ШЫМКЕНТТЕ СУИЦИД ЖАСАМАҚ БОЛҒАН ӘЙЕЛДІ КЕЗДЕЙСОҚ КУӘГЕРЛЕР ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өз-өзіне қол жұмсап, биік үйдің терезесінен секіріп суицид жасамақ болған әйел адамның өмірін кездейсоқ куәгерлер құтқарып қалған. Оқиға шаһардың жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Шымкент CITY» шағынауданындағы «Модерн сити» тұрғын үй кешенінде болған.

Әлеуметтік желіде таратылған бейнежазбалардың бірінен көп қабатты үйдің жоғарғы қабатындағы терезе жақтауында тұрған әйел адамды бейнелейтін бейнематериалды көруге болады. Ал, бір ер адам онымен сөйлесіп, сыртқа шығып кетеді. Сол заматта бірінші жігіт суицид жасаушы әйелдің қолынан жылдам ұстап қалып, терезеге қарай тартып үлгереді. Бірақ әйел көмекке қарсылық көрсете бастайды. Дәл осы уақытта көрші бөлменің терезесінен парапетке шыққан тағы бір жас жігіт әйел кісіге жетуге тырысқан көріністермен жалғасады. Терезеден секірмек болып жатқан кісінің қолынан ұстап қалған бірінші жігіт осы сәтте қос қолдап суицид жасаушы адамды терезеден тартып алып, кіргізіп үлгереді.

Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті оқиға 20 қараша күні таңертең «Модерн сити» тұрғын үй кешенінде болғанын хабарлады.

«12 қабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатында бір әйел өзін-өзі суицид жасап өлтірмек болды. Жедел қызметтер оқиға орнына сағат 09:52-де келді. Шұғыл қызметтер келгенге дейін жағдайды бірінші болып пәтерге кіріп, оның құлауына жол бермеген бей-жай қарамайтын азаматтар байқаған. Сол азаматтардың жедел қимылының арқасында аман қалды», – делінген қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінде.

Осы факті бойынша Шымкент қалалық Полиция департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Құзырлы органның мәліметінше, суицид жасамақшы болған әйелдің мас күйінде болғаны анықталды. Полиция келген кезде ол әйел үйде болған, дене жарақаты жоқ. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып отыр дейді құқық қорғаушылар.