Шымкент қаласына батыс жақтан, Түркістан жақтан кіреберісте, жолдың оң жақ бетінде Темірші әулие деген белгі бар. Ол белгі халық зиярат етіп жататын басында зияратханасы, қонақ жайы мен құрбандық шалатын орны бар әулиелі мекенге жол сілтеп тұр. Жалпы, Темірші әулие жайлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дүркіреп тұрған уақытта (2017-2020 ж.ж.) жиі насихатталды, Шымкент қаласының қасиетті орындар тізбесіне қосылды, қалалық Туризм басқармасының құрастырған туристік маршруттар тізімінен де орын алды дегендей. Бұл жағынан осылай насихатталу заңды да. Өйткені, қазіргі қолданыстағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 5-бабында киелі объектілер жалпы тарихи-мәдени ескерткіштер санатына жататыны, тұрғындар арасында қандай да сакральді мәні бар заттардың барлығы сол баппен қорғауға алынатыны екшеленген. Олай болса, біз де Темірші әулие аумағына тарихи-мәдени ескерткіш ретінде назар салып отырмыз.
«ТЕМІРШІ АТА ӘУЛИЕ (САЙТ МҰХАММЕД) ХІІІ ҒАСЫРДА ӨМІР СҮРГЕН КІСІ»
Осы Темерші әулиенің басына биылғы тамыз айының ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы ат басын бұрып зиярат еткені бар. Ол туралы діни басқарманың ресми muftyat.kz сайты бөлісті. Бас мүфтидің назарына ұсынылып жатқаннан соң, Темірші ата әулие туралы аңыз-әңгімелердің астарында тарихи тұлғаның сұлбасы жатқаны анық сияқты. Деп түйдік. Діни басқарманың Шымкент қаласындағы өкілі, дінтанушы Мұқамеджан Естемір ағаны сөзге тартып едік,
– Ел ауызында айтылып жүрген аңыздарға қарағанда, Темірші ата әулие (Сайт Мұхаммед) ХІІІ ғасырда өмір сүрген, діни ілім деңгейі бойынша Ишан деңгейіне жеткен, әрі темір ұстасы болған кісі екен. Оны Әмір-Темір құрмет тұтқан. Темірші ата балта, қылыш, найза, сауыт т.б. әскери құрал саймандар жасаған. Әулие басында жатқан құлпытастағы жазулар мен даталар туралы мәлімет жоқ. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі әлі дайын боламды, – деп жауап берді.
Сөз бастамас бұрын, алдымен, Темірші әулие белгісі орналасқан жердің сырт көрінісін сипаттап алайық. Gosreestr.kz сайтының мәліметінше, Темірші әулие мазаратының жалпы ауданы 2,2039 гектар екен (сілтеме https://gr5.gosreestr.kz/p/ru/GrObjects/objects/teaser-view/188075?WebReportPluginId=c94c3a76-e679-4260-9aff-e8530939fc03&WebReportId=15715&WebReportPart=AssetsLand&OptionName=WebReports). Әулиелі мекенге үлкен жолдың бойындағы аялдама тұсынан күмбезді арканың астындағы қақпадан кіресіз. Кірген бетте Қарасу арығының үстіне салынған көпірден өткен кезде алдыңыздан алаңқайлы кеңістік шығады. Алаңқайдың қарсы бетінде шырақшы атаның баспанасы мен зияратшылардың тамақ істеуіне, құрбандық шалуына арналған орын бар. Ал, шығыс жақ бетте тағы бір ғимараттың құрылысы басталыпты. Алаңқайдың айналасы арық бойлай өскен қара талдың және жүзім аспаларының көлеңкесімен саялы жерге айналған. Оңтүстік беттегі бетондалған жалғызаяқ жолдың айналасы гүл өскіндері мен жүзім аспаларымен көркемделіпті. Осы аяқжолмен еңіске қарай төмендеп, 70 метрдей жүргенде алдыңыздан шыққан қалың қарағашты тоғайға еніп кетесіз. Батысқа қарай бұрылып, тағы 50 метрдей жүргенде қалың ағаш ішінен тағы бір қақпа шығады. Қақпаның оң жақ сырт жағында үйілген темір-терсектер зияратшылардың қалдырып кететін дүниесі шығар деп шамаладық. Ал, қақпаның сол жақ бетінде биіктеу жайға үлкен төс орнатылған, оның айналасында темір балғалар, кілттер, күліштер, басқа да ұсақ-түйек темір-терсек бұйымдар жатыр. Қақпадан әріректе айналасы темір шарбақпен қоршалған шағын төбешік бар. Темір шарбақтың сыртынан бетондалған жалғызаяқ жол салынған. Айналып, зияраттауға мүмкіндік жасалған. Төбешіктің батыс тұсында жіңішке, ұзынша келген құлпытас, қиюласа қаланған табиғи тастар, қолдиірменнің тасы, шырақ шағатын орын, шағын темір тостаған мен пиала ыдыстар тұр. Осы төбешіктің солтүстік бетінде аяқжол кеңдеу етіліп, кішігірім алаңқайға айналады. Алаңқайды бойлай орындықтар орнатылған, сәкі қойылған.
