ШЫМКЕНТ: КӨКСАЙ ШАҒЫНАУДАНЫ АУМАҒЫН ЖАҢАРТУ АЯСЫНДА 20 ОТБАСЫ ЖАҢА ПӘТЕРЛІ БОЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасы жоспарлы түрде іске асырылып келеді. «Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бұған дейін Транспорт көшесіндегі №5 үй және Ж.Нұрлыбаев көшесіндегі №2 үй мекенжайларында тұрып келген 20 отбасы мүшелеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Бұл жайында Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Айта кетейік, Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасын іске асыру басталғалы бері бүгінгі таңға дейін шағын ауданнан 103 отбасы көшірілген. Ұзақ жылдар бойы тозығы жеткен үйде күнелтіп келген тұрғындар қайта жаңғырту бағдарламасы аясында заманауи әрі жайлы баспанаға ие болып отыр. Тұрғындар «Шымкент-сити» және «Тұран» шағынаудандарындағы абаттандырылған жаңа әрі жайлы тұрғын үйлерге орналастырылды. Таза әрленуімен тапсырылған пәтерлердегі бөлме саны тұрғындардың бұрынғы қоныстанған үйлеріне толық сәйкес келеді және қоныстануға толық дайын қалпында беріліп отыр.

Үшінші мегаполис басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы жаңа қонысқа жайғасқан отбасылардың қоныс тойымен және мемлекеттік мерекемен құттықтап, денсаулық, бақ-береке және барлық бастамаларына табыс тіледі. Шаһар әкімі тұрғындарды қуанышымен құттықтап, аталған Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасының мегаполисті одан әрі дамытуда, халықтың өмір сапасын арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұл Көксай шағынауданын жаңарту тұжырымдамасы аясында тұрғындарды көшіру және оларды жайлы баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Бұл жоба бойынша ескі үйлердің орнына көпқабатты тұрғын үйлер салумен бірге, өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарды кезең-кезеңімен салу жоспарланған. Сонымен қатар, аталған шағынауданды кешенді түрде жан-жақты абаттандыру жұмыстары және халықтың өмір сапасын арттыруға ықпал ететін инвестициялық жобалар да қарастырылған.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі