Шымкент қаласының ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы саяси-әлеуметтік жағдайы

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

ХІХ ғасырдың 60-жылдары Орта Азияның экономикалық даму сипатына орай Ресей капиталистері мен өнеркәсіпшілерінің тауарларын өткізетін нарық аймағына ұмтылысын байқауға  болады. Орта Азия тек патшалық Ресей ғана емес, Ұлыбританияның, Қытайдың да көз алартқан  аймағы болды. Ал патшалық Ресейдің басты бақталасы Ұлыбритания еді. Ресей Орта Азияға  байланысты саясатында Ұлыбританиямен бетпе-бет келмес үшін, абайлап әрекет етті.

Орта Азияда үш негізгі хандық – Қоқан, Бұхар, Хиуа болғандығы белгілі. Бұл хандықтардың арасында территория үшін ара-тұра соғыстар болып тұрды, олардың шекаралары тұрақты болған жоқ. Бұл мемлекеттердің экономикалық жағынан артта қалғандығы, саяси бытыраңқылығы,  феодалдардың арасындағы талас-тартыс Орта Азия мемлекеттерін әлсіретіп, патшаның жаулап  алушылығын жеңілдетті. Орта Азияны жаулап алуға байланысты орыс патшасының белсенді саясаты  ХІХ ғасырдың 60-жылдары қайта жанданды.

1864 жылы Орынбор жағынан Перовск фортынан  генерал Веревкиннің 1200 әскері, екіншісі генерал Черняевтің 2500 әскері Орта Азияны басып алуға дайын тұрды. 1864 жылы қыркүйекте екі әскер бірігіп, Шымкент қаласын алды.Генерал Черняев қолы жеткенше Әлімқұл молла Түркістан жақтан келген Майердің жасағын талқандауды көздеді. Олар Ақбұлақ түбінде шайқасқа кірді. Майер зеңбіректері мен казактарын қарсы қойды. Садық сұлтан жасағы алғы шепте еді. Орыс әскерлері оқ жететін жерге дейін үнсіз күтіп жатты. Сонан соң картечпен атқылай бастады. Черняев әскері Шымкентті алған соң, қазақтар бұдан былай қарай орыстарға түрлі салықтар төлеу, құрылыс жұмыстарын жүргізу сияқты кіріптарлыққа түсті. Елді құқықсыздық жайлады. Әскери күшпен басып алынған өңірге орыс зерттеушілерінің еркін келіп-кетуіне жол ашылды.

Шымкент қамалының қорғанысы – тек қазақ жерінің емес, Орта Азияның Ресей империясына бағынуының кілті болды. Қалай Шымкент қаласын орыс патшасының армиясы басып алды, бар-жоғы 5-10 жылдың ішінде Орталық Азия мемлекетті түгелімен бодандықтың күйін кешті. Шымкентте орыс әскерлері екі бүйірден қысып тиісті. Черняев қолы Әулиеата тұсынан келсе, Түркістаннан орыс армиясының бас штабының капитаны Майер бастаған жасақ келіп килігіп еді. Екі өкпеден тиген орыс әскері бақайшығына дейін қаруланған болатын.

Ресей империясы 1734 жылғы Әбілқайырдың бодандықты қабылдау туралы шешімінен кейін санасақ, Қазақ жерінің Ресейге бағынысты болуы 1864 жылғы Шымкент қамалының құлауымен аяқталды. Ал, Орта Азия хандықтарынан Қоқан хандығы және Бұқар әмірлігі 1868 жылы, Хиуа хандығы 1873 жылы құлады.

Шымкентті Черняев бастаған орыс отаршылдары 1864 жылдың 22 шілдесінде басып алған. Ол 1865 жылы Түркістан облысының орталығы болды. Сол жылы Черняев бастаған орыс шенеуніктері Шымкентті Ресейлік типтегі қалаға айналдыру жөнінде шешім қабылдап, қаланың солтүстік-шығыс бөлігіндегі жазықтан әкімшілік және орыс солдаттары мен қызметкерлері, қатардағы тұрғындары тұратын ұзынынан бір көше, көлденеңінен екі көше салуды ұйғарады. Солай қала көрінісі қайта жандана бастайды.

 

Назерке ЖАҚСЫЛЫҚОВА

«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері