ШЫМКЕНТТЕ ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ ӘРЕКЕТТЕР ЖӘНЕ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК САУАТТЫЛЫҒЫН ҚОЗҒАҒАН ФОРУМ ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында интернет-алаяқтық және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» деп аталған кең ауқымды форум өтті. Жиынға жалпы саны 1,5 мыңнан астам тұрғын қатысып, форумның маңыздылығын арттыра түскен. Бұл жайында Polisia.kz сайты ақпарат бөлісіп отыр.

Аталған іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов бастап, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Үскембаев, қала прокурорының орынбасары Марат Ержан, экономикалық тергеу департаменті бастығының орынбасары Санат Құлбаев, «Digital Road» IT-индустрия қауымдастығының өкілі Сейдулла Исмаилов және полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов мырзалар қатысқан.

Бүгінгі таңдағы аса маңызды тақырыпты қозғаған форумның негізгі мақсаты – қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеясын ілгерілету, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қауіпсіздік дағдыларын дамыту, киберқылмыстар үшін жауапкершілікті түсіндіру және жеке деректерді қорғаудың маңыздылығына қоғам назарын аудару. Форум IT-жабдықтар мен робототехника көрмесінен басталып, кейіннен қатысушылар назарына театрландырылған көрініс ұсынылды.

Шараны қала әкімінің орынбасары А.Сәбитов ашып, интернет-алаяқтықпен жүйелі күрестің, сондай-ақ мемлекет, кәсіби орта және азаматтар арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызын атап өтті. Спикерлер форум барысында интернет-алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы толыққанды түсіндіріп, мұндай қылмыстардың көпшілігі азаматтардың сенгіштігінен туындайтынын айтты. Ал, Қ.Сахов мырза болса, алаяқтықтың кең тараған тәсілдерін, одан қорғану жолдарын және қоғамда цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың қажеттілігін егжей-тегжейлі баяндады.

Іс-шараның ерекше бөлігі – «Мошенники» фильмінде басты рөлді сомдаған қазақстандық әртіс Р.Омаровтың қатысушыларға жолдаған видеоүндеуі болды. Ол тұрғындарды сақ болуға, күмәнді онлайн-хабарламаларға сенбеуге және цифрлық сауаттарын үздіксіз арттыруға шақырды.

Бұдан бөлек, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардың салдары туралы бейнеролик көрсетілді. Спикерлер киберқылмыстардың алдын алу бағытында қабылданып жатқан шаралар жөнінде де баяндап, интернет-алаяқтар әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді және жалған онлайн-сервистерді жиі пайдаланатынын атап өтті.

Форум соңында лауазымды тұлғалардың жеке азаматтарға қабылдау өткізуімен жалғасты. Сала мамандары тұрғындардың интернет-алаяқтыққа қатысты сауалдарын тыңдап, киберқауіптерге тап болған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттігі туралы кең көлемді кеңестер берді.