ШЫМКЕНТТЕ ПОЛИЦЕЙЛЕР ОҚУШЫЛАРМЕН 100 ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Үшінші мегаполисте кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласы полиция департаментінің криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жалпы білім беретін мектептердің оқушыларымен бірқатар кездесулер өткізді. Бұл жайында Полиция департаментінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы ақпарат бөлісіп отыр.

Іс-шаралар аясында құқық қорғау саласының жедел уәкілдері қаладағы 100 білім беру мекемесін аралап, оқушыларға құқықтық мәдениет пен заңсыз әрекеттердің алып келетін жауапкершілік мәселелері бойынша түсіндіру сабақтарын өткізді. Мұндай сабақтар барысында киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтық, буллингтің алдын алу және жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарға қатысуына жол бермеу тақырыптарына тоқталып, ерекше назар аударылды.

Мұндай құқықтық сабақтар кезіндегі кездесулер барысында қалалық полицейлер заң нормаларын сақтау, өзге азаматтарға құрметпен қарау және қоғамда құқықтық мәдениет пен саналы мінез-құлық танытудың маңыздылығын түсіндірді. Аталған профилактикалық шараларға жалпы 100 мектептен 30 мыңнан астам оқушы қатысқан. Тиісінше, профилактикалық шараларға қатынасқан мектеп оқушылары да құқықтық сабақ барысында өздерін қызықтырған көкейлеріндегі сауалдарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Назар аударарлық тақырыптардың бірі – интернет-алаяқтық әрекеттер тақырыбы болды. Полиция өкілдері интернеттегі қауіп туралы нақты мысалдар келтіріп, күмәнді азаматтардан сақ болу, әлеуметтік желілерде жеке мәліметтерді қорғау және интернет-алаяқтардың әрекеттерінен қалай қорғану қажеттігі жөнінде кеңес берді. Оқушылар кездесулерге белсенді қатысып, сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Мектеп мұғалімдерінің пікірінше, мұндай кездесулер балалардың құқықтық сауатын арттырып, заңға деген құрметін күшейтеді.

Жасөспірімдер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы мұндай ашық диалогтар өзара сенімді нығайта түседі. Оқушылар полиция қызметкерлерін тек тәртіп сақшылары ретінде ғана емес, сонымен қатар бағыт-бағдар беруші, көмек көрсетуші аға ұрпақ өкілдері ретінде қабылдай бастайды. Сондықтан, мұндай бастама өскелең ұрпақтың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамда жауапкершілік пен саналы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді дейді мамандар.

Шымкент қаласы полицейлерінің айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық білімін нығайтуға, жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталып отыр. Мұндай алдын алуға бағытталған шараларды үздіксіз ұдайы өткізіп отырғанда ғана өз нәтижесін береді дейді құқық қорғаушы мамандар. Сондықтан, тәртіп сақшылары аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.