ШЫМКЕНТТІҢ ПІРІ ДӘРУІШ АТА (ХІІ ғ.) ЖАЙЛЫ АЗ-КЕМ СӨЗ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкентке Тәшкен тараптан кіріп келе жатқанда оң жақтағы қыр үстіне жайғасқан мазаратты көресіз. Бұл – бүгінде қаладағы ең ескі мазараттардың санатына жатып қалған «Қасқа» мазары. Осы мазараттың қалаға төніп тұрған тұсында көк күмбез көрінеді. Ол кесене ел аузында аты аңызға айналған Дәруіш ата әулиенің қабірі. Бұл – Шымкенттің тарихи-мәдени ескерткіштері санатына жататын ерекше нысан. Орналасқан жерінің географиялық координаты 42°17’38.4″N 69°34’16.0″E (1-сурет).

Дәруіш-Мұхаммед кесенесі

ДӘРУІШ АТА ДЕРЕГІ ШЫМКЕНТТІҢ ЖАСЫН АНЫҚТАУҒА СЕБЕП

Шымкент қаласының тарихын қозғаған кез-келген тарихшы А.Добросмысловқа бір тоқталып өтеді. Олай болатын да өзіндік себебі бар. Революцияға дейінгі уақыттағы Сырдария қалаларының тарихымен айналысқан Түркістан өлкесінің публицисі А. Добросмыслов Шымкент қаласының жасына қатысты өз пайымын жазады. Ол сауалнама мәліметтері мен этнографиялық деректерді пайдалана отырып, Шымкент қаласы XII ғасырдың алдында-ақ өмір сүрген деп мәлімдейді. Оның мұндай тұжырымға келуінің негізгі дәлелі ретінде қаланың байырғы тұрғындарының қала аумағында Қожа Ахмет Ясауидің замандасы Дәруіш бабаның сүйегі жатыр деген сөзі себеп болған (1). Міне, тарих ғылымының айналымына Дәруіш ата туралы алғашқы дерек осылайша еніп кетті. Шымкент қаласының тарихы туралы бір ауыз пікір айтқысы келетін тарихшылардың барлығы дерлік А.Добросмысловқа сілтеме жасап, Дәруіш ата туралы тоқталып өтуіне мәжбүр.

Дәруіш ата туралы деректер қазақтілді еңбектерде там-тұмдап кезігіп қалып тұрады. Ал, интернеттен іздей қалсаң, бірді-екілі ғана «Шымкент қаласының пірі» деген мәлімет шығарып береді (http://www.madeniportal.kz/article/2133). Сондай-ақ, шымкенттік өлкетанушы Е.Оспановтың shymkala.kz сайтынан «Шымкенттің Қошқар ата және Баба Дәруіш деген екі пірі болған» дейтін пікірін де жолықтырдық (2).

Ал, орыс тілді интернет көздерде бірнеше «Дервиш Мухаммед» деген кісі аттары кезігеді. Оның бірі ХҮ ғасырдың соңында өмір сүрген суретші болса, екіншісі ХҮ-ХҮІ ғасырларда сопылықтың нақышпандия тариқатының 21-шы шейхы болыпты. Тағы бір Дәруіш Мұхаммед деген тұлға ХҮІ ғасырда Тәшкенді билеген хан болған дейтін деректі кезіктіктіресің. Бірақ ол тұлғалардың ешқайсысы Шымкенттегі Дәруіш атаға қатысы жоқ. Сондықтан олардың ешқайсысына назар бұрмай, сілтеме бермедік. Тек silkadv.com сайтының ғана «Поездка из Сайрама в Шымкент» дейтін мақаласында Мухаммад Дервиш ата туралы деректері біздің тақырыпқа орайласып тұр (3).

Сонымен, Дәруіш ата деген кім? Әлбетте, аты айтып тұрғандай ислам ғұламасы, сопылық ілімді ұстанған, тассауф ілімін өмір салтына айналдырған шайқы болғаны белгілі. Тек, қай заманда өмір сүрді, Шымкент өңіріне қалай келген?

