ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПІКІРСАЙЫС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай Шымкент қаласында «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікірсайыс турнирі басталды. Пікірсайыс М.Әуезов атындағы ОҚУ-да өтіп жатыр.
Ауқымды зияткерлік сайыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қатысып, қатысушы жастарға сәттілік тілеп, игі тілегін жеткізді.
– Пікірсайыс – өткеннің тәжірибесін зерделеп, бүгінгі мәселелерді талқылап, ертеңге жол сілтейтін ерекше алаң. Осы турнирде сіздер тарихтан тағылым алып, заманауи ойлармен тоғыстырып, болашаққа бағыт көрсетесіздер деген ойдамын,- деді Сәрсен Абайұлы. Ол өз сөзінде жастардың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті.
Турнирге еліміздің 9 өңірінен – Астана, Алматы қалалары мен Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан 120-дан астам команда қатысуда. Олар пікірсайыс алаңында өзара білім мен шешендік шеберліктерін сарапқа салып жатыр.
Университеттің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев турнирді Шымкент қаласында білім мен біліктіліктің, ой мен жаңашыл көзқарастың шеберлігі сыналатын маңызды іс-шара екенін атап өтті.
– Бұл турнирде еліміздің түпкір-түпкірінен, интелектісі жоғары, пікір мәдениеті қалыптасқан, нағыз мықты пікірсайысшылар бәйгеге түспек. Осы орайда, баршаңызды еліміздің ең маңызды мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтағым келіп тұр. Себебі білім мен ғылымның, ізденіс пен еңбектің көрінісі бола алған пікірсайыс – тек шешендік өнердің көрінісі ғана емес, ел болашағын ойлайтын, сөзі дәл, ұстанымы берік азаматтарды қалыптастыратын үлкен орда бола алды,– деді Ғ.Бесбаев.
Жарыстың төрелік ету жұмыстарына Шымкент қаласындағы үш жоғары оқу орнынан іріктелген тәжірибелі пікірсайысшылар және пікірсайыс қозғалысының аға буын өкілдері тартылған. Жалпы саны 70-ке жуық кәсіби төреші пікірсайыстың әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етіп жатыр.
Турнир барысында қаралатын қарарлар қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, технология, демократия, құқықтық мәдениет, білім беру жүйесі және жастар саясатына қатысты тақырыптар бойынша пікір білдіріліп, түрлі көзқарастар талқыланып отыр.
Екі күнге жоспарланған республикалық пікірсайыс турнирі ертең қорытындыланып, жеңімпаздары анықталатын және марапаттар табысталатын болады.