ШЫМКЕНТТІК ЭКСКУРСИЯ ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы

Алматы облысындағы Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейде 21-ақпан “Дүниежүзілік экскурсия жетекшілерінің күніне” орай ұйымдастырылған “Жауһар жәдігер” республикалық байқауы өтті. Байқауға “Шымкент қаласының музейлер бірлестігі” МКҚК-ның экскурсия жетекшісі Динара Қосмұрат та қатысып, жүлделі 2-ші орынға ие болды.
Бұл байқаудың мақсаты – музей кәсібінің беделін арттырып, экскурсиялық теория білімін тереңдету, музей қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін дамыту және музей қызметін насихаттау болып табылады.
Байқауға еліміздің түрлі өңірлерінен, оның ішінде Шымкент қалалық музейлер бірлестігі, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі, Жетісу облысының “Жаркент мешіті” сәулет және көркемөнер музейі мен Алматы облысының музей қызметкерлері қатысты.
Айта кетейік, Шымкент қалалық музейлер бірлестігі – 2024 жылдың тамызында құрылып, бүгінде құрамына 5 музей кіретін ұжымда 86 қызметкер жұмыс істейді.
С.Дүйсебай