ШЫМКЕНТТЕ ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ 16,5 ПАЙЫЗҒА ӨСІП, ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.
Шымкент қаласында өңдеу өнеркәсібі биылғы 10 айда 16,5 пайыздық өсім көрсетіп, қала экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айналды. Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында жалпы құны 150 миллиард теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
«Өңдеу өнеркәсібін дамыту – Шымкенттің ұзақ мерзімді экономикалық тұрақтылығының басты тірегі. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы қаланың индустриялық әлеуетін нығайтып, экономиканы әртараптандыруға және тұрақты жұмыспен қамтуды арттыруға мүмкіндік береді. Биыл іске қосылған ірі жобалардың әрқайсысы өңірдің өндірістік қуатын еселей түсіп отыр», – деді қала әкімі.
Брифинг барысында Ғ.Сыздықбеков бірқатар маңызды жаңа өндіріс нысандарына тоқталды. Соның ішінде «QazAlpack» компаниясының алюминий құтыларын өндіретін зауыты — өңірдегі ауқымды жобалардың бірі. Кәсіпорынға 30 миллиард теңге инвестиция салынып, жылдық қуаты 2,2 миллиард дана өнімді құрайды. Зауытта 112 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Sauran Bricks» компаниясының автоклавты газдалған бетон зауыты — құны 7,8 миллиард теңгені құрайтын жоба. Кәсіпорын жылына 300 мың текше метр автоклавты газобетон өндіреді. Зауытта 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 11 желтоқсан күні Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізіп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен әлеуметтік саладағы маңызды өзгерістер және жетістіктер туралы баяндама жасаған болатын.