Шымкент жыл санап белсенді түрде өсіп, өзгеріп, шырайланып, өмір сүруге ыңғайлы қала болып келеді. Соның бір ғана мысалы, қоғамдық орталарды абаттандыру бағдарламасы аясында қаланың Әл-Фараби ауданында үш жаңа алаң ашылды. Бағдарлама Шымкент тұрғындарының қаладағы жайлы ортасын құруға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Үш алаңға да қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мырза өзі барып, жаңа демалыс орындарының тұрғындарға жайлылығына баға берді.
С. Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы жаңа гүлзар қаладағы тұрғындар тығыз орналасқан аудандардың бірінде орналасқан. Гүлзардың жалпы алаңы 0,2 гектарды құрайды. Мұндағы ескі субұрқақ пен көпір жаңартылды, су арнасы толығымен қоршалған, орындықтар, көлеңкелі шатырлар мен әткеншектер бар, серуендеу аймақтары, аяқжолдар құрылды. Оған қоса, теннис үстелі, сәндік құмыралар, тастар мен қоқыс жәшіктері де орнатылған. Жайлы атмосфераны құру үшін шынар ағаштары, бұталар және көп жылдық гүлдер отырғызылған.
– Шымкент әрбір тұрғын үшін ыңғайлы әрі жайлы болуы тиіс. Мұндай серуендейтін алаңқайлар отбасылыларға бірге уақыт өткізуге, ал балаларға таза ауада ойнауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті қала әкімі.
Ә.Диваев көшесіндегі гүлзардың орналасқан жалпы алаңы 0,31 екен. Гүлзар толықтай мәрмәр материалмен жабылған жаяу жүргіншілер жолдарымен, жасыл кеңістіктермен және шағын сәулеттік пішіндермен жабдықталған. Мұнда ойын алаңдары, шахмат және теннис үстелдері, фото аймақ, велосипед тұрағы және ауыз су фонтаны пайда болды. Мәрмәр мен перголадан жасалған орындықтар қала тұрғындары үшін қосымша демалыс орындарын қалыптастырады.
– Бұл алаң-кеңістікті салауатты өмір салтын қалыптастыратын, белсенді демалыс ретінде көретін және шабыттандыратын орынға айналдырудың үлгісі, – деп атап өтті қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Есіл және Қамал көшелерінің арасындағы жаңартылған саябақ та қазір жасарып шыға келді. Онда енді 0,5 гектар аумақты құрайтын ескі саябақтың орнында баскетбол, воркут алаңдары мен тренажерлары бар заманауи демалыс аймағына айналды. Ондағы 4 мың шаршы метр аумаққа ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылды, сондай-ақ орындықтар, қоқыс жәшіктері, ауыз су бұрқағы орнатылды және жанынан көліктерге арналған автотұрақ жасалды.
– Қаланың әр ауданында ашық ауада демалуға және спортпен шұғылдануға арналған орындар болуы маңызды. Біз Шымкентті болашақтың қаласына айналдыруға тырысамыз, – деп қосты сөзін Ғабит Сыздықбеков.
Қаланың түкпір-түкіпірінен ашылып, қала тұрғындарының көз қуанышына айналып жатқан жаңа гүлзарлар қазірдің өзінде халықтың сүйікті демалыс орындарына айналды. Тұрғындар ризашылығын білдіріп, мұндай бастамалар Шымкентті одан да жасыл, жайлы және заманауи қала ететіні туралы пікірлерін қуана бөлісіп, ортаға салып жатты.