ШЫМКЕНТТІҢ ЕСКІ КӨШЕЛЕРІ: 8-НАУРЫЗ КӨШЕСІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Әлқисса.

Шымкент қаласының ең ескі көшелеріне шолу жасау дәстүрімізді жалғай түсейік. Бұл жолғы тоқталатын көшеміз – 8-наурыз көшесі.

Шымкенттің «Ескі қала» алабындағы тағы бір ескі көшенің бірі – бүгінде 8-наурыз көшесі деп аталатын көше. Бұл көше ХІХ ғасырдағы орыстар келмей тұрған кездегі ескі Шымкенттің ең үлкен магистральді көшелерінің бірі болды. Цитадельдің батыс тұсындағы «Батыс қақпадан» бастау алып, қазіргі «Химфарм» зауыты тұрған тұстағы биік төбеге барып, одан ары Бадам өзенінен өтетін өткелге жалғасып жататын үлкен жолдың бірі болған.

Осы тұста айта кететін нәрсе, қазіргі «Химфарм» зауытының орнында ескі мазар, ал ол мазар ортағасырлық мекенжұрт (поселение) үстінде орналасқан болатын. Ол ортағасырлық мекен Ташкент тараптан келетін керуен жолдың Бадам өзенінен өтетін өткеліне жауапты қызмет атқарған. Ал, қазіргі 8-наурыз көшесі сол мекен мен Шымкент қамалының арасын жалғайтын маңызды магистральді жол рөлін атқарған. Бадам өткелінен өткесін керуен жолы ары қарай қырға шығатын жол – Қасқа жолы арқылы Тәшкентке асады.

Мехнат (қазіргі 8-наурыз) көшесі. 1919 жыл

8-наурыз көшесі. Қазіргі көрініс

ХХ ғасырдың 80-ші жылдары осы көшенің бойына «Қарасу» шағынауданы (21-ші шағынаудан) салынғанда Тимуридтер дәуіріне жататын теңгелер табылған. Демек, бұл көше бұрынғы заманнан керуен тартқан саудагерлердің жиі жүретін жолы болып, әрі жол бойындағы аялдап тұратын керуен сарайлар да осы маңда болса керек.

Орыс патшалығы 1864 жылы басып алғанда да осы көшенің өне бойында көп қырғын жүрген. Кейіннен 1918-19 жылдары Кеңес өкіметі орнап, шаруалар мен еңбекшілердің тірліктері идеологиялық тұрғыда бірінші орынға шықты. Сол тұстары бұл көше «Мехнат көшесі» аталды. Көше атындағы «Мехнат» деген сөз өзбекшеден қазақшаға аударғанда бейнет, еңбек деген сөз ғой.

Көрнекі фотосуреттердің бірінші суретінде көшенің сол 1919 жылы түсірілген кейпі. Ал, екінші суретте қазіргі таңдағы көрінісі көрсетілген.

Кейін Кеңес заманындағы «Кемелденген социализм» кезінде «Ескі қаланың» Мехнат көшесі жақ беті Шымкент қаласының нақ ортасында қалып қойды да, тұрғындар ауыл шаруашылық жұмыстарға араласа алмай қалды. Айнала көпқабатты тұрғын үйлер салынды. Әрі көшеге жақын жерде «Химфарм», Қорғасын зауыттары өркен жайып, еңбекшілер арасында әйел кісілердің еңбегін көтермелеуді көздеген кеңестік идеология жүрді. Соның ықпалымен ХХ ғасырдың орта шенінде көше аты 8-март көшесі деп аталды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта Кеңестік идеологияға үндесетін 8-март көшесі деп аталатын атау ауыспай қалды. Тек қазақшаланып, «8-наурыз көшесі» деп аталатын болды.

Қазіргі таңда бұл көше Д.Қонаев даңғылының «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің «Батыс қақпасы» тұсынан басталып, Ә.Жангелдин көшесі арасын жалғап жатыр. көшенің бойында «Ескі қала» алабының жеке тұрғын үйлері, «Қарасу» шағынауданының көп қабатты тұрғын үйлері, банк және пошта бөлімшелері, «Шымкент» Жоғары педагогикалық колледжі, Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназия, №99 «Мерей» және №99 «Гүлдер» балалар бақшасы, және өзге де шағын кәсіпкерлік нысандары орналасқан.

Д.В.Вележевтің картинасы. 1866 жыл

8-наурыз көшесінің Д.Қонаев даңғылына қиылысатын тұсы. Қазіргі көрініс

Айтпақшы, Шымкенттің көне суреттерін іздей қалсаңыз, 1866 жылы салынған Димитрий Васильевич Вележевтің картиналары шыға келеді емес пе? Сол көне Шымкенттің Цитаделінің батыс жағынан қарағандағы көрінісі бейнеленетін картиналар қазіргі осы 8-наурыз көшесінің бойында тұрып салынған екен. ХІХ ғасырдың соңғы жағында Ресей империясының Ақ патшасына қараған заманда орыс әскерлері Шымкент қамалының «Батыс қақпасынан» бастап, Тәшкентке қарай шығатын жолмен жиі жүрді. Анау әлгілі картинада сол кездегі қару асынған орыс солдаттары кетіп бара жатқан жол сүлдері қазір 8-наурыз атымен аталатын көшенің арғы атасы еді.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 2005 жылғы түлегі, 2019 жылдан бері «Қызмет» республикалық қоғамдық апталық газетінің тілшісі, openkazakhstan.kz туристік-ақпараттық сайтының редакторы