Алматы қаласында орналасқан Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Шымкент қаласы суретшілерінің «Түрлі-түсті жаңбыр» топтық көрмесінің ашылуы өтті. Аталған көрмеде осы өңірден шыққан Қазақстанға танымал, белсенді суретшілер Насыр Рүстемов, Араншы Шаржанов, Сұлтан Иляев, Абдуахат Мұратбай, Мұхтар Бекеновтың 50-ден астам туындылары қойылған. Көрменің ашылу салтанаты туралы аталған музейдің фейсбук желісіндегі реми парақшасы ақпарат бөліскен (Государственный музей искусств Республики Казахстан имени Абылхана Кастеева https://www.facebook.com/@gmi.rk/ ).
Көрме ашыла салысымен-ақ өз тамашалаушыларын жинап алды. Көркемөнер өнерін сүйетін қауым ілінген картиналар қатарын кезіп, қылқалам шеберлерінің көрсеткісі келетін әлеміне еніп кетті. Енді, суретшілер мен олардың еңбектері ретіне тоқталып, аз-кем таныстыра кетейік.
Көрмеге қойылған Н. Рүстемовтың «Аймен жарықтанғандар», «Егіздер», «Түн», «Жанұя» және т.б. графикалары ақ-қара түстің үйлесімінде шешілген. Автор ықшамды пішіндер мен бейнелерге сәуле шағылыстыруда, адамның ішкі болмысын тұңғиықтан шығарып суреттейді.
А. Шаржановтың «Күз», «Бұлақ басында», «Құрбылар» сынды т.б. композицияларында түстерді ойнатуы ерекше. Туындыларында қарбалас пен уайымнан айырылған бояулар өмір сүреді. Бұл ғылыми этнографиялық көзқараста, бір кездері өркениет шығындарынан азат болған халықтың өмір салты туралы ностальгиялық оймен ұштасады.
С. Иляевтың «Күннің туылуы» 2023, «Ақ тау» 2023, «Толқын» 2024 «Бабалар үйі» 2024, және т.б. туындыларында қазақ сәндік-қолданбалы өнері, отбасы мүшелері, және жануарлар әлемі сынды элементтер негізгі орын алған. Ол мәңгіліктің бастауы болып табылатын уақытты кеңістікке енгізіп, рухани әлемге көз жүгіртеді.
А. Мұратбайдың «Ескі ауылда», «Алтын қайық», «Айтыс», «Құрбандық» және т.б. шығармаларында қазақтың ұлттық образдары модернизм ағымымен үйлесіп, құрақ техникасы стилінде жазылған. Кескіндемешінің өнерінде символдар мен бөлшектерде жасырылған ұлттық философияның элементтері, күрделі сәндік формалардың пластикасы арқылы көрінетін декоративтілік кездеседі.
М. Бекеновтың «Кеме», «Афросиаб», «Келте Машат», «Аристотель мен Әл-Фараби», атты шығармаларында көне түркілік елді мекендер, ұмытылып бара жатқан рухани мәдениеттер туралы мәселелер көтерілген. Ежелгі өркениеттердің жетістіктеріне жүгіну, ұлттық бастауларға жеке назар аудару оның көркем қолжазбасын айқындайды.
Осы тұста айта кетерлік нәрсе, еліміздің кез-келген қыл қалам шебері үшін Алматы қаласында орналасқан Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде көрме қою үлкен абырой саналады. Мұндай шараға картинасын қоюды әр жас суретші бала кезінен бастап арман-мұратына санап, мақсат етеді. Сондықтан, шымкенттік суретшілердің жасақтап, көрерменіне ұсынып отырған бұл көрмесі – мәдениет саласындағы елеулі жаңалық саналады.
Экспозиция қараша айының 28-не дейін жалғасады. Көрме жетекшісі – Сандуғаш Мырзабекова. Егер, Алматыда бола қалсаңыз, қарашаның соңына дейін уақыт тауып, көркемөнер әлемінен бір рет рухани ләззат алатын мүмкіндік бар. Мұндай әр-алуан тақырыптағы картиналар жинағы күнде бола бермейтінін шамалай беріңіз.