ШЫМКЕНТТЕ ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Елімізде жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» ретінде атап өтіп келеді. Биыл шымкенттіктер үшін «Ұлттық домбыра күні» мерекесі ерекше атап өтілді. Бұл жайында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының фейсбуктегі ресми парақшасы бөліскен.

Қаланың «Shym City» деп аталатын шағынауданындағы жаңадан ашылған саябақта өткен гала-концертке халықтың қарасы мол жиналған. Саябақ төрінде орналасқан сахна ұлттық нақышта безендіріліп, 500-ге жуық мектеп оқушылары мен жергілікті өнерпаздар бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.

Мерекелік концертте қала тұрғындары мен қонақтарына «Шымкент концерт» концерттік ұйымының Қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Қазына» би ансамблі, «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі дәстүрлі халық әндері мен күйлерін орындап, тарту етті. Іс-шара қазақтың жаны, рухы, тарихы, бүкіл бітім-болмысына айналған қазақтың ұлттық домбыра аспабының мерекесін халықтық сипатта насихаттау, ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғыртуға шақырды.

Бұл күні мерекелік бағдарлама мұнымен шектеліп қалмады. Шымкент қаласының барлық қоғамдық көліктері мен сауда орталықтарында домбырамен күй тартылып, термелер орындалды.