Осы төбешік туралы Қ.Тәжиев құрастырып, 2018 жылы жарық көрген «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» деп аталатын жинақта азырақ тоқталыпты. Автордың мәліметінше, бұл төбешік – әулиенің қабірі мен төбешікке айналған кесене орны десе, тағы бір жерінде Темірші әулиенің ұстаханасы болған, ал солтүстік бөлігіндегі көктас жатқан орын әулиенің қабірі деп түсініктеме беріпті (503-504 беттер).
Жалпы, халық арасында Темірші әулие мен оның кереметтері туралы аңыз-әпсаналар өте көп. Тыңдап отырып, қиялыңызға ерік берсеңіз, әулиенің небір кереметін көз алдыңызға елестетіп кетесіз. Темірші әулиенің темірді саз балшықша илейтіні, қыңыр мінезінің өзі талайға сабақ болғаны, екі айдарлы жыланын көретіндер әлі де бар екені, ол жылан бірде ақ, бірде қара, ал бірде сары түсте көрініп қалатыны, ол жыланды көрген кісінің тасы өрге домалай бастайтыны, өткен ғасырдағы Кеңес заманында егіс егу мақсатымен әулиенің қалың қарағаш тоғайын шапқан кісінің оңбай кеткені, кейде-кейде балғаның төсті ұрған сәтіндегі дыбысы секілді әлдебір дыбыс естіліп тұратындығы, тағы басқа да тылсымдар жайында аңыз-әңгімелер айтылады. Осындай әңгімелерді интернет желісінен де жиі жолықтыруға болады. Мысалы, шұбарсулық мұғалім Ибагүл Түйешиеваның (сілтеме https://infolesson.kz/ordabasi-audanini-kieli-orindari-3493638.html) және журналист Бибі-Айша Нұржанқызының (сілтеме https://www.facebook.com/share/p/sUDPNxwZoeKGZ3iP/) жазбаларынан осы Темірші ата басындағы тостағанға әулиенің ақ жыланына арнап арнайы айран құйып кететін болсаңыз, сәлден кейін қайта айналып келгенде жылан айранды ішіп қоятыны туралы қызықты оқиғаны оқи аласыз. Ал, Темірші әулиенің басына барғанда балғаның соғылған «дың-дың» дейтін секілді дыбысын естіген кісілердің ішінде көп ұзамай басы бос қыздардың тұрмыс құрғаны, кей кісілер көлік, енді бірі пәтер алған оқиғалардың болғаны туралы журналист Мақпал Төребектің бір жазбасынан (сілтеме https://korrespondent.kz/index.php/madeniet-news) кезіктіруге болады. Ал, өңіріміздегі «Оңтүстік Қазақстан» секілді белді басылымда жарық көрген тарих ғылымының кандидаты Ш.Нартбаевтың «Темір ата жайлы не білеміз?» дейтін мақаласында Темірші ата әулие мен қазақ ішіндегі темір руының ара-қатынасын сөз қылғаны (сілтеме https://okg.kz/post?id=26435&slug=temir-ata-zhaily-ne-bilemiz) да бірашама қызықты.
АҢЫЗ АСТАРЫНДА ҒАСЫРЛАР БОЙЫ ХАЛЫҚ ЖАДЫНДА КУЛЬТТІК САРЫНҒА АЙНАЛҒАН ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚАБАТТАР БАР
Біз бір ғана Темірші әулие мекені туралы ғана аңыз-әпсаналардың шетін шығарып отырмыз. Сырт қарағанда, жоғарыдағы әңгімелер қиял-ғажайып ертегінің сарыны секілді көрінгенмен, бұл қаншама ғасырлар бойы халық жадында культтік сарынға айналған тарихи-мәдени қабаттардың қазіргі таңда жаңғырық секілді құбылып жетіп отырған көрінісі деуге болады. Адамзат баласы өзінің басынан кешірген тарихи кезеңдері ішінде темір элементін тауып, оны тұрмысына пайдалана бастаған сәттен ғылымның дамуы да қарыштап өзгеріске ұшырады емес пе? Ұлы даланың көшпенді тайпалары ерте темір дәуірінің тууына себеп болса, VI ғасырдағы Көктүріктер темір кенін балқытып, соғыс құралдарын жетілдіре түсіп, темір өндіру ісін культтік құбылысқа айналдырды. Көне түріктердің “Ергенекөн” жайлауына сакральді мән беріп, баба қоныс ретінде құрметтеу құбылысы қазіргі қазақ жұртының да тарихи санасында жаңғырып тұратын секілді. Этнологиялық, этнографиялық тұрғыдан да, белгілі топ өздерін Темірші атадан таратуының астарында сол баяғы бабадан қалған «теміршілік культі» жатқандай. Алысқа бармай-ақ, Сарыағаштың Дарбазасындағы темірдің пірі деп әспеттелетін Ер Дәуіт пен Шәймерден әулиенің мекені, Ордабасыдағы “Ер Дәуіт қадамжайы”, Түлкібастағы темір рудасын балқытқан Нұран баб шеберханасы, оған міне, Шымкенттегі Темірші әулие мекенін қосыңыз, астарында ұқсас, сарындас, тамырлас аңыздармен байланысып жатыр. Осы аталған киелі объектілердің барлығының да басында тұрған тасының құрамы біріне-бірі ұқсайтыны қызық. Сонымен, «теміршілік культі» дейтін дүниені аршып алдық, оның түркілік заманнан, тіпті одан да әрі заманнан бері халқымыздың қадір тұтатын сакральді мәні бар қасиетті дүниелердің қатарында екенін алға тарттық. Осы орайда, Темірші әулие мекеніне жақын, батысқа қарай 4 шақырымдай қашықта орналасқан VII-VIII ғасырлардағы ежелгі түркі тайпаларына тән “өртеу рәсімі атқарылатын орын” Түркістан облысының алдын-ала тізіміне енген тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында тұрғаны еске оралады. Бұл орын бүгінде Шымкент қаласының Алтынтөбе тұрғын алабына жақын жерде тұр. Түркілік «темірші культі» өрнегі сақталған аймақпен қатар жатуының сыры бар ма екен?
Сонымен, Шымкенттің Темірші әулие мекеніне қайта оралайық. Аңыз-әпсаналар қатпарларын ақтаруды тиісті сала мамандарына қалдырып, тек нақты жәдігерлерді зерттейтін өзіміздің тарихшылығымызға қайта оралған жөн шығар. Темірші әулиенің басында құлпытас тұр деп едік қой. Құлпытастың пішіні ұзынша келген, өлшемі шамамен 20х80 см шамасында жобалап қалады. Көктастағы жазулар екі қатарда жазылған. Жазудың екі шетінде екі таңба: бір шетінде жұмырлана шығыңқы қашалған күн таңбасы, екінші шетінде ойыла қашалған сегіз бұрышты жұлдыз таңбасы бар. Әріптер мен таңбалар анық көрінбей қалыпты, жылдар сынағы танымастай өзгерткен. Жазуларда не жазылғанын әлі толық оқыған жан жоқ. Дінтанушы М.Естемір ағаның сөзін жоғарыда келтірдік, зерттеу жұмыстары әлі қорытындылана қоймады деді. Ал, басқа дінтанушылардың көмегіне жүгінгенімізде, жазудың бірінші қатарынан «Бисмиллаһир рахманир Рахим, лә илаһа иллаһ Мухаммад Расуллуллаһ» деген сөздің нобайын көргенін айтты. Ал, екінші қатардың әріптерін тану қиын екенін, тек жазу ішінде 22 әлде 66 деген цифрға ұқсас таңбалар барына тоқталды. Жалпы, құлпытастың сыртқы пішіні мен жазудың таңбалану стиліне қарай, бұл тас шамамен ХІХ ғасырдың басында орнатылған сияқты деп топшылаймыз. Өйткені, қазақ жерінің Оңтүстік бөлігіндегі дәл осындай құлпытас орнату дәстүрі сол ХІХ ғасырға тән құбылыс. Жүзімдіктегі, Үтіртөбедегі, Әңгіратадағы секілді ескі қорымдардағы осындай пішінді құлпытастар сол кезеңдеғ ХІХ ғасырдың басында орнатылғаны белгілі. Мына Темірші әулиенің құлпытасы делінетін тас та сол дәуірдің белгісіне қатты ұқсайды. Оған қоса, танымал этнограф Қ.