Қолдағы кітаптарда оның ескі кесенесі Шымкенттің қазіргі «Айгүл» аялдамасы маңында болғаны, өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары бұзылып, кесене орнына көпқабатты үй мен дүкен салынғаны туралы айтылады. Ал, Дәруіш атаның сүйегі қазып алынып, қазіргі Қасқа мазаратына қайта жерленіпті делінеді. Қала тарихын зерттеушілер академик В. Бартольдтың Дәруіш ата кесенесінің ХІІ ғасырда салынғанын меңзеген сөзіне сілтеме жасап, Шымкент қаласы кем дегенде 900 жыл бұрын да қазіргі аумағында өмір сүрген деп сендіре түседі.

КЕСЕНЕНІҢ АЛҒАШҚЫ ОРНАЛАСҚАН ОРНЫ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

Дәруіш атаның кесенесі ХХ ғасырдың 1965-70 жылдарына дейін қазіргі «Айгүл» аялдамасына жақын маңда тұрғаны туралы деректі М.Әбдіәкімұлы құрастырған «Шымкент қаласының тарихы» деп аталатын еңбекте де аталып өтіпті. Онда: «1965-70 жылдарға дейін қазіргі Әл-Фараби алаңының түстік жағынан ағып өтетін Қошқарата бойында көптеген көне молалардың орындары болатын. Мұнда молалардың ең көрнектісі Дербіш бабанікі еді. Өкінішке орай, осы жерге 1970 жылдары «Айгүл» дүкені мен оның маңындағы көп қабатты үйлер салынғанда осы молалардың барлығы, оның ішінде Дербіш бабанікі де бар, сырылып кетті» деп дерек береді. Ал, бұл молалар қорымының тамыры тереңде, тіпті біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде өмір сүрген Сақ тайпаларынан қалған обаларға кетеді екен (4).

Дәруіш ата мазараты туралы тағы бір деректі Абайдың ұлы Тұрағұлдың бейітін іздеген М.Кенжебайдың мақаласынан кезіктіруге болады. Ол: «Біздің мақсатымыз – Тұрағұл Абайұлының қабірінің қайда қалғандығын анықтау болғандықтан, Ералы Әсілханұлынан соған қатысты мәліметтерді сұрай түстік. Оның айтуынша, қазіргі Ескі қалашық, «Химфарм» аялдамасынан бастап «Колос», «Рахат», «Акация» маңайы мен Б.Момышұлы көшесі, №7 мектептің маңы өткен ғасырларда үлкен қорым болған. Бұл жер Дәруіш баба қорымы аталып кетіпті. Бала Ералы баба Дәруіш жайлы алғаш әкесінен естіпті» дейді (5).

Қазіргі таңда, аталған «Айгүл» аялдамасының маңында, Ә.Жангелдин көшесі бойындағы 9/а үйдің алдындағы ауланың Қошқарата өзені жақ бетінде қоршалған алаңша тұр. Алаңшаның қоршауына «Бұл жерде Шымкенттің пірі – баба Дәруіш әулиенің мәйіті бірнеше ғасырлар бойы жатқан. Өтініш, тазалық сақтаңыздар!» деген ескерту тақтайша ілінген (2-сурет).

Дәруіш ата кесенесінің алғашқы орны

Ауызша деректерде Дәруіш ата Қ.А. Ясауидің замандасы, кей мәліметтерде ағасы (Ибрагим атаның ұлы) немесе немере туысы болыпты деп кезігеді екен. Олай болса, В. Бартольдтың Дәруіш атаға қатысты ХІІ ғасырда өмір сүрді дегені расқа айналады. Ел арасында Дәруіш атаға қатысты бірнеше аңыз нұсқалары жетіпті. Ол аңыздардың бірінде мынандай бір оқиға баяндалады. Бірде Қ.А.Ясауи Сайрамда алған өз білімін Бұқарада толықтырғысы келіп, жолға жиналады. Оны естіген Мұхамет Дәруіш ата «Ахмет өз анасын жалғыз қалдырып кете бере ме?» депті дейді. Сонда Ахмет саманнан соғызған қоршау үстіне шығып отырып алып, «Шу!» дегенде үйі түгелімен қозғалып, батысқа қарай жөнеліпті дейді. Бұдан кейін Дәруіш ата іліміне шек келтіргені, Ахмет қожадан төтелеп айтқан сөзі үшін кешірім сұраған екен деседі.

