ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ КӨНЕ ҚАРАУЫЛТӨБЕЛЕРІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының тарихи және мәдениет ескерткіштері туралы айтыла қалса, көне қалажұртты айнала қоршай жатқан алқаптың ең биік нүктелерінде орналасқан қарауылтөбелер тақырыбы бірге қозғалуы заңдылық. Өйткені, ежелгі замандардан бері ірі қоныс орындарының қауіпсіздігіне жауапты стратегиялық маңызға ие күзет мұнаралары немесе төбелері қарауылдау қызметін атқарып келді. Шымкент пен Сайрам қалаларының айналасында да мұндай ерекше ескерткіштер тізбектеле орналасқан.

Көне Шымкент қаласының цитаделі бүгінгі таңда қайта қалпына келтірілгені мәлім. Осы қайта қалпына келтірілген кешеннің ең биік нүктесінде тұрған Цитадельдің үстіне шығып, сонау қиыр көкжиекке қарасаңыз, көз ұшында тұрған қыраттардың үстінен шошайған төбелерді көресіз. Бір төбені көрсеңіз, дәл сондай қашықта бұлдыраған екіншісін де көзіңіз шалады. Үшінші, төртінші, тізбектелген төбелерді бірінен кейін бірін межелей бастайсыз. Жіптіктің бір ұшын тапсаңыз, ары қарай өзінен-өзі сөгіле жөнелетін ілмекті жіп секілді оп-оңай бағдарлай қоясыз. Мұның барлығы бір кездері ірі орталық болған Шымкенттің қорғаныс қабаттарының шеті болған. Қазіргі тілге тиек етер тақырыбымызды осылай айқындап алдық.

Шымкент айналасында қоршай жатқан қарауылтөбелер – талай тарихтың куәсі, жәдігері, ескерткіші. Ендеше, оларға ретімен тоқталайық.

Еліміздің бірінші президенті Н.Назарбаев тұсында 2017 жылы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» дейтін мақаласы жарық көріп, қабырғалы бағдарламаға айналғаны есте шығар. Сол жобаның аясында жер-жерде «Киелі жерлер географиясы» дейтін түсінік жаңарып, кеңінен насихатталды. Сол «Киелі жерлер географиясының» шеңберінде Шымкент қаласының да бірнеше тарихи-мәдени ескерткіштері тізімге енген болатын. Сол тізімнің қатарында жергілікті маңызы нысандар санатына тамыры сан мыңдаған ғасырларға баратын «Патшалық оба» деп айдарланған археология ескерткіші де болды. Қаладан Ташкент тарапқа шыға берісте, жолдың сол жақ қапталындағы «Қасқа мазаратының» ішінде, биік нүктесіне үштаған белгі орнатылған төбе бар. Сол төбе «Оба қорымы (4) (б.з.д. І мың ж.)» деген атаумен мемлекеттік қорғауға алынды (1). Бұл археология нысаны туралы ғылыми айналымда жарытымды дерек жоқ. Қазіргі таңда ол ескерткіш үстіне осы заманғы мазарат түсіп, оба үйінділерін сырт көзге білінбестей етіп жіберген. Бұл обалар қорымы қола дәуірінде оба ретінде үйілгенмен, ортағасырлық кезеңде Шымкент қаласының қарауылтөбелер жүйесіне кірді.

