ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТАРИХЫ МЫҢЖЫЛДЫҚТАРДЫ ҚАМТИДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қонысы Ұлы Жібек керуен жолдарының тоғысында пайда болған. Ол Орталық Азияның көне қалаларының қатарына жатады. Шымкент туралы алғашқы жазба деректерде Ақсақ Темірдің 1365-1366 жылдардағы әскери жорықтары туралы жазылған парсы тарихшысы Шараф ад-дин Әли Иаздидің (1445 ж.) «Зафар-наме» («Жеңістер кітабы») кітабында айтылады. Темірдің Ташкенттен солтүстікке қарай жасаған бір жорығын сипаттай келіп, тарихшы «олар (Темір әскерлері) өз арбалы керуендерін Шымкенттен тапты» деп жазады. Қыстақтың баяндалып отырған оқиғадан бұрын пайда болғаны анық. Шымкенттің жанындағы қазіргі Сайрам ауданының аумағындағы көне Испиджап жазирасының жасы мың жылдан артық әрі бұл аймақ атам заманнан бері оңтүстіктен солтүстік пен шығысқа қарай сауда жолдарының торабына айналған.

Шымкент қаласының аймағы жүздеген жылдар бойы көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған. Қала бірнеше рет басқыншылардың жойқын шабуылдарына ұшыраған. Шыңғыс хан жорықтарға жасақтарымен қала арқылы өтіп, ақырында Шымкент Шыңғыс хан ұрпақтарының иелігіне қарады. Ақ Орда және Алтын Орда хандары жүргізген соғыстардың нәтижесінде қала Әмір Темірдің қол астына кіреді. ХV- ХVIII ғ. жартысына дейін жоңғар шапқыншыларының тонауына ұшырайды.

ХVII ғ. және ХIХ ғасырдың бірінші жартысында Шымкентті билеп алу мақсатында Қоқан және Бұқар хандары күрес жүргізеді. 1810-1864 жж. Шымкент Қоқан хандығының билігіне өтіп, хан өкілінің резиденциясы болды. Мұнда Қоқан әскерлерінің саны жағынан үлкен гарнизоны тұрақтап, қала негізінен әскери қамал ретінде пайдаланылды. 1864 жылы қала орыс әскерлерініңтіке шабуылымен алынады. Қазақстан мен Орта Азияның Ресейге қосылуы аяқталған соң, Шымкент Жаңақоқан бағытының құрамында болып, соңынан Түркістан облысының, ал 1867 жылдан Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария облысының уездік қаласы ретінде танылды. Осы кезден бастап, Шымкент Еуропалық Ресей мен Батыс Сібірді Орта Азиямен жалғайтын маңызды транзиттік мекенге айналды. 1914 жылы орыс патшасының әмірімен қала Черняев атанады. Кеңес үкіметі орнаған соң, 1922 жылы 7 маусымда қайтадан Чимкент атауына ауысты. 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы құрылып, орталығы Чимкент болып белгіленді.

Шымкент қалашығы қаланың оңтүстік бөлігінде, Бадам және Қошқарата өзендер аралығында орналасқан.

1958-59 жылдары Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отряды археолог Н. П. Подушкин бастамасымен қалашықта қазба жұмыстарын жүргізді. 1986-87 жылдары қазпроектреставрация институтының археологиялық отряды цитадельде қазба жұмыстарын жүргізген болатын. 2004 жылдан бастап ОҚМУ археологиялық отряды              Б. А. Байтанаевтың бастамасымен XVI-XIX ғасырларға жататын қалашықтың жоғарғы қабаттарының қазба жұмыстарын жүргізген болатын.

Қазірде қалашықтың оңтүстік бөлігі автовокзал салу кезінде қираған, солтүстік-оңтүстікке қарай орта есеппен 180 м. және батыс — шығыс-210 м. Қаланың батыс, солтүстік және шығыс бөліктері биіктігі 15 – 25 м. Негізгі қақпа болған оңтүстік жағы жұмсақ. Қалашықтың солтүстік-батыс бұрышына жақын жерде цитадельдің қалдықтары ерекшеленеді, олардың мөлшері 40х50 м. және биіктігі орта есеппен солтүстік және батыс бөліктерінде 25 м., оңтүстік және шығыс бөліктерінде 5-8 м. Сыртқы қорғаныс қабырғалары биіктігі 1,5-2 м және ені 3-4 м жер білігінің қалдықтары түрінде сақталған.

1986-87 жылдардағы қазба жұмыстары нәтижесінде магистральдық және тұйық көшелерге шығатын барлық тікбұрышты үйлердің бар екендігі анықталды. Шағын архитектуралық пішіндер мен интерьер бөліктері кірпіштен жасалған. Күйдірілген кірпіш өте сирек қолданылған; көбінесе тұрғын үйлерде табалдырықты төсеу үшін тас (сұр гранит) қолданылған. Археологиялық олжалардың көп бөлігі XVIII-XIX ғасырларға жататын керамикалық кешен болып табылады.

Шымкент қаласының тарихы мыңжылдықты қамтиды. Шаһардың көне тарихына тас дәуірі тұсында жасалынған археологиялық артефактілер дәлел бола алады.

Қола дәуірінде шаһардың тау етегі аймағына халық тығыз қоныстанды. Ғалымдардың айтуынша, олардың мәдениеті андронов мәдениеті деп аталынды. Бұлар өзендер жағалауларында қоныстанып, мал шаруашылығымен айналысты. Андроновтықтар астық егумен қатар, мүйізді малдар, түйе, қой, жылқы өсірумен шұғылданды. Металл балқыту ісі мен қола өңдеу жоғары дәрежеде дамыды.

Шымкент шаһарының мәдени өміріндегі келесі кезеңі көптеген қоныстар мен қорғандар қалдырған сақ тайпаларымен байланысты. Шымкент қаласы орнынан сақ тайпаларының қару-жарақтары табылған. Атап айтқанда, қазіргі қаланы салу құрылыстары кезінде табылған қоладан жасалынған акинак қанжар.

Тарихи оқиғалардың куәсі болған Шымкенттің 2200 жылдығы 2017 жылы аталып өтпек болған. Бірақ оның көне қала екенін ЮНЕСКО-ға дәлелдеу қажет болды. Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтының директоры Бауыржан Әбішұлы Байтанаев «Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар қала» екенін дәлелдеді. Оған қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер айғақ болды.

 

 

Ш. Пушенов

«Шым-қала» тарихи-мәдени кешенінің аға ғылыми қызметкері