Шымкент: ЕАЭО аясында жасанды интеллект пен сауда мәселелері талқыланды
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.Бектеновтің төрағалығымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің тар форматындағы отырысы өтті. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлаған.
Аталған отырысқа Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы А.Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы М.Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі А.Турчин, Армения Республикасының вице-премьері М.Григорян, ЕЭК алқасының төрағасы Б.Сағынтаев қатысқан.
«Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етіп жатыр. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына жолдаған үндеуінде төрағалықтың негізгі басымдықтарын атап өткен болатын. Олар: жасанды интеллектіні экономикалық интеграцияның дамуына жаңа құрал ретінде пайдалану, кедергісіз орта қалыптастыру және сауда географиясын кеңейту.
Бірлескен күш-жігер арқылы интеграциялық үдерістерге қосымша серпін бере аламыз деп сенемін», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырыс барысында қатысушылар сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасқан. Айта кету керек, бұл жиын «Индустрия 5.0: Өзара ықпалдастық күші» тақырыбына арналған Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы қарсаңында өтті, бұл көпжақты диалогты тереңдетуге ықпал ететін болмақ.
Сондай-ақ, бастамашы топ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ЕАЭО аясында жасанды интеллектіні жауапты дамыту жөніндегі бастамасына баса назар аударды. Бұған қоса, елдер экономикасын одан әрі дамыту және жалпы салалардың тиімділігін арттыру перспективаларын қарастырды. Жасанды интеллект технологиялары логистикалық үдерістерді жеделдетуге, ашықтықты арттыруға және жеткізілімдердің тиімді цифрлық тізбектерін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні жайында атап өтті.
Көрнекі фотосурет ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінен алынды