ШЫМКЕНТТЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Мемлекет басшысы халыққа арнаған биылғы Жолдауында цифрландыру, жасанды интеллектті енгізуде бірқатар тапсырмалар берген еді. Жолдауда жүктелген бірқатар міндеттерді жүзеге асыру аясында Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз брифингін өткізді. Баспасөз жиыны барысында Сәрсен Абайұлы қалада қолға алынған негізгі жобаларға тоқталып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы мәліметтер ұсынды.

Атап айтқанда, жол қауіпсіздігін арттыру, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларында цифрлық технологияларды енгізу жұмыстарын баяндады.

Сәрсен Абайұлының сөзіне сүйенсек, жаңа оқу жылында қала мектептерінде балаларды ыстық тамақпен қамтуда биометриялық айқындау жүйесі іске қосылды. Шымкент қаласы қосымша білімді цифрландыруда өңірлер арасында алда келеді. Денсаулық сақтау саласында да бірқатар тиімді жобалар жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, шаһарда заңсыз қоқыс төгетін аймақтарды болдырмау, жылу құбырларының жай-күйін тексеру жүйесі бойынша да цифрлық жобалар қолға алынуда. Бұл ретте арнайы мониторингтік жүйелер арқылы тұрмыстық қалдықтардың рұқсат етілмеген орындарға тасталуын дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қолдану мүмкіндігі артады.

Бұдан бөлек, қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту аясында жылу құбырларының техникалық жай-күйін қадағалау бойынша цифрлық жүйе іске қосылуда. Бұл жүйе жылу желілеріндегі ақаулар мен қысымның төмендеуін алдын ала анықтауға, апаттық жағдайлардың алдын алуға және тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Цифрлық шешімдер арқылы коммуналдық қызметтердің тиімділігі арттырылып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсара түспек.

Қала әкімінің орынбасары инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамытуда атқарылып жатқан жұмыстарды да баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша қала экономикасына 425,4 миллиард теңге инвестиция тартылып, 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,9 %-ға артып отыр. 2025-2030 жылдар аралығында қала аумағында жүзеге асырылатын ірі жобалардың пулы жасақталған. Бүгінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағын 100 гектарға, «Сауда-логистикалық орталығы» индустриялық аймағын 136 гектарға, «Жұлдыз» индустриялық аймағын 155 гектарға қосымша кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Баспасөз мәжілісі барысында БАҚ өкілдері тарапынан әлеуметтік сала, инфрақұрылыммен қамту, медицина мен білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерге қатысты бірқатар сауалдар қойылды. Қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек пен тиісті басқарма қызметкерлері сұрақтарға толыққанды жауап берді. Олар қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар мен түйткілді мәселелерді шешу жолдары және алдағы уақытта іске асырылатын жобалар жайлы жан-жақты баяндады.