ШЫМКЕНТТЕ 982 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.

Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл жалпы 1 375 000 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын, қазіргі уақытта оның 982 000 шаршы метрі пайдалануға беріліп отыр.

Алайда, қаладағы халық санының жедел өсуіне байланысты тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны бүгінде 90 мыңнан асып кеткен. Биыл 3 808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

«Баспанамен қамтамасыз ету – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Біз әлеуметтік тұрғын үй құрылысына, реновацияға және осал топтарды қолдауға басымдық береміз. Құзырлы органдармен бірлесіп, «Отбасы банк» арқылы пәтерлерді уақытылы үлестіру жұмыстарын жеделдетеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Қала әкімінің сөз еткен мәліметінше, әлеуметтік осал топтарға 1 523 пәтер сатып алынып жатыр. Жергілікті бюджеттен 388 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілген. Сонымен қатар, қайта жаңарту бағдарламасы аясында апатты деп танылған 12 үйдің иелеріне 120 жаңа пәтер тапсырылған.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 11 желтоқсан күні Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізіп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен әлеуметтік саладағы маңызды өзгерістер және жетістіктер туралы баяндама жасаған болатын. Шаһар басшысы жиын соңында журналистердің сауалдарына жауап берді.