ШЫМКЕНТТІҢ ЖАС ӨНЕРПАЗДАРЫ КАТАРДА
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласының мәдениет саласының өкілдері Катар мемлекетінде іс-сапармен болды. Шымкенттік жас өнерпаздардан құралған топ Доха қаласында қазақтың салт-дәстүрі мен өнерін көрсетті. Делегация тобының негізгі мақсаты Шымкент қаласының шетелдердегі туристік және мәдени бағыттағы сыртқы байланыстарды нығайтуды көздейді.
Іссапардың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздей отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық мерекесі 25 қазан – Республика күні Ұлттық мерекесін Доха қаласында салтанатты атап өту делінген Шымкент қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінің ресми хабарламасында.
Іс-шара барысында делегация жетекшісі Мөлдір Оңдасынова Катар мемлекеті тарапынан Мәдениет министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі департамент басшысы Мариям Аль Хаммадимен ресми кездесті. Кездесу барысында Шымкент және Доха қалалары арасындағы туристік-мәдени қарым-қатынасты нығайту талқыланды.
Іс-шара аясында қазақтың дәстүрлі өнері және рухани құндылықтарын насихаттайтын концерттік бағдарлама ұсынылып, қолөнер туындылары және ұлттық тағамдар көрмесі өтті.
Салтанатты шараға Катар мемлекетінің бірқатар мемлекеттік министрлері, елшілер, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев және Қазақстан Республикасының Катар мемлекетіндегі елшісі Арман Исағалиев қатысты.
OpenKazakhstan-INFORM