ШЫМКЕНТ ЖӘНЕ БЕРГЕН ҚАЛАЛАРЫНЫҢ (НОРВЕГИЯ) БАУЫРЛАСТЫҒЫ АЯСЫНДА МӘДЕНИ САПАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласының өнерпаздары Норвегияның Осло және Берген қалаларында арнайы іс-сапармен барды. 2024 жылғы қараша айының орта шенінде Қазақстан Республикасының халық әртісі Майра Мұхамедқызы бастаған Шымкент қаласының өнерпаздары Норвегия корольдігінің Осло және Берген қалаларында өнер көрсетті.
Салтанатты шараны Норвегия Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Әділ Қапанұлы Тұрсынов ресми ашты. Шараға Норвегияның бірқатар мемлекеттік министрлері, мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпус пен қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Іс-шара аясында қазақтың халық әндері мен күйлері орындалып, концерттік бағдарлама ұсынылып, қонақтарға Шымкент қаласының дәм-тұзы ұсынылған гастрономиясы таныстырылды.
Іссапар барысында делегация жетекшісі Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынованы елші Әділ Тұрсынов ресми қабылдады. Кездесу барысында Шымкент пен Берген қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату мәселесі талқыланып, осы ретте жүргізілетін жұмыстардың жоспары нақтыланды.
Айта кету керек, Берген Норвегияның мәдени және іскерлік орталығы болып саналады. Бауырластық қарым-қатынас орнату жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және мәдени-экономикалық байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік береді.