Тәжиев «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» жинағында «Темірші атадан бізге қалған мұра – “қоқан арба”. Қарағаш әкелу мақсатында Қоқанға барып, арба істеуді үйренеді. Өзі жасаған “қоқан арбаға” қарағашты салып, арбаны түйеге жегіп әкелген екен. Мына ағаштар содан қалған» деген дерек келтіреді. Онда, тек құлпытастың жасалған уақыты ғана емес, Темірші әулиенің де өмір сүрген уақыты ХІХ ғасырдың ішіндегі Қоқан хандығы заманы болып тұрған секілді емес пе деп күдіктене қарайды екенсің. Әулиенің нақты заманын анықтайтын кілттің бірі – осы құлпытастағы жазуда жатуы мүмкін. Оны ғылыми тұрғыда сараптау қажет.
Дегенмен, мүфтият өкілдері Темірші әулиенің ғұмыр кешкен заманы ХІІІ ғасыр деп шамалайтының жоғарыда сілтеме бердік. Әмір-Темір көрегеннің Отырарға сапары кезінде арнайы аялдағанын да аңыз қып айтады. Мүмкін, Шараф-ад-дин Йездидің «Зафар-намесінде» айтылатын Әмір-Темірдің 1365 жылы Шымкент маңында аялдайтын тұсында осы маңға да тоқтады ма екен? Дінтанушылардың Темірші атаны ХІІІ ғасырда өмір сүрді деуінің себебі, аңыз-әпсаналардың бірінде Темірші атаның Дәруіш ата (Мұхамед-Дәруіш), Субұрған ата, Қошқар ата, Гөзәл ата, Ғайып аталардың інісі, замандасы болғаны туралы айтылатын ауызша дерекке негізделуі мүмкін. Алайда, бұл нақты дерек емес, тек жанама ғана күші бар ауызша аңыз ғана ғой.
ҚАЛА МАҢЫНДАҒЫ ТЕМІРШІЛЕР РАБАТЫ
Темірші әулиенің өмір сүрген уақыты мен оның мұрасын нақтылаудың тағы бір тәсілі – археологиялық зерттеу. Олай деуімізге, бұл мекеннің маңында ескі археологиялық ескерткіш ізінің болуы себеп. Осы жерде шырақшы Фархатжан Хәкімұлының сөзінше, бұл ара ежелден Қоссарай деп аталып, Шымкент пен Түркістан арасындағы керуен жолы бойындағы керуен сарайлардың бірі болған екен. Темірші әулиенің ұстаханасы сол кіре тартқан керуендердің кәдесіне жараса, ұстахана жанындағы шайхана мен керуен сарай саудагерлердің Қарасу арығы жағасындағы саяда дамылдайтын мекені болыпты. Әрине, бұл да ауызша дерек.
Дегенмен, керуен жолы бойындағы мекен-тұрақтар бұл маңда болғаны туралы мәліметтер де ара-тұра кезігіп қалады. Шымкент қаласы маңының білгірі М.Әбдіәкімұлы «Шымкент қаласының тарихы» деген еңбегінде «Мұндай жасанды төбенің тағы бірі – қала маңынан ұзақ емес, қазіргі Темірлан тас жолы бойындағы Тұрлан шағынауданы мен Темірші әулие қорымының маңында да тұрған. Тұрландағы төбе кейінгі құрылыстар кезінде жермен-жексен болған. Ал, Темірші әулиенің қасындағы төбенің әбден шөгіп, пәсейген сұлбасы әлі де жатыр» деп нақтылап мәлімет береді (М.Әбдіәкімұлы. «Шымкент қаласының тарихы». Алматы; «Қаламгер» баспасы, 2021. 16 бет). Мұндағы сөз етіп отырған төбелер ортағасырларда өзінше маңызы болған мекенжұрттардың (средневековые поселения) орны. Ал, осы төбенің болғаны туралы тағы бір деректі сөз басынан бері сілтеме беріп келе жатқан «Түркістан облысындағы киелі жерлердің географиясы» жинағының 504-бетінде автор «Темірші атаның қазіргі шырақшысы отырған үйі орнында кезінде төбе болған. Төбені тегістеп жатқанда көптеген көне темір қалдықтары мен құмыра сынықтары шығыпты» деп дерек келтіреді. Демек, бұл маңда ортағасырдың қандай да бір елді мекеннің орны болғаны анық.