ПАТШАЛЫҚ ОБА

Жоғарыда аталған жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген екінші нысан – «Оба (патшалық) І-ІV ғғ.» деген атаумен енген археология ескерткіші (2). Орналасқан жері – Д.Қонаев, Т.Рысқұлов, Бәйдібек би даңғылдарының қиылысқан тұсындағы үшбұрыш тәрізді аймақ. Бұл нысан туралы біршама деректер бар, ғылыми айналымда әбден зерттелген. 1994 жылы жарық көрген «Қазақстанның тарих жіне мәдениет ескерткіштерінің жинағы» дейтін жинаққа да «Керуен сарай» деген атаумен енген (3). Сол атаумен Қазақстанның археологиялық картасына да енген (4). Аталған жинаққа сілтеме жасап, біз де кезінде «Қызмет» газетіне мақала жариялағанбыз (5). Дегенмен, 2007 жылы сол археологиялық ескерткішке Б.Байтанаев бастаған археологтар тобы қазба жұмыстарын жүргізіп, бұл нысан қола дәуіріндегі Патшалық оба емес, ортағасырларда тұрғызылған Қарауылтөбе екенін біршама дәлелдеді. Осылайша, тарихшылар арасында біраз пікір қайшылықтары орын алды.

Енді, бәрі түсінікті болуы үшін рет-ретімен тоқтала кетсек. Алдымен, 1994 жылы шыққан «Жинақтағы» мәліметті назарыңызға ұсынамыз.

Шымкент қаласындағы ең көне археологиялық ескерткіштердің бірі – біздің заманымызға дейінгі І-IV ғасырларға жатқызылатын Патша қорғаны. Ол қаланың орта тұсындағы Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелері түйісіп, Бәйдібек би даңғылына ұласар тұста орналасқан. Бұл ескерткіш жыл санауға дейінгі алғашқы көшпенділердің оба-қорымы, одан кейінгі темір дәуірінде қарауыл төбе, ортағасырларда Керуен сарай қызметін атқарған.

Батыстан шығысқа қарай созылған 70х45 метр шамасындағы қырат үстінде қола дәуірінде өз заманының беделді тұлғасы болған кісінің обасы тұр. Оба үстіне жоғарғы жағы сопақтау етіп қолдан биіктете 15х13 метр мөлшерінде қорған төбе үйілген. Төбенің үстінен айналаны бақылауға өте қолайлы. Археологиялық қазба кезінде керамикалық және сүйектен жасалған бұйымдар табылған. Қазіргі таңда бұл ескерткіштің айналасы осы заманғы құрылыс алаңына айналған (Свод памятников истории и культуры Казахстана. 58-бет).

 

ОБА МА, ҚАРАУЫЛТӨБЕ МЕ?

Жоғарыда ұсынылған дерек – ескі сипаттама. Енді академик Б.Ә. Байтанаев бастаған археологтар тобының зерттеуінен кейінгі қорытынды берген сипаттамасына назар аударып көріңіз.

Шымкент Қарауылтөбесі – Шымкент қаласының орталық бөлігінде, Т.Рысқұлов пен Д.Қонаев даңғылдарының қиылысында, биік террассалық деңгейдің шетінде, Бадам және Тассай өзендерінің аңғарлары арасындағы суайырықта орналасқан. Қарауылтөбе біздің заманымыздың I-IV ғасырларында және араға үзіліс салып X-XI ғасырларда пайдаланылған деп мерзімделеді.

Ескерткіштің «Керуен сарай», «Патша қорғаны», «Хан қорғаны» деген сияқты әртүрлі атаулары бар. Бұл диаметрі шамамен 60 м болатын дөңгелек төбе болып орналасқан. Топырақтан үйілген, шекарасы анық байқалмайды. Ең тік беткейі – шығыс жақ беті. Ескерткіштің қорғау аймағына толығымен құрылыстар салынған. Бүгінгі таңда үйінді беті жасыл желектермен қамтылған. Ескерткіш Қазақстанның археологиялық картасының тізілімінде бекіністі қоныс ретінде көрсетілген. Алғаш рет 1940 жылы зерттелген (Г.И. Пацевич). Сол кездегі мәліметтерде нысан Шымкент қаласынан екі шақырым қашықта, Ақсу ауылына баратын жолдан солтүстік-батысқа қарай 0,5 шақырым жерде орналасқан және солтүстіктен оңтүстікке қарай 38 м, батыстан шығысқа қарай 76 метр, алаңның ортасында биіктігі 5 метр төбе болғаны көрсетілген. Шымкенттің революцияға дейінгі карталарынан және сауалнама мәліметтері бойынша бұл жердің «Қарауылтөбе» деп аталғаны белгілі.

