ШЫМКЕНТТЕ МАЙДАННАН ЭВОКУАЦИЯЛАНҒАН ГОСПИТАЛЬ БОЛҒАН
- Шымкент қаласы, Абай ауданы

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, «Ұлы Жеңіс» деп айшықталып жүрген мерекенің 80 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемді атап өтілмек. Жер-жерде еске алу шаралары салтанатты шеру құрмақ. Мерекені атап өтетін, әрі еске алу шаралары өткізілетін жер – «Ұлы Отан» соғысының құрбандары мен қатысушыларына арналып орнатылған монументтер, алаңқайлар болатыны сөзсіз.
Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Жеңістің мерейтойы өтетін монументтердың айналасы реттеліп, жөнделіп, салтанатты шараға дайындала бастағаны түсінікті. Ал, Шымкент қаласының аумағындағы монументтердің дайындығы нешік? Дайын ба? Осыны білу мақсатымен шаһар ішіндегі ескерткіштерді түгендеп, көзбен шолып шығуды мақсат еттік.
Шымкент қаласындағы Жеңістің 80 жылдық басты мерекесі өтетін орын «Даңқ» мемориалды кешені екені түсінікті. Біздің сапарымызда бұл кешенде жөндеу, сырлау, тазалау жұмыстары басталғанын көрдік. Кеңес одағының батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің аты-жөні жазылған «Қызыл жұлдыз» алаңқайын қоршай тартылған қызыл-ала лента сол сырлау жұмыстары жүріп жатқанын меңзеп, жаяу серуендеушілердің қозғалысын бәсеңдеткен.
Жалпы, қала аумағында «Ұлы Отан» соғысына арналып салынған монументтік өнер құрылыстарының саны жетерлік екен. Қалаға 2017 жылы қосылған 41 елді мекеннің барлығында дерлік бір-бір, тіпті кейбіреулерінде екеуден монументтерді кезіктіресіз. Олардың ішінде көп-көрім сәулетті ескерткіштері де бар, алайда көркемдік көрінісі қарабайыр нұсқалары да жоқ емес. Мұндай монументтердің дені елді мекендердегі мектептер мен мәдениет үйлерінің ауласынан орын тепкен.
Көзбен көргеніміз, күтімі мен қаралуы жақсы ескерткіштердің қатары баршылық екен. Олардың қатарында Жаңаталап, Көкбұлақ секілді тұрғын алаптардағы монументтер жарқырап тұр. Алайда, Жеңіс мерекесі жақындап қалғанына қарамай, қараусыз тозып тұрғандары да көп болды. Тассайдағы колледж маңындағы жауынгер мүсіні, Тоғыстағы майданға аттанған баласын күткен ана бейнесі, Өтемістегі соғыс ардагерлерінің аты-жөні жазылған монументтер мен тақталардың жағдайы төмен. Иесіз тозып тұр.
Қала аумағында қазіргі таңда «Ұлы Отан» соғысын еске алуға арналған 31 монументтік өнер құрылыстары бар екен. Оның ішінде 1 мемориалды кешен («Даңқ» мемориалды кешені: «Даңқ» обелискі, Кеңес Одағының батырлары, «Даңқ» орденінің иегерлері және соғысқа қатысушылардың аты-жөні жазылған мемориалды тақталар, Чугуев әуе училищесінің түлектеріне арналған монумент), 18 «Ұлы Отан» соғысы ардагерлерінің аты-жөні жазылған обелисктер, 12 Кеңес Одағының батырлары және «Ұлы Отан» соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер (3 толық мүсінді, 9 бюст) бар.
Кеңес Одағының батырларына арналған мүсіндердің қатарында Б.Момышұлы (1 толық мүсін, 2 бюст), С. Рақымов (1 толық мүсін, 2 бюст), З.Космодемьянская, Ә.Молдағұлова, З.Хұсманов, Қ.Сыпатаев, Т.Қауымбаев, Е.Молдабаев, А.Пайзахметовтердің ескерткіштері бар. Осы аталған батырлардың ішінде қазіргі Шымкент қаласынан («Тельман» колхозы) Ережепбай Молдабаевтың бюсті өткен ғасырдың Кеңес заманында-ақ орнатылған екен. Бүгінде күтімі жақсы, бір кездері колхоз кеңсесінің алдында орнатылуы күтімінің жақсы болғанын көрсетсе, бүгінде Абай ауданы әкімі аппаратының «Абай» коммуналдық мекемесінің алдында болуы қаралуының жақсы болуына кепілдік бергендей екен.
Шымкент қаласының соғыс жылдарындағы тарихында майдан даласымен байланыстыратын ескерткіштер де көп. Олардың қатарында соғысқа қатысушы Химфарм зауытының жұмысшыларына арналған монументтен бастап, өздері сұранып майданға аттанған оқушыларына арнап орнатылған Ж.Баласағұни атындағы №6 мектеп, Х.Досмұхамедов (Островский) атындағы №4 мектеп аулаларында монументтер тұр. Сондай-ақ, қаламыздың тарих парақтарын сонау қиырдағы соғыс майданымен байланыстыратын тағы бір ерекше монумент А.Чехов атындағы №21 мектептің ауласында тұр. Бұл обелиск 1941-1943 жылдары майдан даласындағы №3296 Харковь госпаталының осы мектеп ғимаратына эвокуацияланып, сол госпитальде қайтыс болған жауынгерлерге 1968 жылы орнатылған. Монументте қайтыс болған 33 жауынгердің аты-жөні жазылған. Ескерткіштің күтімі өте жақсы.
Осылайша, қала аумағындағы «Ұлы Отан» соғысы мен Жеңіс мерекесіне қатысы бар барлық ескерткіштерді көзбен көріп, қазіргі жағдайын көріп шықтық. Салтанатты шараға дайындық жұмыстары басталып, тазалау, реттеу жұмыстары басталып кеткені көңілден шықты. Өткенге құрметпен қарау, ерлердің атын ұлықтау баршамыздың міндетіміз.
С.Дүйсебайұлы