ШЫМКЕНТТЕ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ БОЙЫНША ТОҒЫЗ АДАМ СОТТАЛДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында тоғыз сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы фейсбуктегі Шымкент қаласы соттарының парақшасы ақпарат бөліскен.
Ақпарат көзінің дерегінше, тергеу органы Н. деген азаматты алаяқтық, яғни сенімді теріс пайдалану арқылы бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену (ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), аса ірі мөлшерде қаржыны тарта отырып қаржылық (инвестициялық) пирадимиданы құру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға басшылық ету (КҚ-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы), қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзгеде мүлікті заңдастыру (ҚК-нің 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы) айыпталған. Қалған сегіз сотталушы аса ірі мөлшерде қаржыны тарта отырып қаржылық (инвестициялық) пирадимиданы құруға көмектесуші ретінде (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігімен, 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағы) айыпталған.
Істі қарау нәтижесінде Н. деген азамат 2022 жылдың шілдесінен бастап танысы Б.-дан сенімді теріс пайдалану арқылы жалпы сомасы 25 млн теңге болатын алтын бұйымдарын алып, ақшасын бермей иеленіп алғаны анықталғаны. 2024-2025 жылдар аралығында аса ірі мөлшерде қаржыны тарта отырып қаржылық пирадимиданы құру және оған басшылық ету мақсатында, «Nazira Gold» атауымен жобаны әлеуметтік желілерде жарнамалап, 1 млн теңгеге 5 ай бойына 21-41 пайыз аралығында үстеме ақша беріп, 5 айдан соң сол ақшаны түгел қайтаратынын айтып аударым жасату және ақша қаражаттары банктік аударымдар арқылы да, қолма-қол түрде де тартылған. Барлығы 1,2 миллиард теңгеден астам қаржы жиналған. Сонымен қатар, Н. қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзгеде мүлікті заңдастыру мақсатында жылжымайтын және жылжитын мүліктерді өзінің жақын туыстарының атына тіркеген.
Ал, сегіз сотталушы қылмыстық жобаның жұмысын жандандыруға және өзгеде тұлғаларды жобаға салымшы ретінде тартып, салымшылардан ақша қабылдап, қабылданған ақшаларды қылмыстық айналымға салып, қаржы пирамидасы жобасының жарнамасы мен түсіндірмесін қарқынды жүргізіп, осы жобаға тіркелуге белсенді түрде кеңестер беріп, түрлі халықтың назарын аударатын акциялар жариялауға қатысуға шақыру арқылы көмектесіп отырған. Сотталушы А. телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, адамдарды оған тартуға алып келген қаржылық пирамиданы жарнамалаған.
Сот Н. деген азаматты ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танып, оған мүлкін тәркілеп, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын өтеуін 1 жыл мерзімге кейінге қалдырды (ҚК-нің 74 бабы). Бес сотталушы ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, олардың әр қайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын өтеуін 3 жыл мерзімге кейінге қалдырды (ҚК-нің 74 бабы). Екі сотталушы ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 217-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, олардың әр қайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. А. деген азамат ҚК-нің 217-1 бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ сотталғандарға азаматтардың ақшасын және инвестицияларды тартуға байланысты қызмет түрімен айналысу құқығынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалды. Ресми ақапарат көзінде азаматтық талап арыздар ішінара қанағаттандырылғаны көрсетілген.