ШЫМКЕНТТІК ПОЛИЦЕЙЛЕР МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ҚАУІПСІЗДІК САБАҒЫН ӨТКІЗДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы Ақпан батыр атындағы №10 жалпы білім беретін мектепте қалалық полиция қызметкерлері кең көлемді қауіпсіздік сабағын өткізді. Кездесуге 200-ден астам оқушы қатысып, қоғамдағы және жеке басына қатысты қауіпсіздік мәселелері жайында білімін жетілдірді. Бұл туралы ақпаратты қалалық полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы бөліскен.

Бас қосу барысында тәртіп сақшылары балаларға қолданыстағы заңнама туралы айтып, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Мектеп оқушыларына «BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» атты әділдік, жауапкершілік және құқықтық мәдениет туралы ұғымдарды жеңіл әрі қызықты түрде жеткізетін анимациялық фильмі көрсетілді. Көрсетілімнен кейін полицейлер оқушылардың өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, дұрыс қабылданған шешімнің түрлі қауіп-қатерлерден сақтайтынын мысалдар арқылы түсіндірме жұмыстарын атқарды.

Тәртіп сақшылары Қауіпсіздік сабағын өту барысында цифрлық қауіпсіздік тақырыбында сөз қозғап, интернетте жеке деректерді қорғау, бейтаныс хабарламаларға сақтықпен қарау және күмәнді онлайн-жазбаларға жауап бермеу қажеттігін түсіндірді. Интернет-алаяқтық әрекеттерінің көптеп кезігіп жатқан тәсілдері туралы тілге тиек етіп, тәжірибе жүзінде кезігіп жатқан мысалдарды келтіріп, сақтық шаралары жайында дәріс берді. Сабақ барысында буллингтің алдын алу, бір-біріне құрметпен қарау, балалардың буллинг әрекеттерінен суицидке жеткізбеу мәселелері де талқыланды.

Сонымен қатар, инспекторлар жолда жүру қағидаларын қатаң сақтау қажеттігіне ерекше тоқталды. Балаларға жолды кесіп өтер кезде ескеретін көлік қозғалысы көп учаскелердегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қараңғы уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдану, ұялы телефонның жарығын қосып жүру қажеттігі, осылайша жол-көлік оқиғасынан жеке басын сақтандыру жайын да еске салды. «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасының өткізілуіне орай, оқушыларға қауіпсіздік талаптары мен сертификатталмаған өнімдердің қауіптілігі туралы айтылды.

Іс-шара соңында полиция қызметкерлері мектеп оқушыларын әрдайым мұқият болып, өз қауіпсіздігіне бей-жай қарамауға шақырып, жеке қауіпсіздік әрекеттерінде «Білім – ең мықты қалқан» деген қағиданы мықтап ұстану қажеттегін баса ескертті.