ШЫМКЕНТ: ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ҚЫЗМЕТІНЕ 30 ЖАҢА АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ
- Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жұмыс бабымен қаланы аралау барысында жедел медициналық жәрдем қызметіне 30 жаңа санитарлық автокөліктің кілтін табыстады. Бұл жайында Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі ақпарат бөлісіп отыр.
Мегаполис басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы медицина ұйымдары мен шұғыл қызметтердің материалдық-техникалық базасын жаңарту әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі екенін айтты. Жедел жәрдем автопаркін жаңарту – халыққа көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасы мен жеделдігін арттырудағы маңызды қадам.
«Hyundai STARIA» маркалы жаңа санитарлық автокөліктер заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Көліктерде кардиографтар, дефибриллятор-мониторлар, өкпені жасанды желдету аппараттары, электрлі сорғыштар, оттегі баллондары, арнайы зембілдер және қорғаныш қалқандары бар.
Сонымен қатар, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков денсаулық сақтау ұйымдарына «Аль-Фараби фарм Лтд» ЖШС демеушілігімен сатып алынған, медициналық жабдықтарға арналған сертификаттар табыстады. Тапсырылған жабдықтардың қатарында жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар, функционалдық және реанимациялық төсектер бар. Бұл жабдықтар нәрестелерді күтіп-бағу сапасын арттыруға және ауыр хәлдегі науқастарды тиімді емдеуге мүмкіндік береді.
Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы денсаулық сақтау саласын жаңарту және Шымкент тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде қалалық жедел медициналық жәрдем қызметі 10 қосалқы станция базасында жұмыс істейді. Тәулік бойы тұрғындарға 115 бригада шұғыл көмек көрсетеді, оның ішінде 28 дәрігерлік және 87 фельдшерлік бригада бар.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі