ШЫМКЕНТТЕ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ КОДЫ МЕН ӨНЕРІНЕ АРНАЛҒАН «MIRAS» ФОРУМЫ АШЫЛДЫ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
2025 жылғы 21 қарашада Шымкент қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен және Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Түркі этнодизайнерлерінің халықаралық «MIRAS» форумы салтанатты түрде ашылды.
Форум аясында «Түркі костюмтануы және ою-өрнек семиотикасы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы өтті.
Форумның мақсаты — түркі әлемінің сәндік-қолданбалы өнеріндегі жаңа идеялар мен шығармашылық бастамаларды қолдауға арналған заманауи алаң қалыптастыру, оның бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және жастардың түркі мәдениетіне деген қызығушылығын арттыру.
Халықаралық форумның ашылуында сөз сөйлеген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова дәстүрлі түркі ою-өрнегінің тарихи жад пен рухани болмысты сақтайтын мәдени код ретіндегі терең символизміне тоқталды. Ол ою-өрнектің жай ғана әшекей емес, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын қасиетті семиотикалық жүйе екенін атап өтіп, осы мұраны сақтаудың және оны жас буынға жеткізудің маңызын ерекше атап көрсетті.
Қор президенті Ақтоты Райымқұлова «MIRAS» форумын идеялар мен таланттарды тоғыстыратын, ұлттық өнерге жаңа серпін беретін қуатты платформа деп бағалап, Шымкент қаласы әкімдігіне қолдауы үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, ол барлық қатысушыларға шабыт, шығармашылық табыс және ата-бабадан қалған баға жетпес мұраны сақтау мен дәріптеу жолындағы жемісті жұмыс тіледі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің форумға қатысуы іс-шараның маңыздылығын айқындап, түркі әлемінің мәдени және шығармашылық мұрасын дамытуға бағытталған бастамаларға көрсетілген жоғары қолдауды білдірді.
Форумға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның жетекші халықаралық ғылыми институттары мен тарихи-мәдени орталықтарынан келген ғалымдар, фольклоршылар, өнертанушылар, этнографтар және белгілі этнодизайнерлер қатысты. Сондай-ақ шараға магистранттар, докторанттар, танымал мемлекеттік және қоғам қайраткерлері де атсалысты.