ШЫМКЕНТТІК ПОЛИЦЕЙЛЕР ОҚУШЫЛАРҒА КИБЕРҚАУІПСІЗДІК, БУЛЛИНГ ЖӘНЕ СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ ТАҚЫРЫБЫНДА САБАҚ ӨТКІЗДІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының полицейлері мектеп оқушыларымен кездесу өткізіп, қауіпсіздік сабақтарын өткізіп жүр. Оқушылармен кезекті кездесу бұл жолы Ұлықбек атындағы №3 жалпы орта білім беретін мектеп қабырғасында өткен.

Polisia.kz сайтының дерегінше, Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері Ұлықбек атындағы №3 жалпы орта мектебінің оқушыларымен өткізген профилактикалық кездесуінің негізгі мақсаты балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталып отыр.

Сабақ барысында оқушыларға жолда, қоғамдық орындарда және интернеттегі қауіпсіздік ережелері, интернет-алаяқтық әрекеттерден қорғану негіздері түсіндірілді делінген ақпарат көзіндегі мәліметте. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылық, өзгелерге құрметпен қарау, буллингке жол бермеу, балалар арасындағы суицид әрекеттеріне жол бермеу туралы айтылды. Әсіресе, бас қосудың кезінде басты назар аударылған тақырып – киберқауіпсіздік мәселесі болып, айрықша ерекше назар аударылды.

Тәртіп сақшылары оқушылармен жүйелі түрде профилактикалық кездесулер өткізудің маңызын атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – балалардың қауіпсіздігін қорғап, олардың өздерін сенімді әрі қауіпсіз сезінуіне жағдай жасау, сондай-ақ түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйрету, – дейді құқық қорғаушылар.

Өз кезегінде сабаққа атсалысқан мектеп мұғалімдері де балаларға мазмұнды әрі өзекті ақпарат бергені үшін құқық қорғаушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай іс-шаралар оқушыларда жауапкершілік пен саналы мінез-құлық қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Кездесу соңында оқушылар құзырлы орган мамандарына өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып, практикалық кеңестер алды.