Ескерткіште 2007 жылы барлау қазба жұмыстары жүргізілді. Бес стратиграфиялық қазба жұмыстары салынып, ендік және меридиандық бағытта ескерткішті кесіп қарады. Археологиялық жұмыстар барысында ескерткіштің жалпы стратиграфиясы біртекті екендігі анықталды. Төбенің үйіндісі бір мезгілде салынған қабаттардан тұрады. Үйінді құрылымды салу үшін жақын маңдағы алаңдардың топырағы пайдаланылған.

Топырақ нығыздалған, тапталған. Үйіндінің беті қабат-қабат арнайы дайындалған саз ерітіндісімен қапталған. Осылайша, объектіге конус пішіні берілген. Ең жоғарғы деңгейде ерекше қаттылығы бар мықты саз платформасы орнатылған. Тығыз қара-қоңыр топырақты материк жоғарғы негізден XVI қабат деңгейінде анықталады.

Ескерткішті зерттеу барысында екі хронологиялық топқа нақты бөлінген археологиялық заттардың азырақ мөлшері табылды. Бірінші топтағы жәдігерлер 3-қазбадан табылды, онда XI-XII сатылар деңгейінде тығыз ашық-сұр топырақ тіркелді. Табылған заттар керамикалар мен үй жануарларының сүйектерінен тұрды. Сирек болса да көмір табылды. Бұл керамиканың негізгі декоры – көлденең бұдырлау және қызыл түсті ангобты тамшылар. Бірінші топтағы керамика тұрақты хронологиялық шеңберге ие және әдебиеттерде жеткілікті деңгейде толық сипатталған. Ол Отырар-Қаратау мәдениетінің бірінші кезеңіне жатады және біздің заманымыздың I–IV ғасырларына жатады деп мерзімделеді.

Екінші топтағы олжалар локальді сипат алады. Олар бесінші қазбада платформаның тығыз саз қабатының астынан табылған және соған стратиграфиялық байланыстырылады. Екінші топтағы керамика шырақ тұтқасының фрагментінен және X-XI ғасырларға жататын су тасуға арналған ыдыстың фрагментінен тұрады. Шырақ Х ғасырда Соғды, Шаш, Испиджабта кең таралған қара-қоңыр глазурьмен жабылған (7). Қалған жекелеген жәдігерлер қазба жұмыстарының әртүрлі деңгейлерінен табылған, бірінші және екінші топқа жатады.

Егер, тұтастай алып қарап, ескерткіштің құрылымына сипаттама берер болсақ, оның құрылысы бір уақытта жүргенін атап өткен жөн, сондықтан оның ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени қабаттары жоқ. Қарауылтөбе биігінен төменде, Қошқарата өзені аңғарында орналасқан Шымкент қалажұртына көрінбейтін округ жақсы көрінеді, бұл жердегі күзет төбесінен сигнал берілген.

Табылған біздің заманымыздың I–IV ғасырларына тән керамика Қарауылтөбенің тұрғызылған уақытын көрсетеді. Нысан екінші рет Саманидтер дәуірінде, X ғасырдан бастап Испиджаб территориясында діни сипаттағы соғыстар болған кезде қолданылған. Сол үшін саздан қатты нығыздалған мығым платформа салынған. Бұл платформаның жоғарғы базасында күзет мұнарасы орналасуы да мүмкін.

Аталған археологиялық нысан жерлеу құрылымы емес, ескерткіштердің мүлдем басқа түріне жататыны анық. Бұл нысан қарауыл-күзет төбесі ретінде пайдаланылған және өзінің Қарауылтөбе деген атына заты толық сәйкес келеді.

