ШЫМКЕНТ: «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ТАҚЫРЫБЫНДА ЕРЕКШЕ ФОТОКӨРМЕ ӨТТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығында полицейлердің күнделікті қызметі мен жанқиярлық еңбегін насихаттауға арналған «Заң мен Тәртіп» атты фотокөрме ұйымдастырылып отыр. Бұл жайында polisia.kz ақпараттық медиа-порталы ақпарат бөліскен.

Көрмеде құқық қорғаушылардың күнделікті көшелерді патрульдеуінен бастап, барынша зейін мен батылдықты, кәсібилікті талап ететін сәттеріне дейінгі жұмысын шынайы бейнелейтін жарқын, әрі әсерлі фотосуреттер қойылған.

Әрбір сурет полицейлердің қиын да абыройлы еңбегі туралы баяндайтын тірі құжат іспетті. Фотокөрмеге қойылған картиналар құқық қорғаушылардың қауырт тыныс-тіршілігі арасындағы әрекеттерін шынайы да сенімді көрсетіп тұрды.

Іс-шараның ерекше атмосферасын Ұлттық ұлан оркестрінің өнері толықтыра түсті.

Фотокөрмені жүздеген адам, оның ішінде ересектер мен балалар да тамашалады. Қонақтардың қатарында арнайы «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да болды. Бұл олар үшін жауапкершілік пен қоғамға қызмет етудің көрнекі әрі шабыттандыратын үлгісі болды. Жастар фотоэкспозициямен танысып, сұрақтар қойып, өз әсерлерімен бөлісті.

– Бұл көрме арқылы полиция қызметкерлерінің қоғам тыныштығын күзету жолындағы еңбегімен жақынырақ таныстық. Мұндағы суреттерден олардың табандылығы мен өз ісіне адалдығы көрінеді. Әр адам көрмеден өзіне қажетті ой түйеді: біреу үшін – бұл үлгі алатын мамандық, енді біреу үшін – құрметке лайық еңбек, ал кейбіреулерге – шабыт беретін оқиға, – деп бөлісті келушілердің бірі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – халықтың сенімін арттыру мен полицейдің бейнесін Заң мен Тәртіптің қорғаушысы ретінде қалыптастыру. Сондай-ақ, мемлекет басшысы көтеріп жүрген «Заң және Тәртіп» қағидасына өзіндік үн қосу, «Әділетті Мемлекет» құру бастамасына қолдау білдіруді көздейді.

Осы тұста айта кететін нәрсе, мұндай «Заң мен Тәртіп» деп аталған фотокөрме еліміздің түкпір-түкпірінде, Астана, Алматы қалалары, Қарағанды, Абай және өзге де облыстардың орталықтарында ұйымдастырылған болатын. Енді Шымкент қаласында да жалғасын тауып, ел ішілік эстефетаға айналып, ұласып жатыр.