ШЫМКЕНТ ҚАРАУЫЛТӨБЕСІНДЕ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЖҮРІП ЖАТЫР
- Шымкент қаласы, Абай ауданы

Шымкент қаласының қазіргі Т.Рысқұлов және Д.Қонаев даңғылы қиылысында орналасқан, бұған дейін ғылыми айналымда «Патшалық оба (І-ІV ғ.ғ.)» деп аталып келген археология ескерткіші аумағында қазба жүріп жатқанын ары-бері өткенде байқап жүрген шығарсыздар. Биылғы 5-ші мамыр күні басталған зерттеу жұмыстарының қазба кезеңі бүгінгі таңда аяқталуға жақын. Алдағы уақытта табылған жәдігерлер мен басқа да заттардың фрагменттеріне толыққанды сараптама жасалып, ескерткіштің өмір сүрген уақыты нақтылана түспек.
Десе де, қазірдің өзінде ескерткіштің құрылымдарына қарай алдын-ала мерзімдеу жұмыстары атқарылған. Аумағы өте үлкен, диаметрі 60 метрден асатын ірі төбенің нендей қызмет атқарғанын білу қызық. Археолог А.Грищенконың айтуынша, бұл нысан тіпті де І-ІV ғасырлардың «Патшалық обасы» емес, Х-ХІІ ғасырлардағы Саманидтер кезеңінде қолдан үйілген Қарауылтөбе екен. Қазба барысында белгілі болып отырған қалың сылақ қабаттары соған дәлел дейді мамандар. А.Грищенконың өзі қазба басталған сәтте кездескен сылақ қабаттарын Созақтағы Ақсүмбе мұнарасы секілді қарауыл мұнарасының қабырғасы деп ойлағанын еске алды.
Бұл өңірді Саманидтер әулеті билеген заманда Сайрам мен Шымкенттің арасындағы алқаптың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаппай мұнаралар орнатып, биік қарауылтөбелер үйген екен. Бүгінде Шымкенттің оңтүстік бетіндегі, Бадам өзенінің сол жағалауындағы қыраттарда шошайып тұрған төбелер сол заманнан қалған қарауылтөбелердің тізбегі болуы мүмкін деп мамандар пікір қосты.
Айта кететін нәрсе, Шымкент қаласы өз алдына енші алғалы бір жылда бірнеше археология ескерткіштерінде қазба жүрмеген екен. Биылдың өзінде «Бозарық» индустриялық аумағында қалып қойған 3 обалар тобы мен обалар қорымында (б.з.д. V ғ. – б.з. IV ғ.), Қайнарбұлақ тұрғын алабының инфрақұрылымын салу кезінде бұзыла бастаған Шұбарсу мекенжұртында (б.з. I-IV ғғ.), енді міне Шымкент Қарауылтөбесінде (Х-ХІІ ғғ.) зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай ауқымды жұмыстар қазіргі қала басшылығының тарих және мәдениет ескерткіштері мен олардың маңызына деген көзқарасын білдірсе керек.
С. Дүйсебайұлы