Мекенжұрт болғанын біршама анықтап алдық. Шартты түрде оның атын Фархат шырақшы айтқан Қоссарай мекенжұрты деп алайық. Енді оның жасын анықтау үшін, осы маңдағы өзге қалажұрттар мен мекенжұрттарды да бір сүзіп өткен жөн болар. «Қызмет» газетінің былтырғы қараша айындағы санында «Алуакент – Шымкент қаласы тарихының бір парасы» деп аталған мақаламыз жарық көріп еді. Сонда Қарасу су арнасы мен оның бойындағы Қосдиірмен (Байназартөбе) мекенжұрты, Алуакент қалажұртының Х-ХVІІІ ғасырларда өмір сүргенін сөз етіп едік. Бұл Темірші ата мекені де сол Қарасу арнасының етек жағында орналасқан ғой. Олай болса, бір кездері дәуірлеп тұрған Алуакент қаласының маңындағы серіктес елді мекендердің бірі – осы Қоссарай мекені болуы мүмкін. Бұл мекен осы өңірдегі негізгі орталық – Алуакенттің керек-жарағын қамтамасыз ететін ұсталар мекені, немесе рабаты қызметінде болса керек. Әдетте, ортағасырлық ірі қалалардың сыртында бірнеше рабат бөліктері орналасып, онда қолөнершілер мен ұсташылық ететін кәсіп иелері қоныстанатыны белгілі. Олай болса, Қарасу су арнасының етек жақ бетінде орын тепкен бүгінгі Темірші әулие ата кесенесі маңында Алуакент қаласын темірден жасалатын бұйымдар, қару-жарақ, кетпен-күрек, соқа-түрен, қазан-ошақ секілді керек-жарағын соғып, жонып-қайрап отыратын ұсталар мекені болды деуге негіз бар. Сан ғасырлар бойы халық санасында нәзік сақталған жіптік ұшы бүгінгі таңға Темірші әулие атымен жетіп отыруы бек мүмкін-ау.
Сонымен, Темірші әулиеге қатысты біршама еңбектерді ақтарып, жіптің бір ұшын тапқандай болдық. Алдағы уақытта бұл тақырыпты тағы да бір қаузап көрерміз. Сонау Көктүріктер кезеңінен (VII-VIIІ ғ.ғ.) сабақтай отырып, ХІІІ ғасырдағы Қарахандар қағанатын көктей өтіп, ХІХ ғасырдағы Қоқан хандығы аралығын шарлап, «теміршілік культінен» басталған әңгімеміз Темірші әулиенің сакральдік қасиетімен тоқайласты. Қазақ халқы өзінің қастерлі деп танитын мекенін қопарта қоймас, Темірші әулиенің ұстаханасы деген жерді археологтарға қаздыруға мұрсат бере қоймас. Егер, мүмкін болса, бұл мекенді кешенді зерттеуден өткізсе, біраз дүниенің беті ашылар ма еді? Осылайша, сөз басында киелі объект ретінде басталған әңгімеміз археологиялық ескерткіш кейпінде аяқталды. Қалған деректердің аршылуы алдағы уақыттың еншісі. Дейік.
Айтпақшы, Қоссарай деген жер атын Темірші әулиеге жақын жатқан Шымкенттің Ынтымақ-2 шағынауданын қайта атау арқылы айналымға ендіруге болады екен-ау. Ынтымақ-1, 2, Тұран-1, 2, Бадам-1, 2, Қайтпас-1, 2 дейтін секілді бір-бірін қайталайтын атаулардан құтылу керек қой. Көрші жатқан Тәшкеннің тарихы терең екенін көрсететін атаулар қатарында Яккасарай (Жекесарай) деген атау болса, Шымкентте Қоссарай деген атау әдемі жарасып кетеді емес пе? Бұл да Шымкенттің ономастикасына қатысы бар азаматтардың құлағына жете берсін. Дедік.
С. ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