ШЫМКЕНТТЕ «ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтарға тегін заң көмегін көрсету мақсатында ауқымды «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бастап, барлық салалық ведомстволардың бірінші басшылары, оған қоса түрлі саладағы қырық екі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, нотариустар, адвокаттар, заңгерлер және жоғары оқу орындарының студенттері, қала жастарының қолдауымен волонтерлік ұйымдар да қатысты.
Келушілер саланың жетекші мамандарынан тегін заңгерлік кеңес алып, өздерінің көкейіндегі толғандырған сұрақтарына нақты жауаптар ала алды.
«Халық заңгері» жобасы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен оларға құқықтық қолдау көрсетудің сұранысқа ие және тиімді алаңына айналды. Бұл бастама республика бойынша 2016 жылдан бастау алып, ел азаматтарына білікті заңгерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің тегін кеңестерін беріп келеді.
Қала прокуроры Ғабит Мұқанов өз сөзінде:
«Ежелгі дәуірдегі грек философы Платон айтқандай: «Күшті мемлекет – қорғалған азаматтан басталады! Сондықтан, бүгін осында барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері әр азаматқа тегін, әрі қолжетімді заң көмегін көрсету үшін бір алаңда жиналып отыр», – деп атап өтіп, қала тұрғындарына қолайлы алаң жасақталғанына тоқталды.
Аталған акция қала тұрғындары арасында үлкен қоғамдық қызығушылық тудырды. Шара барысында 1000-нан астам шымкенттік азаматтар заңдық нормалар бойынша, атап айтар болсақ, отбасы, еңбек, жер, азаматтық, әкімшілік құқық мәселелері бойынша тегін кеңес алды. Сонымен қатар, азаматтарға өз құқықтарын қорғау тетіктері, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері туралы түсіндірме жұмыстары атқарылды.
«Халық заңгері» республикалық акциясы өз жұмысын жалғастыра отырып, әрбір азаматтардың құқықттарын қорғауға, заңдық сауаттылығын арттыруға, кәсіби көмек көрсетуге және әділдік пен заңдылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын болады.