Дәруіш атаның Сайрам мен Шымкент маңын мекен еткені туралы тағы бір дерек ХІХ ғасырда қағазға түскен «Сайрам аңыздары» деген еңбекте де кезігеді (6). Онда «Ишан (Бәлегардан баб) қабірінің шығыс жағында Исмаил атаның қасиетті қабірі бар. Ол кісі әзіреті Мұхамед Дәруіш атаның ұлы болып келеді» деген жолдар бар («Қазыналы Оңтүстік», 146 том, Алматы 2014, 58-бет).

Біз жолықтырған дереккөздерде Қ.А.Ясауи және Бақырғани кітаптарында Мұхамед Дәруіштің ғазал-өлеңдерін кездестіруге болатыны, өлең мағынасы мен құрылымы жағынан сопылық сарында екені көрсетілген. Алдағы уақытта қолымызға түсіп жатса, оған да кішігірім сілтеме жасармыз. Сондай-ақ, М.Куприлозаданың «Турк адабиёетида илк мутасаввуфлар» және сегіз томдық «Тюрко-Исламский энциклопедический словарь» дейтін еңбектерде Хорезмде білім алған әйгілі Мұхамед Қожа деген ғалым туралы кішігірім мәлімет кездеседі екен (сілтеме: https://silkadv.com/en/content/dervish-ata-mogila).

Ал, Қ.Тәжиевтің жетекшілігімен 2018 жылы жарық көрген «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» дейтін еңбектің ІІ том, 471 бетінде біршама мәліметтерді жолықтырдық. Соның бірі «Аткемер» («Откумар») жайлы аңыз. Ертеректе қазіргі «Айгүл» аялдамасы тұрған жер «Аткемер», «Бабатұт» деп аталып, қалың ағаш ішінде Дәруіш ата мазары болыпты. Ол жердің маңынан өтетін жолаушылар атынан, өгіз-түйе арбаларынан түсіп, жаяулап дұға жасай өтеді екен деседі. Егер, атынан түспей өтіп құрметсіздік жасаса, атынан құлап, әйтеуір бір кесірге душар болады екен. сондықтан, «Аткемер» («Аткешер») деп атап кетсе керек (7).

«ОНЫҢ СҮЙЕГІН КӨШІРУГЕ ШҮКІР ДАМЫЛЛА, МЕНІҢ ӘКЕМ АХМЕТЖАН ЖӘНЕ МАХИРА АПА ҮШЕУІ БАСШЫЛЫҚ ЖАСАДЫ»

Дәруіш ата мазарына зиярат етушілер қатарында Өзбекстаннан, әсіресе Хорезм жақтан арнайылап келетін зияратшылардың қатары көп сияқты. Өйткені, жоғарыда айтылған деректегідей, Дәруіш ата білімін жетілдірген, әрі еңбектері сақталған аймақ – Хорезм. Сондай-ақ, Дәруіш ата әулие мен Хорезм елін байланыстыратын тағы бір аңыз бар екен. Ол аңызда Сайрам елін шығыс жақтан келген жау шауып, ел батыс тарапқа қарай босады. Соның ішінде Шымкент өңірінің де кітапханалары бар екен. Түйеге артылған сандық толы кітаптарды Әмудария жағасына жеткенде жау қолына түспес үшін суға ағызуға душар болады. Ал, әлгі сандықтың ішінде Мұхамед Дәруіш атаның кітаптары болған екен. Сандықтар су ағысымен ағып, Хорезмге жеткенде жағалауға шығып қалады. Кітап толы сандықты тапқан хорезмдіктер өз елінің ғалымдарына жеткізеді. Кітаптың ғалым әрі әулие Дәруіш атаға тиесілі екенін білген ғалымдар, кітап авторын өздерінің ұстазы деп таныпты деседі.

