ШЫМКЕНТТЕ «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ЦИФРЛЫҚ СЕРВИСІ АРҚЫЛЫ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛА БАСТАДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі арқылы түскен арыз негізінде жауапкершілікке тартыла бастады. Бұл жайында Шымкент қалалық полиция департаментінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы ақпарат таратқан. Бұл жұмыстар қаладағы «Құқықтық сананың деңгейін арттыру» бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір үлгісі деуге болады.
Осы жайттың бір мысалы, бір қала тұрғыны eGov Mobile қосымшасы арқылы көше бойындағы көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апатты жағдай тудырғаны туралы полицияға хабарлап, жайттың бейнежазбасын жолдаған. Осыдан кейін полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оған қатысты әкімшілік шара қабылдады.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, тұрғындар полицияға құқық бұзушылықтар туралы хабарлау ісінде жаңа сервисті белсенді пайдаланып келеді. «Заң мен Тәртіп» сервисі тәулік бойы жұмыс істейді және оқиға туралы ақпаратты полицияға ыңғайлы жеткізуге мүмкіндік береді.
ЕGov Mobile қосымшасының «Заң мен Тәртіп» сервисі іске қосылғалы Шымкент қаласының полициясына азаматтардан шамамен 1400 өтініш түсіп үлгерген. Бұл шағымдардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзу, жол-көлік оқиғалары және өзге де әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты болып отыр.
Түсіндіре кетейік, электронды түрде арыз беру үшін, алдымен ұялы телефоныңызға eGov Mobile қосымшасын орнатып немесе бұл сервис қолжетімді кез-келген банк қосымшасын ашып, «Заң мен Тәртіп» белгісін таңдап, қысқаша форманың қажетті тұсын толтырса, сол жеткілікті. Онда құқық бұзушылықтың түрі мен оның орын алған жері нақтылана көрсетіледі. Осы шағын әрекеттен кейін ақпаратты жолдауға болады, мәлімет полиция органдарына түседі.
Айта кетсек, «Заң мен Тәртіп» сервисі биылғы маусым айында іске қосылған болатын. Бұл – мобильді қосымшалардағы құқық қорғау органдарымен жедел байланыс жасауға арналған Қазақстандық цифрлық құрал. Сервис арқылы азаматтар жол-көлік оқиғалары, жол жүру ережелерін бұзу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға қатысты оқиғалар туралы өзге де құқық бүзушылықтар туралы жедел түрде хабарлай алады. Сонымен қатар, полиция қызметкерінің әрекетіне шағым жолдау мүмкіндігі де қарастырылған. Іске асырылып жатқан бұл жобалар – Шымкент қаласындағы «Құқықтық сананың деңгейін арттыру» бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жарқын бір үлгісі.