Міне, бір нысанға қатысты екі түрлі топшылауға жолықтық. Уақыты жағынан біздің өмір сүріп жатқан кезеңге, әрі жан-жақты сараптама жүргізілген жұмыстарына қарай отырып, біз де ғалым Б.Ә. Байтанаевтың шығарған қорытындысына ұйығанды жөн санадық. Ортағасырлардағы Шымкент қаласының солтүстік бетіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз еткен стратегиялық маңызы бар нысанның қысқаша тарихы осындай болды.

БАДАМ ӨЗЕНІНІҢ СОЛ ЖАҒАЛАУЫНДАҒЫ ҚАРАУЫЛТӨБЕЛЕР

Бұрынғы археологиялық деректерде «оба» деп саналып келген ескерткіштің басқа археологиялық нысан екені зерттеу барысында анықталғаны таң қаларлық құбылыс емес. Өзі, археология саласы нақтылықты қажет ететін ғылым түрі болғандықтан, ескерткіш түрін бұлай нақтылай түсуі заңдылық.

Дәл жоғарыдағыдай өзгеріс Шымкент қаласының оңтүстік бетіндегі, Бадам өзінің сол жағындағы биік қыраттар үстінде жайғасқан археологиялық ескерткіштерге де қатысы бар секілді. Олай болатын себебі, ол нысандардың да сырт пошымы, құрылымы, техникасы жағынан Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы Қарауылтөбеге қатты ұқсайды. Ол нысандарға да жекелей тоқтала, сипаттама бере кетейік.

Бұған дейін «Жеке оба (б.з.д. І мың жылдықтар)» деп аталып, Бадам өзенінің сол жағасы, «Шымкентмай» АҚ қарсы бетте орналасқан деп анықтама беріліп келген археологиялық ескерткіш (8) Шымкент қаласының тарихына қызығатын кісілердің бәріне таныс шығар. Ол ескерткішке де археолог Б.Ә. Байтанаев арнайы тоқталып, зерттеу жүргізген. Енді Бауыржан Әбішұлының аталған ескерткішке берген сипаттамасына кезек берейік.

Бадам-1 Қарауылтөбесі – Қарабастау тұрғын алабынан оңтүстік-батысқа қарай 700 метр қашықта, биіктікте, Бадам өзенінің сол жағалауындағы террасасында орналасқан. 1979 жылы Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отряды (Н.П. Подушкин) ашты. Ескерткіштің төлқұжатында бұл археологиялық нысан «Жеке оба» деп көрсетілген және алдын-ала біздің заманымызға дейінгі I мыңжылдыққа жатқызылған (9).

Бұл ескерткішті 2019 жылы А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы (Б.Ә. Байтанаев) «Испиджабтың күзет мұнаралары» жобасы аясында қайта зерттеді. Алдын-ала мерзімделуі – I-IV ғасырлар (10). Ескерткіш жоспарда дөңгелек пішінді, ортасынан кесе қарағанда трапеция тәрізді контурымен сипатталады. Төбенің түбіндегі диаметрі 75-80 метр, үстіңгі алаңқайдың диаметрі 20 метр, биіктігі 6 метрге дейін жетеді. Солтүстік жақ беткейі тіп-тік, көлбеулігі 60 градусқа дейін. Ескерткіштің үстінде бір кездері триангуляциялық пункт орнатылған, одан бүгінгі күнге тек түбі ғана қалды. Ескерткіштің қорғау аймағы бойында оның солтүстік жағынан топырақты қара жол бойымен магистральдық мұнай құбыры өткен. Қазба жұмыстары жүргізілмеген.

Осындай тағы бір төбеге тоқталайық. Бұл енді Бадам обалар тобы деп аталатын ерекшелеу Қарауылтөбе. Бадам-2 тұрғын алабынан оңтүстік-батысқа қарай 200 м жерде, Бадам өзенінің биік жайылмалы террасасының шетінде, сол жағалауында (мұнай өңдеу зауытының үстіндегі қыратта) орналасқан. Шымкент педагогикалық институтының экспедициясы (Н.П. Подушкин) 1979 жылы ашқан. Ескерткіш төлқұжатында «Обалар қорымы (3)» деп түсініктеме беріліп, біздің заманымызға дейінгі I мыңжылдыққа жатқызылған (11). 2019 жылы А. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы (Б.Ә. Байтанаев) «Испиджабтың күзет мұнаралары» жобасын іске асыру кезінде қайта зерттеді (12). Обалар тобының алдын-ала мерзімделуі – I-IV ғасырларға жатады, IX-XII ғасырларда оба үстіне топырақ үйіліп, Қарауылтөбеге айналдырылған.

