ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ПОЛИЦЕЙЛЕР ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСІП, БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ БУЛЛИНГ ЖӘНЕ СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ, ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІН ТҮСІНДІРІП ЖҮР
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласында полицейлер оқушылармен кездесіп, балалар арасындағы буллинг пен суицидтің алдын алу, қауіпсіздік мәселелерін түсіндіріп жүр. Мұндай атқарылып жатқан профилактикалық шаралар туралы бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Шымкенттік құқыққорғаушылардың бұл жолғы кезекті түсіндіру сабағы қаладағы №4 Х.Досмұхамедов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте өтті. Бұл жайында polisia.kz сайты ақпарат таратқан.
Тәртіп сақшыларының бұл жолғы сапарында да оқушылармен кездесу өткізіп, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді сабақ ұйымдастыру көзделген. Бұл жиынның басты мақсаты да – балалардың қауіп-қатерлерді дұрыс бағалай білуін және тосын жағдайларда өзін-өзі қалай ұстау керектігін үйрету.
Полиция инспекторлары құқықтық сабақ барысында оқушыларға жол ережелерін, интернет кеңістігіндегі қауіптердің түрлерін, интернет-алаяқтық әрекеттерден қорғану тәсілдерін, сондай-ақ қоғамдық орындардағы қауіпсіздік негіздері туралы түсіндірді.
Сабақ барысында мамандар өздерінің практикаларынан, қылмыстық істердің өндірісіне өткізген өз тәжірибелерінен, жұмыс кезінде жолыққан фактілерден мысалдар келтіріп, түрлі жағдайларды талқылау арқылы оқушыларды ойлануға, жауапкершілікпен әрекет етуге бағыттай отырып жасөспірімдердің ойына қозғау сала білді.
Балалар өздерін толғандырған мәселелер жайында сауал көтеріп, нақты жағдайларға қатысты кеңестер алды. Мектеп мұғалімдері де полиция қызметкерлеріне оқушыларға пайдалы әрі тәжірибеге негізделген ақпарат бергені үшін алғыс білдіріп, аталған іс-шара балалардың қауіпсіздік жөніндегі түсінігін кеңейтіп, балалар арасындағы буллинг пен суицидтің алдын алудағы олардың саналы мінез-құлық қалыптастыруына үлес қосатынын атап өтті.