ШЫМКЕНТТІҢ МӘДЕНИЕТІНДЕ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚ КӨП

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. «Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді.

Шіліңгір шілденің аптап ыстығында төрт қабырғада өкпесі қысылып, саябақтар мен гүлзарларға шыққан халық кешкі серуенде тамаша жаңалықтың куәсі болды. Халықтың шоғырланған жерлерінде мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Шымқала кештері» концерттік шаралар қала тұрғындары мен қонақтары үшін үлкен мереке мен қуанышқа айналды. Әр сенбі сайын қала тұрғындары Шымкенттің түрлі гүлзарлары мен сабақтарында ерекше мәдени демалып, көтеріңкі көңілге бөленген халық өнерпаздарды сахнадан жібермей, қошемет көрсетті. Халық көңілінен шыққан, халыққа қалтқысыз мәдени қызмет көрсетудің жарқын көрінісі болған, қаламыздың мәдени өмірін байытқан бұл жарасымды жоба жалғасын табуда.

 

Қала күніне орай халық игілігіне пайдалануға берілген мәдениет ордасы – «Tulip Hall» конгресс холл ғимараты мегаполисіміздің шырайын кіргізген  көрнекті орынға айналды. Қаламыздың ірі салтанатты шаралары, мәдени-әдеби жиындары мен өнер жұлдыздарының концерттері жиі өтіп, бүгінде  «Tulip Hall» халыққа кеңінен танылып қалды.

 

Мәдениет үйлері, клубтар мен кітапханалар – тұрғындардың тұрғылықты жеріне ең жақын орналасқан мәдениет ошақтары. Қала аумағында көптеген бой көтерген жаңа клубтар, жекеге өтіп кеткен ғимараттарды мемлекет иелігіне қайтару – бағалағанға үлкен еңбек, толағай тірлік. Қуантарлығы, бірқатар клуб ғимараттарының жанынан көпшілік және балалар кітапханаларының филиалдары ашылуда. Қалалық жасөспірімдер кітапханасы да жаңа жайға жайғасып, оөырманға есігін айқара ашты.

Жошы ұлысының 800 жылдығына орай, Шымкентте тұңғыш рет айтыс өткізіліп, төл өнеріміз төрге шығады. Халықтың сағынышы алабөтен екенін өздеріңіз де білесіздер.

Биылғы жыл бірқатар өнер ошақтарының мерейлі мерекесімен де айшықталды.

Қаламыздағы басты оқиғалардың бірі – қазақ театр өнерінің қалыптасуына атсалысқан тұңғыш тұлғаның атындағы қарашаңырақ  – Ж.Шанин театрының мерейлі жылына орай Орталық Азия елдері театрларының IX халықаралық фестивалін өткізуі.  9 мемлекеттің қатысуымен Шымкентте тұңғыш рет өткен фестивальдің жабылуында Қазақстанның Еңбек ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов те, жалпы қонақтар да жүрекжарды пікірлерін айтып, дән риза екенін жеткізгенін естігенде марқайып қалдық.

Салт-дәстүр орталығының 10 жылдығына орай өткен керемет өткен «Дархан дала дәстүрі мен ойындары» этнофестиваліне  бәріңіз куәсіздер. Бірегей орталығымыз ерекше форматтағы жиын өткізіп, ұлттық дәстүрімізді ұлықтады.

Мерейгер кітапханалар – Пушкин кітапханасы (125 жыл),  Арнайы кітапхана (55 жыл), Әл-Фараби атындағы кітапхана (10 жыл) алыс-жақын елдерден келген қонақтардың қатысуымен халықаралық, республикалық конференциялар өткізілді.   Абай кітапханасы (70 жыл) мерейлі іс-шарасын жақын күндерге жоспарлап отыр.

Өзім басшылық жасаған Әл-Фараби атындағы кітапханасы туралы айтар болсақ,   «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына Жыл кітабы ретінде таңдалған  шығармасы таңдалған, биыл туғанына 100 жыл толған балалар жазушысы Б.Соқпақбаевқа арналған халықаралық конференция өтті. Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің, Астана, Алматы қалаларынан ғалымдардың, Қазақстан Жазушылар Одағы бастаған қаламгерлердің қатысуымен өткен конференцияда сүйікті жазушымыз туралы бізге беймәлім деректер айтылып, кітапсүйер халық бір жасап қалды.

Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханамыздың 10 жылдығына орай «Кітапхана – өркениет мұрасы» атты республика бойынша кітапханашылардың кәсіби басқосуымен қатар, зиялы қауым, серіктестер мен оқырмандарымыздың қатысуымен үлкен кітап мерекесі өтті.

Қазақта  қарашаңыраққа «қазаның оттан түспесін» деген әдемі бір бата-тілек бар,   біздің ортақ шаңырағымыз – Шымшаһардың мәдениетінің қазаны оттан түспей, мәдени өмірі еңбекпен қыз-қыз қайнап жатыр.  Руханиятымыздың өзегі болып табылатын мәдениеттің мерейі арта берсін!

Анар ЖАППАРҚҰЛОВА

белгілі айтыскер ақын, Әл-Фараби кітапханасының директоры