Шымкент қаласы полиция департаментінің ресми мәлімдемесі: ФЕЙК АҚПАРАТҚА АРАНДАМАҢЫЗ!

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.Сахов элиталық тұрғын үйдің иесі екен деп таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы аталған департаменттің фейсбуктегі ресми парақшасы арнайы мәлімет таратқан.

Осы аталған жалған ақпаратқа сәйкес, Шымкент қаласының Полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасымен жан-жақты қызметтік тексеру жүргізген. Таралған бейнежазбадағы көрсетілген үй аталған қызметкерге тиесілі емес, және ондай жылжымайтын мүлік оған ешқашан тиесілі болмағаны анықталып отыр делінген ресми хабарламада.

Мұндай жалған ақпараттың таралуы полиция қызметкерінің беделін түсіруге және ішкі істер органдарына деген сенімге нұқсан келтіруге бағытталған саналы әрекет болып табылады. Аталған жайтқа қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Тергеу барысы қатаң бақылауда, кінәлі тұлғалар заңға сәйкес толық көлемде жазаланады.

Осы тұста айта кетсек, полиция полковнигі Құрманбек Сатынбекұлы Сахов 1984 жылы дүниеге келген, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Академиясының түлегі. Ішкі істер органдарында 2001 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Жалпы, 25 жылға жуық уақыт ішінде ішкі істер органдарында қызмет етіп, қатардағы қызметкерден бастап, бір кездері Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің және Түркістан облысы Полиция департаментінің бөлімшелерінің басшысына дейінгі жолдан өткен. Қ.Сахов өзі қызмет еткен жылдары өзінің тек оң жағынан көрсете білді, II дәрежелі «Айбын» орденімен, ведомстволық медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталған делінген ресми ақпарат көзінде.