ШЫМКЕНТТЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЕНГІЗІЛІП, ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ ОТАЛАР ЖАСАУ КӨБЕЙГЕН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.

Шымкент қаласында соңғы үш жылда 14 жаңа медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мыңға төмендеді. Қалалық денсаулық сақтау жүйесіне «PACS Systems» сияқты жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, қатерлі ісік және басқа да ауыр ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі пайда болды. Аталған жүйенің құны 2,8 миллиард теңге.

 «Қалада биыл жоғары технологиялы 1 102 операция жасалған. Оның ішінде 310 кардиохирургиялық, 33 нейрохирургиялық, 1 жүрек және 14 бүйрек трансплантациясы орындалды. №1 қалалық клиникалық және жұқпалы аурулар ауруханалары күрделі жөндеуден өтті. Жедел жәрдем қызметіне 40 дана арнайы автокөлік сатып алынды. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 79 пайыздан 90 пайызға дейін жаңартылды. Шұғыл қызметтерге қолжетімділікті арттыру мақсатында үш шағын ауданда сервистік орталықтар салынды. Ал, келесі жылы тағы екі орталықтың құрылысын салу жоспарланған», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Сонымен қатар, қалада 150 орындық оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Оған қоса, 200 орындық перзентхана салу үшін 6,2 гектар жер телімі бөлінген.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 11 желтоқсан күні Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізіп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен әлеуметтік саладағы маңызды өзгерістер және жетістіктер туралы баяндама жасаған болатын.