ШЫМКЕНТТЕ SMART CITY ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН ӘУЕЖАЙ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫП ЖАТЫР
- Шымкент қаласы, Абай ауданы

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке цифрландыру және жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеу тапсырылған болатын. Бұл құжат аясында барлық бастамалар мен жобалар жалпыұлттық стратегиямен үйлестіріледі.
Президенттің Жолдауында аталып өткен тапсырмаларға сай Шымкент қаласында бірқатар жұмыстар қолға алынып отыр. Солардың қатарында халықаралық деңгейде «Dahua Technology», «HikVision» және басқа да «smart city», қауіпсіздік және цифрландыру саласындағы жетекші компаниялармен өзара тәжірибе алмасу туралы келісімдерге қол қойылған жобаларды атап өтуге болады. Мұндай келісімдер қала инфрақұрылымына жаңа технологияларды енгізуге серпін береді деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар, әуемен жүк тасымалдау саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын да атап өтуге болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жасаған Жолдауында бұл саладағы ахуалдың жақсарып келе жатқаны және оның көлемін арттыруға мол мүмкіндіктер бар екені атап өтілген еді. Шымкенттің әуежайына KZ/RA3/00004-01 бірегей тіркеу нөмірі беріліп, ресми түрде Еуропаның RA3 деректер базасына енгізілінгенін атап өту керек. Бұл мәртебе Шымкент әуежайына Еуропа елдеріне тікелей жүк тасымалдау барысында транзиттік бекеттерде қосымша тексерусіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жүк жеткізу уақытын жеделдетіп, логистикалық тізбектерді жеңілдетуге, серіктестердің уақыттық және қаржылық шығындарын азайтуға, сондай-ақ қаланың халықаралық әуе тасымалдаушылар мен логистикалық компаниялар үшін тартымдылығын арттыруға жол ашады. Әлбетте, Шымкент қаласы үшін бұл оқиғаның стратегиялық маңызы орасан зор. Әуежайдың жаңа мәртебесі Орталық Азиядағы ірі жүк хабтарының бірі ретіндегі орнын нығайтып қана қоймай, шетелдік әуе компаниялармен ынтымақтастық аясын да кеңейтеді және Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызатын болмақ. RA3 сертификатын алу – Қазақстанның халықаралық көлік және сауда дәліздеріне ықпалдасу жолындағы маңызды қадам саналады. Сонымен қатар, ол өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
#Цифрландыру #DigitalQazaqstan #Шымкент #Инфрақұрылым #SmartCity #ЖасандыИнтеллект #Әуежай #Экономика