Міне, Дәруіш ата туралы аңыздар сарыны өте көп. Сондай аңызға айналған тұлға жатқан Қасқа мазаратына барып, Дәруіш ата кесенесіне құран оқып, зиярат еттік. Ондағы тағы бір мақсат, әулие туралы бір дерек тауып қаламыз ба деген ой еді. Бізді өзін Мамыржан Ахметжанұлы Ибрагимов деп таныстырған мазарат қараушысы қарсы алды.

– Бұл Қасқадағы мазаратты менің әкемнің әкесі Ибрагим ата ашқан екен. Шамамен өткен ғасырдың 30-шы жылдары болса керек. Содан бері бұл мазаратқа әкем қарады, одан кейін біз қарап отырмыз, үш ұрпақ ауысыпты. Оған дейін ескі мазарат қазіргі «Жамалбек қажы» сауда орталығы тұрған Таштракт көшесі бетте еді. Ол мазарат жабылып, сүріліп кетті. Сонсын барып 30-шы жылдары осы Қасқа мазараты ашылған ғой.

Мұхамед Дәруіш ата Түркістандағы Қ.А.Ясауидің ия ағасы, ия інісі болып келеді. Бұрынғы қабірі Ескі қала жақтағы «Айгүл» аялдамасы маңында «Кулинария» деген дүкен болған, соның артқы жағында еді. Қошқарата өзені жағасында. Қазір де кішірек темір тормен белгісі тұр. Өткен ғасырдың 1970-75 жылдары сүйегін осы Қасқа мазаратына көшіріп шығарған. Оның сүйегін көшіруге Ескі қалада имам болған Шүкір дамылла, менің әкем Ахметжан және Махира апа деген тәуіп кісі үшеуі басшылық жасады.

Дәруіш ата өз заманында ірі ғалым, әулие кісі болған екен. Осы жердің өзінде талай ғажайыптар болып тұрады. Ғайыптың ісі ғой, ғайыптың ісі жайлы ештеңе айтпаймын. Ол – сыр. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын, – дейді Мамыржан аға.

Қасқа мазаратының Шымкенттің үстінен қарап тұрған мүйсінде орналасқан көк күмбезді кесене – сол Дәруіш атаның қайта жерленген жері. Үстіндегі кесенені Махира апаның ұйытқы болуымен салынған екен. Махира апаның жерленген жері де сол кесененің туры іргесінде тұр. Дәруіш ата кесенесінің ішіне қойылған үлкен құмтасқа ескі жазумен жазылған жазу бар (3-сурет).

Дәруіш ата әулиенің алғашқы тасы

Ол тас бір кездері Дәруіш атаның ескі кесенесінің алдында тұрған екен. Сүйегі қайта жерленген кезде басындағы тасы да осында әкелінген. Дегенмен, бұл тасқа қашалған жазулар осы уақытқа дейін зерттеу көрмей, оқылмай жатыр екен.

«ҚОЛДАЙ ГӨР, ҚОШҚАР АТА, БАБА ДӘРУІШ,

ШЫМКЕНТТЕ ҮЛКЕНІ СЕН ЕҢ ҰСТЫНЫМЫЗ!»

Дәруіш атаға қатысты ауыз әдебиетіндегі тағы бір деректі Майлықожаның өлеңдерінен кезіктіруге болады (8). Ертеректе «Қоян жұт» деген жұт болып, қыста мал жұтап, қымбатшылық қысып, жұрт қыстауынан ұзап көше алмай қалған кез болыпты деседі. Сондай кезде халық ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлы Шымкентке келген сәтінде Қасымбек ұлықтың үйіне қона жатып жазған өлеңінде мынандай жолдар бар:

Біз көндік құдіреттен болса әр іс,

Айырылып мұсылманнан қылдық налыс.

Қоныстас қолыңда өскен мүритің ек,

Қолдай гөр, Қошқар ата, Баба Дәруіш!

 

Қолдай гөр, Қошқар ата, Баба Дәруіш,

Дұшар болды, ұйқыдағы түсте жоқ іс.

«Тайы озсын ауылдастың» деген еді,

Барады айдап кетіп мынау орыс.

