсат етеді.

Мүсінде Бауыржан Момышұлы үлкен тастың үстінде отырған күйде бейнеленген. Ол екі қолымен сол жағында орналасқан қылышына сүйеніп, арқасын кеңге жайып отыр. Оның үстінде әскери шинель бар. Мүсін түсті металдан жасалған, ішкі бөлігі бос. Ескерткіш күрең-қызыл граниттен жасалған үш деңгейлі тұғырға орнатылған: бірінші тұғырдың биіктігі – 0,15 метр, көлемі – 5,1 х 7 метр; екінші деңгейдің биіктігі – 1 метр, көлемі – 2,8 х 3,2 метр; үшінші, мүсін орнатылған тұғырдың биіктігі – 0,30 метр, көлемі – 2,5 х 2,5 метр. Тұғырдың алдыңғы жағында қара гранит тақтада «Бауыржан Момышұлы» деген жазу бар. Тақтаның өлшемі – 0,90 х 0,60 метр. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 3,4 метр.

Ескерткіш орнатылған көшенің ескі атауы Космонавтар даңғылы болатын. 1991 жылы 6 тамызда Шымкент қалалық атқару комитетінің шешімімен бұл көшеге Б. Момышұлы есімі беріліп, 2004 жылы ескерткіші орнатылды. Кейін, 2017 жылы мүсінге қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

БУЫРҚАНҒАН РУХЫ ТАСҚЫНДАП ТҰРҒАН БАТЫР МҮСІНІ

 Бауыржан Момышұлына арналған ЕКІНШІ ЕСКЕРТКІШ – Шымкент қаласы, Т.Рысқұлов көшесі бойындағы Ішкі істер министрлігінің Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының алдындағы алаңқайда орналасқан. Мүсінді 1996 жылы Н. Рүстемов пен Д. Әлдеков жасаған. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 5,5 метр. Тұғыры 3,5 метр, бюсттің биіктігі 2 метр. Ескерткіштің тұғыры биік етіп бетон материалдан құйылған, ал бюсттың материалы қола. Тұғырының етек жағында сатылы баспалдақ секілді алаңқайлар жасалған.

Мүсінде батыр қолын сермей келіп, қолын жұдырықтай түйе ұстап, лезде кеуде тұсына төтеннен қапсыра жинай қалғандай қозғалысты күйде кейіптелген. Мүсінде батыр үстіне әскери шинель және басына әскери қалпақ киген. Ескерткіште негізгі кейіпкер денесінің беліне дейін қашалған, белінен төмен қарайғы бөлігі тұғырмен тұтастырыла бейнеленген.

Батырдың мүсіні көше жақтан қарағанда аса бір салтанатты, кеудесі рухқа толы, екпіндете қолын сермей келе жетқандай кейіпте тұр. Мүсінге қарай қалсаңыз, ішіндегі буырқанған қайрат-күші мен рухы тасқындап тұрғандай тым шынайы бейнеленген. Алдына келген адам батыр бейнесіне қарау үшін басын еріксіз жоғары көтере қарау керек. Бұл тұрғыда мүсін авторлары ұтымды шешім қабылдағаны сөзсіз.

Биыл Ішкі істер министрлігінің Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының құрылғанына 50 жыл толып отыр. 1974 жылы құрылған оқу орталығы жарты ғасыр бойы Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтын маңызды білім беру мекемесіне айналды. Орталық өз тарихында құқық қорғау саласының қызметкерлерін оқыту мен даярлауға инновациялық тәсілдерді енгізетін заманауи білім беру платформасы ретінде танылды.

Орталықтың тарихына кішірек тоқтала өтсек, КСРО ІІМ-нің 1974 жылғы 9 тамыздағы №0613 бұйрығына сәйкес, ІІМ Шымкент орта арнаулы басшы кадрлар даярлау мектебі құрылды. Мұнда КСРО-ның Орта Азиядағы бес одақтас республикаларына мамандар дайындады. Қазақ КСР ІІМ-нің 1991 жылғы 5 тамыздағы бұйрығына сәйкес, Шымкент орта арнаулы басшы кадрлар дайындайтын милиция мектебі болып қайта құрылып, әкімшілік-құқықтық және еңбекпен түзету мамандықтары бойынша орта білікті заң мамандары дайындалды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы  18-қыркүйектегі №1136-51 «С» Қаулысымен ІІМ Шымкент заң колледжі болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 4 тамыздағы №438 Қаулысына сәйкес Шымкент заң колледжіне Кеңес Одағының батыры Б.Момышұлының есімі берілді. 2011 жылдың 26 шілдесінде оқу мекемесінің жүйесін жетілдіру мақсатында, ішкі істер органдарының кадрларын Қазақстан Республикасының Үкіметінің №855 Қаулысымен заң колледжі базасында Қазақстан Республикасы ІІМ Оқу орталығы құрылған болатын.

Б.МОМЫШҰЛЫ ШЫМКЕНТТЕ ОҚЫҒАН

Бауыржан Момышұлының өмірдерегінде Шымкент қаласымен байланыстыратын тағы бір тағдыр сызығы бар. Мүмкін, Шымкенттің батырды мұнша жақсы көруінің себебі де сол ерекшелік болар. Ол туралы сөз қозғамас бұрын, батырдың өмірдерегіне тағы бір көз жүгірте өткен жөн шығар:

Бауыржан Момышұлы 24 желтоқсан 1910 жыл – 10 маусым 1982 жылдар аралығында өмір сүрген. Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик. 1941 жылдың қарашасынан бастап Батыс майданындағы 16 армияның 8-гвардиялық Қызылту атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкінің  Гвардия полкі және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты.

 Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 27 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколамск тас жолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады. Бауыржан Момышұлы – әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді.

Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.

Бұл интернет білетін кез-келген қазақтың желіні ақтара қалса алдынан шығарып беретін wikipedia.org ашық электронды энциклопедиясының дерегі. Енді осының Шымкентпен үйлесетін тұсы қай жер дейсіз бе? Оның балалық шағы ғой.

Бауыржан Момышұлы туған Жуалы өңірі соғысқа дейінгі кезеңде орталығы Шымкент қаласы болған Оңтүстік Қазақстан облысына қараған, соғыстан кейін Жамбыл облысына берілген. Сондықтан болар, бала Бауыржан жасы он төртке шыққан шағында Шымкентке келіп білім алыпты. Ол алдымен 1921 жылы бастауыш класты оқуға Асадағы интернатқа түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта қазаққа аты мәлім Әбділда Тәжібаев пен Құрманбек Сағындықовтар оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітірген соң Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі.

Бауыржан Момышұлы оқыған мектеп бүгінде Кеңес Одағының батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 мектеп-лицей деп аталады. Мектепке бара қалсаңыз, мектептің сол жақ қапталындағы оқу ғимаратының қабырғасында осы жерде Б.Момышұлы оқығаны туралы ескерткіш тақта орнатылған. Міне, бұл ескерткіш тақта – батырдың Шымкент қаласында орнатылған ҮШІНШІ ЕСКЕРТКІШІ десе болады.

Қарсыбай Сыпатаев атындағы мектеп-лицейі ең алғаш 1918 жылы ұйымдастырылып, ашылған. Бұл жағынан мектепті қаладағы ең көне мектептердің қатарына жатқызса болады. 1918 жылы мектеп алғаш ашылған кезде 1 мұғалім 22 оқушыға дәріс берген екен. 1920 жылы мектепке А.С.Пушкин аты берілді. 1921 жылы №1 «Қырғыз коммуна мектебі» болып қайта құрылады. Бауыржан Момышұлының шәкірт болып мектеп табалдырығын аттайтын кез осы тұс. 1928-1935 жылдары мектеп ғимараты Совет (қазіргі Қазыбек би) көшесі №5 үйде орналасты. 1935 жылы 7 жылдық орта мектеп болып қайта құрылды. 1936 жылы Коммунистік (қазіргі Тәуке хан) даңғылындағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциялық үйіне көшірілген. 1937-1938 жылдары мектеп 10 жылдық қазақ орта мектебі болады. 1943 жылы мектепке майданда өшпес ерлік көрсеткен Кеңес Одағының батыры Қ.Сыпатаев есімі беріледі. Мектеп 1948 жылы Ғ.Тоқаев көшесіндегі №17 үйге көшті. 1947-1951 жылы Қазақ ССР Орталық кқмитетінің бірінші хатшысы Шаяхметовтың қамқорлығымен мектеп жанынан интернат ашылды. 1962 жылы мектеп Ленин (қазіргі Республика) даңғылындағы №3 оқу ғимаратына көшіріледі. Ал, 1978-1979 жылдары мектеп жанынан 500 орындық қосымша мектеп құрылыс жүйесі жүзеге асырылды. 1990 жылы мектепте Б.Момышұлына арналған мемориалдық тақта орнатылды.

БАТЫР МҮСІНІНІҢ ҚАРАҒАН КӨЗІ ӨҢМЕНІҢНЕН ӨТЕДІ

Шымкент қаласында Бауыржан Момышұлына қатысты тағы басқа да нысандар бар. Оның қатарында бір ғана Еңбекші ауданы аумағында екі бірдей мектеп Б.Момышұлының атымен аталады.

Оның біріншісі – 2017 жылы қала аумағының ұлғаюымен Шымкентке Төлеби ауданынан қосылған №120 Б.Момышұлы атындағы орта мектеп. Мектептің қазіргі орналасқан мекен-жайы: Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Тоғыс тұрғын үй алабы, Керуен сарай көшесі №2В үй. Қазіргі таңда мектеп директоры Абылбаева Васила Ибрагимқызы. Бұл жалпы орта білім беретін мектебі 1947 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Бүгінде мектепте 166 педагог қызмет етсе, 2 мыңға жуық бала білім алып жатыр.

Екінші мектеп – Б.Момышұлы атындағы №44 жалпы орта мектеп. Бұл жалпы орта мектебі 1973 жылы қазақ және орыс мектебі болып ашылған. Орналасқан жері: Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, ​Сапарбаев көшесі, 206/1​1 үй.  Пайдалануға 1973 жылы берілген, мектеп жалпы 1200 орындық.

Шымкент қаласының аумағында орналасқан Бауыржан Момышұлының ҮШІНШІ МҮСІНІ – осы №44 мектептің ауласында орналасқан.

Бұл мүсін батырдың кеудесіне дейін бейнелеген бюст түрінде тұр. Мүсінге қарап, мүсіншінің нағыз өнер иесі екенін ұғасың. Батырдың сұсты жанары сырттан қарап тұрған кісінің өңменінен өтеді. Шынайы бейнелеп, авторлар батырдың бейнесіне сендіре алған.

Бюст Қордайдың қызыл гранитінен қашалған. Тұғыры – бетонды материал. Бюсттің биіктігі 1,65 метр, тұғырының биіктігі – 2,3 метр. Жалпы, мүсіннің барлық биіктігі 6 метрге таяу.

Шымкент қаласының Қайтпас, Қатынкөпір, Тоғыс, Маятас секілді шеткі аумақтарында орналасқан тұрғын алабтарында Бауыржан Момышұлы атымен аталатын басқа да көшелер бар.

 

С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