Обалар тобы топырақтан үйілген, ретсіз орналасқан бес обадан тұрады. Олардың ең үлкенінің (К-1) түбіндегі диаметрі 65 метр, биіктігі 6 метрге дейін жетеді. Ортасынан кесіп қарағанда трапеция тәрізді. Солтүстік беткейі тік, оңтүстік беткейі жайпаттау, осы жағынан ескерткіштің үстіне дейін шығатын қара жол бар. Үстіңгі алаңқайдың диаметрі шамамен 15 метр, мұнда триангуляциялық пункт орнатылған, оның түбі ғана сақталған. Бұл оба типологиялық тұрғыдан Қарауылтөбе ескерткіштеріне жататыны анық.

Топтың қалған 4 обасы негізгі Қарауылтөбе обасының солтүстік-шығысында орналасқан. Олардың түбіндегі диаметрі 17-20 метр, биіктігі шамамен 0,6-0,8 метр. Шеткі қорғанның (К-5) үйіндісі бұзылған, онда техникамен салынған ойық бар. Қазба жұмыстары жүргізілмеген.

Мінекей, Шымкент қаласының ортағасырлардағы қауіпсіздік жүйесі осындай Қарауылтөбелермен нығайтылған еді. Археологтардың «инемен құдық қазғандай» жұмыстарының арқасында қаншама құпиялы деректерге көзіміз жетіп отыр. Осылайша, қаламыздың өткені туралы картина осындай тарих және мәдениет ескерткіштерінің арқасында пазл секілді жинақталып келеді. Бұл тұрғыда археолог мамандарға көп алғыс айту лазым-ды.

 

Сілтемелер:

(1) Шымкент қаласы әкімінің 2020 жылғы «2» маусымдағы «Шымкент қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» № 319 қаулысы // https://law.gov.kz/client/#!/doc/143577/kaz

(2) Сонда.

(3) «Караван сарай» // Свод памятников истории и культуры Казахстана. Т 1 –Алма-Ата: Гл.ред. «Қазақ энциклопедиясы», 1994 -58-бет.

(4) Археологическая карта Казахстана: Реестр. – Алма-Ата: Наука, 1960. – 449 б.

(5) Патша қорғаны // https://kyzmet-gazeti.kz/tarau/kogam/19/12/2019/1508.html

(6) Байтанаев Б. А. История Шымкента: 2200 лет по археологическим источникам. – Алматы, 2012. – 251 б.

(7) Байтанаев Б.А. Керамика Сайрама. – Алматы, 2016.-316 с.

(8) Шымкент қаласы әкімінің 2020 жылғы «2» маусымдағы «Шымкент қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» № 319 қаулысы // https://law.gov.kz/client/#!/doc/143577/kaz .

(9) Жеке оба (б.з.д. І мың жылдықтар) // Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» МКҚК архиві.

(10) Байтанаев Б.А., Антонов М.А., Ергешбаев А.А., Шаяхметов А.Х. Сторожевые «башни» Испиджаба в археологической картографии // Учен. зап. Казан. ун-та. Сер. Гуманит. науки. – 2020. – Т. 162, кн. 3.

(11) Обалар қорымы (3) // Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» МКҚК архиві.

(12) Байтанаев Б.А., Антонов М.А., Ергешбаев А.А., Шаяхметов А.Х. Сторожевые «башни» Испиджаба в археологической картографии // Учен. зап. Казан. ун-та. Сер. Гуманит. науки. – 2020. – Т. 162, кн. 3.