ШЫМКЕНТ: ҚОҒАМДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
- Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Қазіргі таңда Шымкент қаласы аумағында құқықтық сананы көтеруді, жалған ақпараттың таралуына тосқауыл қоюды, интернет-алаяқтыққа және қаржылық пирамидаларға қарсы күресті қолдайтын, лудомания мен қоғамдағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу, сондай-ақ терроризм мен экстремизмнің қаупіне қарсы іс-қимылдар негізгі басым бағыттардың біріне айналып отырғаны белгілі. Аталған мұндай шаралар қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталып жатыр.
Шымкент қаласының Полиция департаменті және қала әкімі аппаратының терроризмге қарсы күрес жөніндегі комиссиясы қызметін қамтамасыз ету бөлімінің мамандарымен бірлесіп, көлік инфрақұрылымы объектілерінің басшыларымен жолығып, маңызды кездесу өткізіп отыр. Бас қосуда «Террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмнен қорғау» тақырыбы сөз болып, талқыланды.
Жиын барысында автомобиль көлігі саласында қызмет атқаратын мекемелердің қауіпсіздік талаптары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мамандар жарылғыш құрылғыны немесе қауіпті затты анықтауға мүмкіндік беретін белгілерді таныстырып, мұндай жағдай орын алғанда персоналдың және жауапты қызметкерлердің іс-қимыл алгоритмін пысықтады. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымы нысандарын бейнебақылау жүйелері арқылы қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығымен интеграциялау мәселелері талқыланды.
Бұл бағыттағы жұмыстар тек терроризм қаупін азайтуға ғана емес, жалпы құқықтық мәдениетті арттыруға да септігін тигізеді. Полиция департаменті жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру кездесулерін, оқыту тренингтерін және қауіпсіздік жаттығуларын ұйымдастырып келеді.
Сонымен қатар, Шымкентте жалған ақпарат пен халықтың санасын манипуляциялауға қарсы шаралар да күшейтілген. Арнайы медиа-мониторинг тобы әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ақпарат ағындарын қадағалап, жалған және арандатушылық сипаттағы хабарламаларды анықтайды. Бұл тек ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға да ықпал етеді.
Қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтыққа қарсы күрес – тағы бір маңызды бағыт. Құқық қорғау органдары күдікті инвестициялық жобаларды дер кезінде анықтап, азаматтарға қаржылық қауіпсіздік бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Ал, жәбірленушілерге тегін құқықтық кеңес беріледі.
Жастар арасында лудомания мен суицидтік тәуекелдің алдын алу да өзекті мәселе болып отыр. Білім беру мекемелерінде психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен арнайы кездесулер өткізіліп, психологиялық қолдау бағдарламалары енгізілуде. Бұл шаралар жас буынның өмірлік дағдыларын қалыптастыруға, саналы таңдау жасауына және қиындықтармен күресе алуына көмектеседі.
Осы кешенді іс-шаралардың барлығы Шымкент қаласының тұрғындары үшін қолайлы, әрі қауіпсіз, тұрақты және құқықтық орта қалыптастыруға бағытталып отыр. Қоғам мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы – осы бағыттағы табыстың негізгі кепілі шығар. Алдағы уақытта да мұндай іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табатыны анық.