ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Әлем және Азия чемпиондарымен кездесті. Мақтаныш пен шабытқа толы атмосфера аясында спортшылар алған әсерлерімен бөліссе, қала басшысы олардың тамаша жетістіктерінің бүкіл ел үшін маңызды  екеніне  тоқталды.

Айта кетейік, Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында World Boxing ұйымы ұйымдастырып өткізген бокстан Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жеті алтын, бір күміс, екі қола медаль жеңіп алып, тарихи жетістікке жетті. Бұл рекорд қазақстандық спорттың шежіресіне енетін болады. Оның ішінде Шымкент қаласындағы Маятас тұрғын алабында өсіп-жетілген өрендер Махмұд және Төрехан Сабырхандар да бар. Бір шаңырақтан шыққан Махмұд Сабырхан 55 келі салмақта алтын медаль иеленсе, інісі Төрехан Сабырхан болса әлем чемпионатындағы дебютін 70 келіде қатысып, чемпион атанып отыр.

Ағайынды Сабырхандарға арнайы алғыстар айтылды. Махмұд тұғырдың ең биік сатысына екінші рет көтерілсе, небәрі 19 жастағы інісі Төрехан бокстан ең жас жеңімпаз ретінде тұңғыш рет әлем чемпионы атанып, төл тарихта қалды. Өйткені, оның алдында тіркелген еліміздің рекордтық дерегінде Санжар Тәшкенбай бұның алдындағы Ташкент қаласында 19 жас 11 айға толған кезінде әлем чемпионы болған болатын, ал Төрехан болса биыл 19 жас 7 айға толған шағында алтыннан алқа тағынып отыр.

Шымкент спортында өзге де жетістіктер жетерлік. Бангкок қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында Санжар-Әли Бегалиев алтын алса, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев Абайдың 180 жылдығына арналған турнирде және үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбеков әскерилер арасындағы қазақ күресінен чемпион атанып, шеберлік көрсетті.

«Ерік-жігер, тәртіп пен спортқа деген адалдық осындай нәтижелерге жетелейді. Спортшыларымыздың жетістіктері жастарды шабыттандырады және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайтады», – деді қала әкімі.

Жеңімпаздарға демеушілер есебінен автокөліктер табысталды. Ал, бокстан әлем чемпионы атанған қос Сабырхандарға бір-бір пәтердің кілттері қатар тапсырылды.

Жиын соңында қала басшысы чемпиондарды құттықтап, бапкерлері мен тәлімгерлеріне алғысын білдіріп, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тіледі.