ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАСЫ 10 АЙДА 14,8 ПАЙЫЗ ӨСІП, РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША ЕКІНШІ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.

Шымкент қаласының жалпы экономикалық өсімі биылғы 10 айда 14,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша қала республика көлемінде екінші орынға көтерілді. Сауда, байланыс, өнеркәсіп, құрылыс және инвестиция секілді негізгі салаларда тұрақты өсім көрсетіп, осы кезеңде 982 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Экономикадағы өсім – қала тұрғындарының белсенділігі мен кәсіпкерлік субъектілерінің серпінді дамуының тікелей нәтижесі. Сауда көлемінің 24,6 пайызға, өнеркәсіп өндірісінің 14,7 пайызға артуы, құрылыс жұмыстары мен инвестиция көлемінің тұрақты өсуі Шымкенттің ішкі нарығының жоғары әлеуетін көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз – осы қарқынның бәсеңдеуіне жол бермеу», – деді қала әкімі.

Әкімнің айтуынша, халқы тығыз орналасқан оңтүстік мегаполистің басты капиталы – еңбекқор тұрғындар және олардың ынтымақ-бірлігі.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, экономикалық өсімге ықпал ететін өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, адами капиталды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр», – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, соңғы жылдары ішкі көші-қонның жоғары болуы есебінен Шымкент қаласының халқы қарқынды өсіп келеді.