 

Болғай ма біздің асан мүшкіліміз?

Ел көрер болар ма екен хош күніміз?

Қолдай гөр, Қошқар ата, Баба Дәруіш,

Шымкентте үлкені сен ең ұстынымыз.

Халық ауыз әдебиетінде «Сайрамда бар сансыз баб…» деп басталатын бір ауыз сөзде айтылып тұрғандай, Сайрам мен оның маңындағы алқапта сансыз жатқан қасиетті әулие кісілер болғанын шырамытып тұр. Сол сансыз бабтың бірі – Мұхамед Дәруіш ата болған секілді. Майлықожа ақынның Қошқар атаны «ата», Дәруіш әулиені «баба» деп айтуында да бір сыр бар. Бастапқыда «Дәруіш баб» түрінде аталып, «Дәруіш баба», одан «Дәруіш ата» дейтін тұлғалық атау қалыптасқан-ау.

Көріп отырғаныңыздай, Майлықожа ақынның өзі «Қолдай гөр, Қошқар ата, Баба дәруіш!» деп Шымкенттің қос пірі Қошқар ата мен Дәруіш атадан медет тілеп отыр. Осындай өз заманында бір қаланың ұстыны болған тұлғалар бүгінгі заманда неге қолдаусыз жатыр?

Соңғы кездері Шымкент қаласындағы Ә.Жангелдин көшесінің атауын өзгерту жайында мәселе жиі көтеріліп жүр. Оған себеп, Жангелдиннің қызыл содырлар отрядының басшысы ғана емес, қазақ еліне тигізген зардаптары аз болмағаны алға тартылады. Мақұл, көше атауы өзгере қалса, кімнің аты берілу керек?

Біздің ойымызша, Мұхамед Дәруіш ата аты берілгені жөн. Өйткені, Дәруіш атаның алғашқы жерленген жері «Айгүл» аялдамасы сол көшенің бойында. Оған қоса, Шымкенттің Бас жоспарында қазіргі Жангелдин көшесі Бадам өзенінен өтіп, «Сәуле» мөлтекауданы тұрған бетке қарай созылатыны көрсетілген. Олай болса, ол созылған көше қазіргі Дәруіш ата кесенесі тұрған Қасқа мазарын жанай өтеді. Тағы да Дәруіш ата алдынан қарсы алмақ. Шымкенттің тарихын сонау 2 мың жылдық тамырдан бастап жатқан шақта В.Бартольдтің өзі сілтеме берген ХІІ ғасырға тиесілі Дәруіш ата атауын жаңғырта түсу керек шығар. Ол атау ХІІ-ХІҮ ғасырларда Шымкенттің пірі болған атау ғой. Мүмкін, руханиятын қайта оятса, ел де оянар?

 Сілтемелер:

(1) Добросмыслов А.И. Города Сыр-Дарьинской области: Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулие-Ата и Чимкент. – Ташкент, 1912. – 201 б.

(2) Оспан Бердалы. Қазақ қандай пірлерге сыйынған? // https://madeniportal.kz/article/2133 ; https://qazaquni.kz/rukhaniyat/73559–aza-anday-pirlerge-syiyyin-an

(3) Дервиш-ата могила. Достопримечательности Сайрама. Поездка из Сайрама в Шымкент. https://silkadv.com/en/content/dervish-ata-mogila

(4) Әбдіәкімұлы Момбек. Қала қашан пайда болған? // Шымкент қаласының тарихы. Алматы; «Қаламгер» баспасы, 2021, 20-21 беттер.

(5) Кенжебай М., Исабек Ә. Тұрағұл Абайұлы қайда жерленген? // Jas qazaq. №46 (878), 18.11.2021 ж.

(6) «Қазыналы Оңтүстік», 146 том, Алматы 2014, 58-бет

(7) Тәжиев Қазыбек. Дәруіш ата әулие // Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы: үш томдық. 2-том. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2018. – 471 беті.

(8) Майлықожа Сұлтанқожаұлы. Айтайын өткен күннен бір хикаят. https://kozhalar.kz/20197948-ajtajyn-otken-kunnen-bir-hikayat

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