ШЫМКЕНТТЕ ПОЛИЦЕЙЛЕР 25 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ШЫҒЫН КЕЛТІРГЕН ІРІ АЛАЯҚТЫҚТЫҢ БЕТІН АШТЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласында полицейлер ірі көлемде ақша жымқырған алаяқ ретінде тіркелген күдіктілерді құрықтаған. Бұл жайында polisia.kz ақпараттық порталы мәлімет таратты.
Үшінші мегаполистің бір тұрғыны өздерін «банк қызметкерлеріміз» деп таныстырған белгісіз тұлғалардың қоңырауына алданып, полицияға жүгінген. Алаяқтар азаматшаның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, сеніміне кіріп, өз нұсқауларын орындауға көндірген. Нәтижесінде, алаяқтар жәбірленуші мен оның жұбайының атынан бірнеше банктен несие рәсімдетіп, тіпті олардың үйі мен автокөлігін төмен бағамен сатуға көндірген. Келтірілген жалпы материалдық шығынның сомасы 25 миллион теңгеден асып отыр делінген ақпарат көзінде.
Тергеу барысында жәбірленушілер қаражаттың бір бөлігін алаяқтардың нұсқауымен белгісіз шоттарға аударғаны, ал қалған соманы үйіне келген курьерге беріп жібергені белгілі болып, анықталған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері аталған қылмысқа қатысы бар тұлғаларды Алматы және Шымкент қалалары аумағынан анықтады. Белгілі болғандай, интернет-алаяқтар ұрланған қаражатты Шымкент қаласындағы айырбастау пункті арқылы Грузия еліне аударғаны анықталған.
Шымкент қаласының полицейлері осы іске қатысы бар екі күдіктіні ұстады. Алаяқтық жайты бойынша қылмыстық іс сотқа жолданған. Ресми деректе бұл істің нәтижесі туралы алдағы уақытта хабарланатыны туралы көрсетілген.
Айта кетсек, апта сайын бұқаралық ақпарат құралдары алдында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасайтын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары С.А.Құранбек мырза қала тұрғындарына үндеу жасап, интернет-алаяқтардан сақ болуға, өздерін банк қызметкерлері, байланыс операторлары, мемлекеттік қызметкерлер ретінде таныстыратын жалған қоңырауларға сенбеуге шақырып жүр. Сондай-ақ, әр жиын сайын банк есеп-шоттары мен құпия кодтерді бөгде адамдарға айтпау қажеттігі туралы қаншама рет айтылып жатқанмен, алаяқтардың құрбанына айналатын азаматтардың саны азаймай отыр.
Өз кезегінде құқық қорғаушылар да азаматтарымызға өздерін «банк қызметкеріміз» деп таныстыратын бейтаныс адамдардың қоңырауына сенбеуді, жеке деректер мен құпия кодтарды ешкімге айтпауды ескертеді. Күмән тудырған қоңыраулар түскен жағдайда бірден полицияға жүгінгеніңіз абзал екенін түсіндіреді.