ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНЫ ӨЗ ШОТЫНАН 180 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАРЖЫСЫН АЛАЯҚТАРҒА ҚАЛАЙ АУДАРЫП БЕРГЕНІН АЙТЫП БЕРДІ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім болып жұмыс істейтін  азаматша алаяқтарға алданып, өз шотынан 180 мың теңге қаржысын қалай аударып бергенін openkazakhstan.kz тілшісіне айтып берді. Абырой болғанда, интернет-алаяқтардың арбауынан дер шағында шығып үлгеріп, одан кейінгі қаржысын аударып жібермегенін олжа санайтынын айтады.

Өзін Ф. деп таныстырған әйел кісі күтпеген жерден өзінің туған қызының телефон нөмірінен WhatsApp желісі арқылы хабарлама келгенін айтады. Күнделікті хабарласып жүрген қызы екеніне күмәні болмай, ары қарай қызына жазғандай етіп SMS хабарламалар жаза берген. Өзі, Ф. деген азаматшаның бұл WhatsApp желісі арқылы жазып тұрған Ә. деген қызы тұрмысқа шыққанына көп бола қоймаған, бір апта бұрын ғана ұзатып шығарып салған қызы екен. Тұрмысқа жаңадан шыққан қызының кеңес сұрап, кейде ол да көмектесіп тұратын кездері жиі болады екен. Сондықтан, бұл жолы интернет-алаяқтар кейіпкеріміздің Ә. деген қызының WhatsApp нөмірін бұзып, сол арқылы хабарлама жазып отырғанын білмеген.

– Өзі тұрмыс құрғанына көп бола қоймаған қызым хабарлама жазғанда интернет-алаяқтар екенін бірден білмедім. Арғы беттегі қызымның нөмірінен «Анашым, сізге бір ақшалай сыйлық жасағым келіп еді. Банк шотыңызды – айта қойыңызшы, 180 мың теңге қаржы аударып жіберсем деп едім. Телефондағы банк қосымшасына кіріп, есеп-шотыңыздың реквизиттерін, шот нөмірін жіберсеңіз» деп бір SMS жіберді.

Ал, мен болсам ол банк есеп-шоттарымды қалай алатынын ұмытып қалғанмын. Жанталасып жұмыстағы бухгалтериядағы қыздарға хабарластым, менің шот нөмірлерімді беріңдерші деп. Мына жақта «қызым» тықақтап асықтыра сұрап қоймай жатыр. Жұмыстағы бұхгалтерияның қыздары да сұрап қояды, «не үшін керек болып жатыр?» деп. Оларға да айтпайм ғой тағы, айтсам бірден интернет-алаяқтар екенін олар айтып берер еді ғой. Оларға бір сылтау айта салдым. Сөйтіп, бухгалтер қыздар бір уақытта өздеріндегі менің банк шотым туралы анықтаманы жіберді. Анықтаманың көшірмесін бірден арғы жақтағы «қызыма» жібере салдым.

Сөйтсем, «қызым» тағы SMS жазып тұр, «Қазір сізге код барады, сол кодты маған жіберіңіз. 180 мың теңгені сізге аудару үшін сол кодты енгізу керек екен» деп қояды. Ол код келді. Мен еш күмәнсіз «қызыма» жібере салдым.

Бір уақытта «мыналар алаяқтар емес пе?» деген күмәнді ой басыма сап ете қалды. Менің де өзіме лайық қаржылық білімім бар ғой. Оның үстіне, сіздердің openkazakhstan.kz сайтынан оқып жүргендерім тағы бар. Сөйтіп, телефонда банк қосымшасындағы операцияларды тыпырлап блоктай бастадым. Асыққанда не істеріңді білмей, абдырап қалады екенсің. Аяқ-қол деген дірілдеп жатыр. Бірақ, анау құрығыр алаяқтар менің шотымнан 180 мың теңгесін шешіп үлгеріпті. Арғы беттегі «қызым» тағы бір нәрселерді істеңіз деп тапсырып жатыр. Қарғап-сілеп, ол нөмірді блоктап тастадым.

Кейін барып есім кіріп, Ә. деген қызыма телефонмен қоңырау соқтым. Иә, уацап нөмірін біреулер бұзған екен. Сол арқылы мен сияқты ашықауызға жол ашып, 180 мың теңге қаржымды жымқырып алып отыр ғой, – дейді мұғалім апай.

Оның айтуынша, біздің сайттағы интернет-алаяқтардың әрекеттері, олардың жұмыс істеу тәсілдері мен олардан қорғану әдістері туралы мақалаларды ұдайы қарап, оқып жүретінінің арқасында дер шағында өзінің әрекеттерін бағамдай алғандықтан алаяқтардың одан арғы құрылған тұзақтарына ілікпегенін айтады.

Интернет-алаяқтардың құрығына түспес үшін өзіңіздің туыстарыңыздың да WhatsApp нөмірінен келетін SMS хабарламаларға абайлап қарау керек екенін ұқтым дейді кейіпкеріміз. Адамның ең басты қорғаны – кез-келген нәрсеге күмәндана алу, сабырлы болу, ақылға салып ойлану дейді ол. Оқырмандарымызды да осындай сақтыққа үндеп, мейлінше абай болуға шақырамыз.