ШЫМКЕНТТЕ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІНІҢ САЙЫСЫ ӨТІП ЖАТЫР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шым шаһардың қақ ортасындағы «Арбат» демалыс аймағына жақындай бере, ара, қашауды ұрған балға, балта сияқты ұста саймандарының дыбысы шулай естіледі. Құлақ түрген қауымды қызық осында деп шақырып жатыр. Ағаштан түйін түйгендердің маңдай тері елдің алдында төгіліп отыр. Бұл – тұңғыш рет өтіп жатқан тұтас ағаш  томарынан жасалатын қолөнер шеберлерінің «Shymkent Usta Fest» халықаралық фестивалігің ызың-шуы.
Бөренеге жан бітіретіндердің еңбегі ел алдында көрініп тұр. Жиылған жұрт алғаш рет қолөнер иелерінің ою ойып, түйін түйген сәтіндегі бейнетіне басынан-аяғына дейін куә болып жатыр…
Шеберлер тұтас ағаштан жасалатын дәстүрлі және заманауи бұйымдарды жасайтын бұл сайыс елімізде бірінші рет Шымқалада шымылдығын түрді. Мұнда қолөнер мұрасын насихаттау, шығармашылықты дамыту және халықаралық деңгейдегі кәсіби байланыстарды нығайту мұраты көзделген.
Бұл жоба, бір жағынан үшінші мегаполистің «Қала күні» мерекесіне арналса, екінші жағынан 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» бастамасын қолдауды мақсат еткен. Фестивальдің рухани және тәрбиелік миссиясы – мүсін өнері арқылы еңбек адамының бейнесін дәріптеу. Сонымен қатар, халықаралық шеберлермен тәжірибе алмасу арқылы мәдени байланыстарды кеңейту, өнер саласында жаңашыл нетворкинг алаңын қалыптастыру мақсаты бар.
Бастысы, шеберліктің осы түріне қызығатындарға үгіт -насихат және шымқалалықтардың жайшылықтағы жайбарақат өміріне жаңашылдық сыйлау. Үнсіз де, тілсіз еңбектің ажарын ашатын фестиваль арқылы ұлттық қолөнердің көрігін қыздыру, өміршеңдігін қалыптастыру екен. Тамаша бастама қаланың басты серуен көшесінде тағы бірнеше күнге жалғаспақ.