ШЫМКЕНТТЕ «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» АТЫН ЖАМЫЛЫП ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТҚАН ІРІ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында «ҚазМұнайГаз» компаниясының атын жамылып инвестиция тартқан ірі қаржы пирамидасы анықталды. Яғни, «ҚазМұнайГаз Инвест» дейтін жұртшылықтың назарын өзіне тартқан атаумен ұлттық мұнай компаниясының акцияларына салынған инвестициялар арқылы жеңіл және жоғары табыс әкелетін классикалық қаржы пирамидасы жасырын қызмет атқарып келгені белгілі болып отыр.

Схеманы ұйымдастырушылар азаматтарды ұлттық компанияның акцияларын сатып алатынына сендірген және әр 15 күн сайын салған сомасы 50% пайда табатынына кепілдік берген. Бірақ, жағдай белгілі болғандай, бағалы қағаздарға нақты инвестициялар болмаған, кепілдік берілген «табыс» төлемдері жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылып отырған. Осы арқылы қаржы аударушылардың сеніміне кіре түскен. Ал, қаржылық пирамиданың шотына инвестициялық аударымның ең аз қатысу сомасы 500 мың теңгені құраған. Яғни, алаяқтардың тұзағына іліккен азаматтар «табыс» әкелетін «қаржылық инвестиция» жасау үшін кемінде осыншама қаржатын салу керек болған.

Қазақстан Республикасының Қаржы мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан мырза аталған қаржы пирамидасының жұмыс істеу схемасы туралы былай дейді:

– Күдіктілер қылмыстық табыстарына Түркістан облысынан жалпы құны 438 миллион теңгеден асатын 2 қымбат автокөлік, тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүліктер сатып алған, олар орын алуы мүмкін деген тәркілеу процесінен жасыру мақсатында туыстарының атына ресімделген, – деп түсініктеме беріп отыр.

Айта кетсек, агенттіктің тартқан алдын-ала мәліметтері бойынша, алаяқтардың тұзағына екі жүзге жуық адам түскен. Жалпы шығын 1 миллиард теңгеден асып кеткен. Күдіктілер қамауға алынды. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне тыйым салынған.

Көрнекі фотосурет бейнежазбадан скрин алынды.