ШЫМКЕНТТІК АЗАМАТША ИНСТАГРАМ ЖЕЛІСІ АРҚЫЛЫ IPONE-17 АЛАМЫН ДЕП 820 МЫҢ ТЕҢГЕСІН ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТАРҒА АУДАРЫП БЕРГЕН

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бүгін әдеттегідей Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары С.Құранбек мырза «Шымкент қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Сәрсенбінің сәтінде Сәрсен Абайұлының аузынан шыққан өткен аптада тіркелген қылмыстық істердің тіркелуі туралы мәліметтерді біз де дәстүрімізге сай назарыңызға ұсынамыз:

– Өткен аптада тергей органдарының өндірісінде жалпы 176 іс тіркелді. Оның төртеуі сотқа жолданды. Құрамына қарай тармақтап тоқталар болсақ, 62 іс алаяқтық, 41 іс ұрлық, 9 іс есірткінің заңсыз айналымына қатысты болды. Осы 62 алаяқтық істің 37 ісі интернет-алаяқтыққа қатысты болып отыр.

Тағы да осы интернет-алаяқтық фактісіне жекелей тоқталғым келіп отыр. Өткен аптада С. есімді азаматша инстаграм әлеуметтік желісінің мобильді қосымшасы арқылы iPone-17 маркалы ұялы телефонына тапсырыс берген. Банк қосымшасы арқылы белгісіз біреуге 820,0 мың теңге ақша қаражатын аударған. Соңы интернет-алаяқтық фактісі ретінде қылмыстық іс болып тіркелуге алып келіп отыр. Қаржы аударылған адамның кім екендігі де, қай жерде тұратындығы да белгісіз. Әрине, мұны тергеу-тексеру жұмыстары барысында анықталатын болады. Бірақ, қомақты қаражатты танымайтын кісіге қалай аударып жіберуге болады, мен ол жағын кішкене түсініңкірей бермеймін. Сондықтан, мұндай ірі көлемдегі сатып алулардың барлығын сенімді ресми дүкендерден тапсырыс берулеріңізді сұраймыз.

Интернет желілеріндегі есірткі дүкендерінің қолжетімді болуы – қоғамның басты дерті болып отырғанын айтып жүрміз. Бұл заңсыз әрекеттермен біз барынша күресіп жатырмыз. Дегенмен, осы тұста дропперлер туралы да айтып жүрміз. Ортадағы ақшаны шешіп беруге көмектесетіндер туралы да біз үнемі айтып келеміз. Өткен аптада М. есімді азамат өзінің банк шотын танысына уақытша қолдануға берген. Ал, ол белгісіз адам карта арқылы есірткі дүкендерімен жұмыс істеп, есірткі заттарын сатқаны үшін басқа адамдардан ақша аудартып отырған. Бұл – картаны пайдалануға біреуге берген адамды да қылмыстық жауапкершілікке алып келеді.

Сондықтан, қала тұрғындарын өз банк карталарын ешкімге қолдануға бермеулерін және белгісіз адамдардан ешқандай ақшалай сыйақы алмауларын, қажет болған жағдайда 102 нөміріне қоңырау соғуын сұраймыз.

Жол-көлік оқиғалары да біздің қалада азаймай келеді. Оның басты себептерінің бірі – жылдамдықты арттыру және ұялы телефонға алаңдау. Осыған қатысты, жаяу жүргіншілерді қағу және басқа көліктермен соқтығысу фактілеріне қатысты 4 іс тіркелген. Жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден жолдан өту бойынша 2 іс тіркеліпті. Бұған қоса, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің электронды скутерлер мен самокаттарды жол ережелерін сақтамай басқару бойынша 1 өылмыстық іске, және алкагольді масаң күйде көлік басқару бойынша 1 қылмыстық іске алып келгендігін айтқым келеді, – деп сөзйін түйіндеді Сәрсен Абайұлы.