ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ АУМАҒЫНДАҒЫ ҚАҢЛЫ (КАНГЮЙ) ЗАМАНЫНЫҢ (Б.З.Д. III -Б.З. V ҒАСЫРЛАР) ЕСКЕРТКІШТЕРІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Қазіргі Шымкент қаласы аумағына қарайтын алқапта б.з.д. III -б.з. V ғасырлар кезеңіне жататын Қаңлы дәуіріне тән археологиялық артефактілер жеткілікті. Солар жайына тоқталып, олардың зерттелу жағдайына тоқталып өткіміз келеді.

Қазақ даласы көне өркениеттер мен ұлы мемлекеттердің алтын бесігі саналады. Солардың бірі – б.з.д. III ғасыр мен б.з. V ғасыры аралығында өмір сүрген Қаңлы мемлекеті. Қаңлылар Орталық Азиядағы ең ірі мәдени-тарихи қауымдастықтардың бірі ретінде танылған. Бұл көне халықтың іздері қазіргі Қазақстанның оңтүстігінде, әсіресе Шымкент қаласы мен оның маңында анық көрініс тапқан.

Қаңлылар – Орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі көшпелі-отырықшы мемлекеттердің бірі. Қытай, Парсы, Рим жазбаларында «Канцзюй» деген атаумен белгілі бұл халық өз заманында қуатты әрі мәдениеті дамыған ел болған. Олар егіншілікпен, мал шаруашылығымен, темір өңдеумен және керамика өндірісімен айналысқан.

Шымкент қаласының айналасы мен оған іргелес жатқан Түркістан облысының Сайрам, Төлеби, Қазығұрт аудандарында Қаңлы заманына тиесілі көптеген археологиялық ескерткіштер табылған. Бұл ескерткіштер қорғандар, қоныстар мен жерлеу орындары түрінде кездеседі. Олардың қатарында бірнеше ескерткіштің өкілдеріне тоқтала кетейік.

Алтынтөбе мекенжұрты – Шымкенттен оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Қаңлы заманына тән жерлеу рәсімдері мен тұрмыстық бұйымдар табылған. Ескерткіштен табылған керамика үлгілері сол дәуірдің озық қолөнерін көрсетеді. Ескерткіш оңтүстіктен солтүстік бағытта созыла тікбұрышты төбе болып орналасқан. Мекенжұрт аумағына қазба жұмыстарын 1979-1981 жылдары студенттік далалық археогиялық тәжірибе аясында Шымкент педагогикалық институтының археогиялық отряды жүргізді жетекшісі А.Н.Подушкин

Бадам-1 Қарауылтөбесі. Қарабастау тұрғын алабынан оңтүстік-батысқа қарай 700 м қашықтықта, биіктікте, Бадам өзенінің сол жағалауындағы терасасында орналасқан. Ескерткіштің төлқұжатында  бұл археологиялық нысан жеке оба (күзетші?) Археология институтының археогиялық экспедициясы Б.Ә.Байтанаев Испиджаптың күзет мұнаралары жобасы аясында қайта зерттеді. Алдын-ала мерзімделуі- I-IV ғғ..

Көкбұлақ Қарауылтөбесі. I-IV ғғ.    Көкбұлақ тұрғын алабының орталығынан оңтүстікке қарай 500м жерде, Бадам өзенінің сол жағалауындағы терасасында, жартасты болып келетін биік қыраттың шетінде орналасқан. Сауалнамалық мәліметтер бойынша, бұл ескерткіш «Қызылсеңгір»  деп аталады. Оның түбіндегі диаметірі 30-40 м. Ескерткіш биіктігі шамамен 4 м. солтүстік пен оңтүстік беткейлер тік, бұл жотаның пішініне және жел эрозиясына байланысты қалыптасқан. Шығыс пен батыс беткейлері жайпаттау. Жоғарғы бөлігінде диаметірі 10 м тегістеу болып келеді. Қарауылтөбе Көкбұлақтың үстіндегі биіктікте орналасуы бүкіл аймақты жақсы көруді қамтамасыз етеді, бұл күзет пункіті осы сигналдық мұнара ретінде қызмет ете алған. Ашық ауа райында осы Қарауылтөбеден қарау аймағы 10 км-ден асады.

Шымкент қаласы мен оның маңы – Қаңлы заманының ерекше тарихи-мәдени орталығы. Бұл өңірдегі көне ескерткіштер – тек археологиялық құндылық қана емес, сонымен қатар бүгінгі ұрпақ үшін ұлттың терең тарихынан сыр шертетін асыл мұра. Қаңлы заманының қалашықтары мен қорымдары болашақта тарихи туризм мен ғылыми зерттеулердің басты объектілерінің бірі болмақ.

 

Байсұлтан ТАЛХАТ

Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің кіші ғылыми қызметкері