ШЫМКЕНТ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ІРІ КӨЛЕМДЕ ҚАРЖЫ АЙНАЛЫМЫН ЖАСАП ОТЫРҒАН ДРОППЕРЛЕРДІ ҚОЛҒА ТҮСІРДІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының Полиция департаменті фейсбуктегі ресми парақшасында дропперлік әрекеті үшін ұсталған күдіктінің сөзін жариялаған. Ресми парақшаның дерегінше, аталған күдікті өзінің банк шотын үшінші тұлғаларға пайдалануға беріп, интернет-алаяқтардың заңсыз 141 миллион теңге қаражаттың айналымын қолма-қол ақшаға айналдырған.

Полиция департаментінің жарияланымында қылмыстық іске қатысы бар жас жігіт өзінің оқиғасын баяндайды. Құрықталған азамат банк шотын өзге пайдаланушыға беріп, қалай дроппер болғанын айтып берді.

Мессенджер арқылы белгісіз тұлға оның шотын ақша аударымдарын қабылдап, қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қолдануды ұсынған. Жас жігіт ол ұсынысқа келіскен. Кейіннен ол бұл іске өзінің таныстарын тартқан. Шотынан алынған қолма-қол ақшаны ол өзі жеке танымайтын тұлғаларға беріп отырған. Ер адам өзінің заңды бұзып және жақындарын да қиын жағдайға түсіргенін білмегенін жеткізді.

Бейнетүсірілімдегі бет-бейнесі тұмшаланған жас жігіт дропперлік әрекетке қалай араласқанын, қылмыстық айналымдағы қаражаттарды қалай қолма-қол ақшаға айналдырып беріп отырғаны туралы былай дейді:

– Мен сіздерге Telegram месенджері арқылы бұрын хабарласқан үшінші тұлғаларға банк шоттарыымды қалай пайдалануға бергенім туралы айтып бергім келеді. Маған тапсырылған жұмыс – өзімнің Kaspi Bank қосымшасындағы шотымды үшінші тұлғаларға беру болды, ал олар содан кейін менің шотыма түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырды. Сонымен қоса, мен өзімнің достарымды, таныстарымды да осы тірлікке шақырдым, қазіргі таңда олар да жауапқа тартылып жатыр.

Менің шотым арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражатты одан әрі белгісіз біреулерге беріп отырдым, немесе аударып беріп жүрдім. Мен өзімнің тағдырымды бәйгеге тігіп, ата-анамды да уайымға салып, қауіп-қатерге душар еттім, осындай қылмыстық құқық бұзушылық жасағаныма өкініш білдіремін, – дейді күдікті азамат.

Полиция мұндай заңсыз қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру схемаларына қатысу – қылмыс болып табылатынын, оған қоса қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкелетінін еске салады. Қазақ халқы «Бұл неткен батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» деп қасқыр да ойланады екен дейді емес пе? Оңай олжаны құп көрудің соңы осындай опық жеуге әкеліп соқтыруы мүмкін дейді мамандар.